
Фото: Үкімет
Қуаты 3 млн тонна болат өндіретін металлургия жобасын қытайлық инвесторлар $1,2 млрд-қа бағалап отыр, жоба шеңберінде 2,5 мың жұмыс орны ашылады. Құрылыс 2025 жылдың сәуір айында басталады деп жоспарланған.
Үкіметтің мәліметінше, инвестордың жоспарына сәйкес, 2027 жылы басталатын бірінші кезеңде өндіріс қуаты 1 млн тонна болатты құраса, ал инвестиция көлемі 160,2 млрд теңгеге жетеді. 2029 жылға қарай өнім шығару 3 млн тоннаға дейін артып, қосымша инвестиция көлемі 312,8 млрд теңге болмақ. Өндіріске қазақстандық шикізат: Қарағанды, Қостанай және Ұлытау облыстарында өндірілетін табиғи газ және темір рудалары, сондай-ақ әктас пайдаланылады. Нәтижесінде, кәсіпорында катанка, арматура, құбыр өндірісіне арналған жолақты болат, сондай-ақ бұрышты және профилді болат сияқты өнімдердің кең ауқымын шығару жоспарланып отыр. Жобаны іске асырудың екінші кезеңі аясында металлургия зауытының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қуаты 350 МВт газ турбиналы электр стансасын салу жоспарланған, оған инвестор 201,3 млрд теңге қаржы бөледі.
Fujian Hengwang Investment Co Ltd компаниясының басқарма төрағасы Цзэн Чжаоцянь кәсіпорында темірді тікелей қалпына келтіру технологиясы (DRI) енгізілетінін, бұл оның өнімдегі жоғары құрамын – 90%-дан астамды қамтамасыз ететінін және қазақстандық металлургияның бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын баса айтты.
Премьер-министр Олжас Бектенов аталған жоба отандық металлургияны дамытуға, өндіріс қуатын арттыруға және еліміздің экспорттық әлеуетін кеңейтуге маңызды қадам болатынын атап өтті.
«Жобаның біз үшін маңызы зор. Бұл – еліміздің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашатын маңызды бағыт. Инвестициялық жобаларды жедел іске асыру үшін Қазақстан Үкіметі жанынан Инвестициялық штаб жұмыс істейді. Үкімет сіздің жоспарларыңызды толығымен қолдайды және оларды жүзеге асыру үшін тиісті қолдау көрсетеді», деді Олжас Бектенов.