
Фото:Үкіметтің баспасөз қызметі
Кездесу барысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Банк республикадағы жобаларға шамамен $1,4 млрд бөлген.
«Жалпы алғанда, соңғы 3 жылда Банктің елге салған инвестициялар көлемі $3,6 млрд-ты құрады. Осылайша, Қазақстандағы жобалар үлесі банк портфелінде маңызды орын алуын жалғастырып жатыр», делінген хабарламада.
Николай Подгузов 2025 жылы Банк цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізуге баса назар аудара отырып, энергетика, көлік және өнеркәсіп салаларындағы негізгі стратегиялық жобаларды қаржыландыруды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.
Сонымен қатар биыл ЕАДБ Қазақстанның Орталық және Шығыс өңіріндегі ЖЭО-ны кеңейту және жаңғырту, полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы, қуаты 545 МВт «Алтын Дала» күн электр стансасын салу сияқты әлеуметтік маңызы бар жобаларға инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Премьер-министр Қазақстанның, әсіресе энергетика, инженерлік және коммуналдық инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.
«Еуразиялық даму банкі – Қазақстанның маңызды серіктесі. Өткен жылы экономикамызға тартылған инвестиция көлемі шамамен 40%-ға артты. Банктің Қазақстандағы несие портфелі жалпы көлемнің 63,4%-ына дейін өсті. Біз Банкпен өзара тиімді шарттарда ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз. Сондай-ақ біз өзара іс-қимылдың дәстүрлі және жаңа бағыттарының әлеуетін ашуға ниеттіміз», деді Олжас Бектенов.