Әлем • 27 Ақпан, 2025

Жапонияда орман өртенді

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ивате префектурасының Офунато қаласындағы орман өртінен 80-нен астам үй өртеніп, 2 мыңға жуық тұрғын эвакуацияланды, деп хабарлайды Egemen.kz Kyodo News агенттігіне сілтеме жасап.

Жапонияда орман өртенді

Фото: sputniknews.ru

Айта кетейік, бұл өңірде шамамен бір апта ішінде болған үшінші өрт. Жергілікті биліктің хабарлауынша, сәрсенбіде тұтанған өрт 600 гектар жерді шарпыған. Өртті сөндіру жұмыстары түні бойы жалғасқан. Бейсенбі күні таңертең өртті ауадан сөндіру үшін өзін-өзі қорғау күштерінің тікұшақтары жұмылдырылған.

Оқиға орнында өртенген дене табылған, полиция оның өртпен байланысты екендігін анықтап жатыр.

«Сонымен қатар Премьер-министрдің офисінде үйлестіру штабы құрылған. Үкімет хатшысы Ёсимаса Хаяси орталық үкімет жергілікті билікпен «қажетті қолдау көрсету үшін тығыз ынтымақтаса» жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бейсенбі күні Офунато қаласында мектептер мен балабақшалар жабылды, 500 үй жарықсыз қалды. Сонымен қатар, қаладағы теміржол желісінің бір бөлігі бойынша қозғалыс тоқтатылды», делінген хабарламада.

19 ақпанда Офунато қаласында тұтанған орман дүйсенбі күні таңертең сөндірілген. Екінші өрт сейсенбі күні көршілес Рикудзентаката қаласында болып, сәрсенбі күні оқшауланған.

Алайда соңғы өрт бірінші орынға жақын жерде болғанымен, жергілікті билік екеуінің бір-бірімен байланысы бар-жоғына әлі сенімді емес екенін мәлімдеген.