Оқиға • 26 Ақпан, 2025

Перизат Қайраттың «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры жабылады

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Әділет министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Перизат Қайраттың «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры жабылады

Фото: Коллаж: Qaz365.kz

«Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігі 2021 жылдың 11 қазанында Астана қаласындағы әділет департаментінде тіркелген.

«Осы жылдың 14 ақпанында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жоғарыда аталған ұйымның мемлекеттік тіркеуін жарамсыз деп танып, мәжбүрлеп таратуды көздейтін талап-арыз берілді», деп хабарлады Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның хабарлауынша, сот талабын беруге Қаржылық мониторинг агенттігінің «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тіркеуді жою рәсіміне бастамашылық жасау туралы хаты негіз болған.

«Себебі бірлестік құру кезінде жойылмайтын сипаттағы, яғни сот шешімі бойынша заңды тұлғаны таратуға негіз болатын заңнамалық бұзушылықтарға жол берілген», делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Перизат Қайрат көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін, сондай-ақ Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді.