Аймақтар • 27 Ақпан, 2025

Ақтөбе облысында су тасқыны қаупі жоғары

106 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазгидрометтің мәліметіне қарағанда,  Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би, Мұғалжар, Қарғалы, Мәртөк, Қобда аудандарында жердегі тоңның қатуы  өткен жылғыдан екі есе жоғары  болғандықтан, өңірде көктемгі су тасқыны қаупі жоғары. Осы мәселе төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі  облыстық штабтың кезектен тыс отырысында талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

Ақтөбе облысында су тасқыны қаупі жоғары

Ақтөбе қаласында Елек және Қарғалы өзендері жағасында орналасқан 60 бау-бақша ұжымының тұрғын үйлерін су басу қаупі бар. Егер былтырғыдай қар тез еріп,  су өзен арналарынан асып, тұрғындарға қауіп төндірер болса,  адамдарды  уақытша орналастыруға 6 эвакуациялық орталық дайындалды. Бұл күндері   Песчанка өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жүріп жатыр.

Былтырғы жағдай биыл қайталанбауы үшін өзен сеңдерін бұзу жұмыстары наурыздың алғашқы күндері  басталады. ТЖД қызметкерлері Ақтөбе қаласы, Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Ойыл, Хромтау аудандарында далалық өзендерге   жарылыс  жұмыстарын жүргізеді. Бұл еріген қар суымен қосылған өзен мұздарының кедергісіз өтіп кетуіне ықпал етеді. Сондай-ақ алдағы аптада арықтар мен каналдар,  бөгеттер, тасжолдардағы су өткелдерін қар мен мұздан, қоқыстан тазарту жұмыстары басталады.