Саясат • 27 Ақпан, 2025

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту кезеңі

278 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл – Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) құрылғанына 80 жыл. Осыған орай сарапшылар Президент орталығының пікірталас алаңында БҰҰ-дағы Қазақстанның рөлі мен мультилатерализмнің болашағы жөнінде ой бөлісті.

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту кезеңі

Аталған іс-шараға БҰҰ-ның, дип­­ломатиялық корпустың, мем­лекеттік органдардың, ғылыми топ­тардың өкілдері қатысты. Ұйым­дас­тырушылардың айтуынша, бұл талқылау негізінен 2024 жылы өткен Болашақ саммитінің қорытынды құжат­тарында, оның ішінде болашақ Пактінде, Жаһандық цифрлық шартта және Болашақ ұрпақтар туралы декларацияда бекітілген міндеттемелерді іске асыруда маңызды қадам болды. Өйткені мұндай бастамалар жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға және қазіргі сын-қатерлерді шешуде БҰҰ қызметінің тиімділігін арттыруға бағыт­талған.

«Қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлер жағдайында халықаралық ын­тымақтастық тұрақтылық пен ор­нықты дамуды қамтамасыз етудің негізгі құралы болып қала береді. Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылықты ілге­рілетудегі көшбасшылығын дәйекті түрде көрсетіп келеді. Ал қазіргі пікірталас болашақтың ортақ көрінісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жаһандық проблемалар жаһандық шешімдерді талап етеді. Биыл елдің ұлттық ерекшеліктерін ескеріп және ортақ мақсаттарға жету үшін ұжымдық жауапкершілікті нығайта отырып, трансформациялық өзгерістерді жеделдетуге мүмкіндік беретін болашақ үшін Пактіні іске асыруға ден қойдық», деді БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы Стивен О'Малли.

«Болашақ үшін пактінің» қорытын­ды құжаты Нью-Йоркте БҰҰ-ның Бо­лашақ Бас Ассамблеясының самми­тінде мақұлданды. Құжат дауыс беру­сіз, консенсуспен қабылданды. 42-парақты «Болашақ үшін пактінде» жаһан­дық проблемалар, соның ішінде әскери қақтығыстар мен БҰҰ мен жаһандық институттарды реформалау жөніндегі елдердің ұсыныстары қамтылған. Онда «Тұрақты даму және дамуды қаржыландыру»; «Халықаралық бейбітшілік және қауіпсіздік»; «Ғылым, технология, инновация және цифрлық ынтымақтастық»; «Жастар және болашақ ұрпақ» секілді бөлімдер бар. Ал Болашақ ұрпақ туралы декларация жастарды ұлттық және халықаралық деңгейде шешім қабылдау үдерісіне тартуды көздейді. Бұған жақында құрылған БҰҰ Жастар бюросы ықпал етеді. Сондай-ақ Жаһандық сандық шарт жастар арасында цифрлық сауаттылықты дамытуға, инновациялар мен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Осы бастамаларды тиімді іске асыруға Цифрлық және озық технологиялар жөніндегі БҰҰ бюросы құрылды. Ол цифрлық трансформация үдерісінде мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіреді.

Ал Президент орталығының директоры Бақытжан Темірболат қазіргі заманғы проблемалардың көпжоспарлы сипаты әлемдік қоғамдастықты тұрақты дамуға қол жеткізу, болашақ ұрпақтың игілігі мүддесінде әлемдегі жалпы қауіпсіздік пен әділет деңгейін арттыру үшін бірлесіп жаңа шешімдер іздеуге мәжбүрлейтінін айтты.

«Мұндай жағдайда көпжақты күш-жігерге, ең алдымен биыл 80 жылдығын атап өтетін БҰҰ форматына ерекше үміт артылады. Қазақстан өз тарапынан БҰҰ қызметін толық қолдай отырып, оның Қауіпсіздік кеңесіндегі орта державалар мен барлық дамушы елдің рөлін күшейтудің маңыздылығын мәлімдейді. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы», деді ол.

Сонымен қатар қатысушылар кли­мат­тың өзгеруі, цифрлық басқару және жаһандық қауіпсіздік сияқты өзекті мәселелердің шешімі де халықаралық ынтымақтастықта жатқанын айтады. Негізі еліміз 1992 жылы БҰҰ-ға кір­геннен бері ядролық қарусыздану, ай­мақтық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың белсенді қолдаушысы болып келеді. Бұл іс-шара еліміздің БҰҰ жұмы­сына қосқан үлесі мен одан әрі өзара іс-қимыл болашағын талқылау алаңына айналды.

«Экономикалық дағдарыстар, пандемия, өңірлік қақтығыстар және игіліктер мен байлықтың әділетсіз бөлінуі сияқты сын-қатерлерге қарамастан, көпжақты тәсіл – бұрынғысынша халық­аралық қоғамдастықтағы ықтимал бытыраң­қылыққа қарсы күшті құрал. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біріккен Ұлттар Ұйымы жаһандық ынтымақтастық пен прогрестің іргетасы қызметін атқаратын баламасы жоқ жалғыз әмбебап құрылым болып қала беретінін» атап өтті», деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин.

Сондай-ақ іс-шарада Бразилияның Қазақстандағы елшісі Марсель Фортуна Биато, Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу, «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры Ботагөз Рақышева, Президент жанындағы ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен де еліміздің БҰҰ-ға мүшелігі мен оның көпжақтылыққа қосқан үлесін атап өтті.