
Дәл осы күндері Елордамызда құрсақішілік күрделі операцияларды жасау мақсатында таңдалған UMC клиникасының «Ана мен бала орталығының» Феталды медицина бөлімшесі барлық заманауи технологиялармен жабдықталып, дәрігерлердің білімі жетілдіріліп жатыр. Оған қоса Gasenergy АЖҚС желісінің қаржылай қолдауымен бөлімшеде заманауи лазер орнатылып, фетоскоптар жиынтығы берілді.
«Қазақстанда феталды хирургияны дамыту – бұл болашақ ұрпақтың денсаулығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Озық технологиялармен жабдықтап, мамандарымыздың біліктілігін арттырудың арқасында біз болашақ аналар мен олардың құрсағындағы шараналарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете аламыз. Енді жүкті әйелдер құрсақішілік оталарға бірден өз еліндегі екі орталықта қол жеткізеді, бұл медициналық көмектің сапасын арттырып қана қоймай, елдің отандық денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтады», дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.
Қазақстанда феталды хирургияны дамытуға бағытталған жобаны UMC-пен жасалған ынтымақтастық туралы мәміле аясында AYALA Қайырымдылық қоры жүзеге асырып отыр.
«Біз бұған дейін де, 2023 жылы UMC-те AYALA қорымен бірге Неонаталды офтальмология бөлімін лазермен жабдықтаған едік, ол дәрігерлерге 303 нәрестені соқырлықтан құтқаруға көмектесті. Жаңа жобамыз да осындай табысты болып, талай отбасында дені сау сәбилердің тууына септесетінінен үміттенеміз», дейді Gasenergy АЖҚС желісінің операциялық директоры Омар Мустафин.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген дәрігерлерді оқыту бағдарламасын жүргізуге қаржылай демеу көрсетіп келе жатқан «Шеврон» компаниясының еуразиялық бөлімшесінің әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Лейла Айтмұханова: «AYALA қорымен көп жылдан бері ынтымақтаса отырып, қол жеткізген нәтижелерді мақтан тұтамыз. Біз озық медициналық технологиялар мен дәрігерлерге арналған кешенді оқыту бағдарламаларына инвестиция сала отырып, Қазақстандағы феталды хирургияның сапасын арттыруға ұмтыламыз. Бұл жоба жергілікті деңгейде аса көкейкесті, отбасыларға шетелден шипа іздемей, үздік медициналық қызметтерді өз елімізден табуда маңызды қадам болды», дейді.
Назарбаев Университетінің медицина жөніндегі вице-президенті және Медицина мектебінің деканы Массимо Пиньятеллидің айтуынша, UMC клиникасының «Ана мен бала орталығы» болашақ аналарды тереңдетілген пренаталдық диагностикалау мен одан әрі жүргізудің барлық мүмкіндіктеріне ие.
«Әрбір болашақ ана нені армандайды? Әрине, дені сау баланың өмірге келуін. Осы армандардың жүзеге асуы үшін біз отандық дәрігерлердің ұрық дамуының ең күрделі кемістіктерін сараптамалық диагностикалаудағы білімдерін жетілдіру үшін шетелдік жетекші практик дәрігерлерді шақырамыз. УДЗ-дәрігерлер мен акушер-гинекологтар бірінші болып скринингтік тексерулерде ұрықтың дамуындағы кемістіктерді көреді. Және олар асқынған көп ұрықты жүктілігі бар әйелдердегі патологияларды құрсақ ішінде түзету үшін жедел жібере алады. Мұндай жағдайда бұрын отбасылар операцияға шетелге шығу үшін миллиондаған қаражат іздеуге мәжбүр болатын. Қазақстанда феталды хирургияның дамуымен білікті хирургиялық көмекті Астана мен Алматыда алуға болады. Бұл денсаулық сақтау жүйеміз үшін де, сәбидің өмірге келуін тағатсыздана күтетін әрбір отбасы үшін де жақсы жаңалық», дейді AYALA Қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.