Кәсіпқой бокс • 26 Ақпан, 2025

Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегіне билеттер қашан сатылымға шығады

217 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жәнібек Әлімханұлы 5 сәуір күні Астанада франциялық Анауэль Нгамиссенге қарсы екі бірдей титулын қорғап, тарихи жекпе-жек өткізеді, деп жазады Egemen.kz.

Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегіне билеттер қашан сатылымға шығады

Бүгін елордада баспасөз мәслихаты өтті. Оған Qazaq style командасы мен Жәнібек Әлімханұлы, кәсіби бокс кешін елордада ұйымдастырушылар қатысты.

5 сәуір күні Астанадағы «Барыс аренада» өтетін маңызды жекпе-жекте Жәнібек Әлімханұлынан бөлек Сұлтан Зәуірбек, екі дүркін  Олимпиада чемпионы, өзбек боксшысы Баходир Жалолов, Батыр Жүкембаев, ағайынды Сабырхандар мен бірнеше шетелдік былғары қолғап шеберлері кәсіби рингке шығады деп жоспарланып отыр. Олардың қарсыласы кім болатыны алдағы уақытта жарияланады.

«6 жылдан бері мұхиттың арғы жағында талай БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп жүрміз, өз Отанымызда емен-жарқын әңгіме айтудың сәті түскені қуантып отыр. Жәнібек Әлімханұлына жекпе-жегін Астанада өткізу туралы ұсыныс жасаған Nomad  проумоушнынына рақмет. Жәнібектің рингтегі қимылын, жұдырық күшін көзбен көріп сезінуге шақырамын», деді Берік Сұлтан.

15 жекпе-жектің 13-нен кейін әлем чемпионы атанған Жәнібек Әлімханұлы алдағы жоспарларымен бөлісіп, елдегі жұдырықтасудың жауапкершілік жүгі де жеңіл болмайтынын атап өтті.

«8 жылдан кейін Қазақстанда титулдарымды қорғамақпын. Әр жекпе - жек алдында жауапкершілікті сезінеміз. Өз жанкүйерлеріміздің алдында ол еселенеді. Қазіргі басты мақсатымыз 4 белбеуді де иелену. Одан кейін басқа салмаққа ауысу туралы ойланып, әлемдік деңгейде бокс көрсету жолын жалғастырамыз», деді Жәнібек Әлімханұлы.

Жекпе- жек өтетін Барыс арена спорт кешені бір мезетте 11 500 адамды қабылдай алады. Ал бокс кешінің билеттері 5 наурыз күні сатылымға шығады. Қазірдің өзінде билет алуға тапсырыс берушілер саны 1000-нан асып кеткен. Nomad промоушен басшысы билет бағасы 15000 теңгеден басталуы мүмкін екенін жеткізді.