Әсіресе, жаңадан құрылған ықшамаудандарда тал-терек отырғызу, балаларға арналған ойын алаңдарын салып, тұрғындар үшін жайлы да ыңғайлы орындарға айналдыру кезек күттірмейтін іс. Қала әкімі Азамат Бекет абаттандыруға ықылас білдірген кәсіпорын басшыларымен кездесуде аллеялар мен шағын саябақтарды ретке келтіруді тамыз айына дейін аяқтауды тапсырды.
«Кәсіпкерлер он бір аумақты абаттандыруға кіріспекші. Жанашырлық танытқан азаматтарға шексіз алғысымызды білдіре отырып, біз олардан скверлер мен шағын саябақтарды көгалдандырып, суару жүйесін құрып, түнгі жарықтандыру шамдарын, орындықтар, қоқыс жәшіктерін орнатып, тақтайшалар төсеп, түрлі сәулеттік мазмұнда безендіруді ұсынамыз. Скверлер сәнді әрі тұрғындарға жайлы болғаны жөн», деді ол.
Қаланың «Алтын Орда» ықшамауданы «Мәңгілік ел» көшесіндегі бос жатқан алаңқайға өткен жыл қарағай көшеттері отырғызылса да, күтімсіздігі көрініп тұр.
Бұл жерді ретке келтіруді «Зерде Керамика Ақтөбе» ЖШС-і мойнына алса, Мәншүк Мәметова көшесі бойындағы қараусыз алаңқайды «Әлихан Ойл 3» ЖШС-і, ал Есет батыр тұрғын үй алабындағы мектеп пен көпқабатты үйлер арасындағы бос аумақты «Анвар» сауда желісі қалыпқа келтірмекші.
Ақтөбе облысы