
БҰҰ жанында АИТВ, ЖИТС бойынша біріккен бағдарламаны іске асыратын ұйым бар, ол ЮНЭЙДС деп аталады. Осы ұйым 40 жылдан астам уақыт ішінде медициналық қызметтерге қол жеткізу жеңілдегеніне қарамастан, қоғам стигма (таңба басу), кемсіту, криминализация, қаржыландыруды қысқарту және саяси қысым сияқты көптеген қиындықтарға әлі де тап болып отырғанын мәлімдейді.
Сондықтан Кемсітушілікке қарсы күрес күнінде ұйым үкіметтерді, донорларды және серіктестерді өз міндеттемелерін орындауға және қоғамдастықтарға қолдау көрсетуге шақырады.
«Стигма, яғни ауру жұқтырған адамның кемшілігін бетіне шіркеу қылып басу – АИТВ-инфекциясының 4-ші сатысына өту қаупінің өсуіне әкеледі. Медициналық көмекпен қамтамасыз ету деңгейін, сондай-ақ білімге, жұмысқа орналасу қолжетімділігін шектейді. Сол себепті қоғам кемсітушіліктің салдары ауыр болатынына назар аударуы қажет», дейді Шымкент қаласы ЖИТС орталығының бас дәрігері Б.Сырбек.
Дәрігердің айтуынша әр адамның құқығын қорғау – ортақ міндет. Кемсітушілікті тоқтатуға әрқайсымыздың күш-жігеріміз бар. Осы орайда, жоғарыда атап өткеніміздей, Шымкент қаласының ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы 1 наурыз – кемсітушілік күніне байланысты іс-шараларды қолға алды. Ол АИТВ-инфекциясы мәселелері бойынша білім деңгейін арттыруға, ақпараттық-танымдық түсінікті кеңейтуге бағытталған.
Маманның мәлімдеуінше қалай болғанда да АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты кемсітушілікке жол бермеуіміз керек. Адамның денсаулығы қалай қорғалса, оның еркі мен құқығы да солай қорғалуы қажет.
ШЫМКЕНТ