Үкімет • 28 Ақпан, 2025

Резервтегі әскери қызмет туралы заң мақұлданды

108 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында сенаторлар резервтегі әскери қызмет туралы заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Жиында өзге де заң жобалары пысықталып, депутаттар сауал жолдады.

Резервтегі әскери қызмет туралы заң мақұлданды

Қарулы күштердің әлеуеті артады

Заң арқылы азаматтардың резервтегі әскери қызмет өткеру мерзімі мен тәртібі, олардың құқықтары мен міндеттері және қойы­латын талаптар мен шектеулер бел­гіл­енеді. Нақты айтқанда, арнаулы мем­лекеттік және құқық қорғау органдарын­да қызмет өткеретін, вахталық әдіс­пен не ауысымдық жұмыста істейтін азамат­тар резервтегі әскери қызметке қабыл­дан­байды. Бұған қоса заңда әскери қызметші­лерге 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағайындалған еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін жыл сайын­ғы индекстеу жөніндегі нормалар қарас­ты­рыл­ған. Сондай-ақ жеткілікті еңбек сіңірген жыл­дары бар күштік құрылымдардың қыз­мет­керлеріне келісімшарт мерзімі өткен­нен кейін зейнетақы төлемдері беріледі.

Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың сөзіне қарағанда, егер резервтік әскери қызметтегілер жаттығулар кезінде жарақат алып, тіпті мүгедек болып қалса, оларға өтемақы мемлекетімізде бар нормалар бойынша төленеді. Ал әскери қызметшілер, офицерлер осындай жағдайға тап болса, оларға төленетін төлемақы басқа жүйемен жүргізіледі.

Сенат төрағасы осы мәселеге баса мән беріп, бұл бағытты әлі де пысықтау қажет екенін айтты.

– Егер резервистер әскери жаттығулар, яғни 60 күннің немесе ай сайын баратын екі-үш күннің ішінде жарақат алса, оларға өтемақылар неге әскери қызметшілерге төленетін төлем деңгейімен берілмейді? Олар өз үйінде емес, жұмысында емес, сол әскери жаттығулар кезінде жарақат алса, логика қайда? Сондықтан осы мәселені тағы да пысықтау керек. Заң қабылданып, әрі қарай іске асырыла бастағанда, болған жағдайлардың бәрін назарға алып, мұқият зерделеу қажет. Әрине, офицерлер ондай жағдайларға жеткізбеуге тиіс. Соған сенеміз. Өйткені әскерде мүгедек болып қалатындай ауыр жарақат алу – нағыз төтенше жағдай. Дегенмен өмір болған соң әртүрлі жағдай орын алуы мүмкін. Сол себепті бәрін ескеруіміз керек. Себебі бұл – әлеуметтік маңызы зор мәселе», – деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энер­гетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қам­тамасыз ету жөніндегі шаралар тура­лы келісімді ратификациялау тура­лы» заңды қарап, мақұлдады. Келісімді рати­фикациялау Қазақстан мен Ресейдің энер­гети­калық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қам­тамасыз етуге, электр энергетикасы сала­сын­дағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және Қазақстанның энер­ге­тикалық жүйелеріндегі реттеуші қуаттардың тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

 

Бітімгершілік шығындарды БҰҰ өтейді

Сондай-ақ Сенат депутаттары «Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлу­ді бақылау жөнін­дегі күштері­не (UNDOF) ресурс ұсына­тын Қазақстан Республикасы­ның Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара түсініс­тік туралы меморандумды ратификациялау туралы» және «2024 жылғы 14 ақпандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға хаттар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.

Талқылау кезінде атап өтіл­ген­дей, бұл келісімдерді рати­фи­кациялау Қазақстан­ға БҰҰ-ның тұрақты әрі сенімді серіктесі ретінде халықаралық бітімгер­шілік миссиясына қосылуға, оған өз үлесін қосуға жол аша­ды. Меморандумдар еліміз­дің бітімгершілік қызметі­нің құқықтық және ұйымдастыру­шылық негіздерін белгілейді, персоналды, техникалық және мате­риалдық қамтамасыз ету тәрті­бін, сондай-ақ қаржыландыру мен шы­ғындарды өтеу тетігін айқындайды. Құжаттарда UNDOF құра­мындағы отандық әскери қызмет­шілердің мәртебесі, олар­дың тәртіптік және қылмыс­тық жауапкершілігі мен міндеттеме­лердің орындалуын бақылау шаралары көрсетілген. Меморандум аясында БҰҰ еліміздің миссияға қаты­суына байланысты шығыс­тарды өтеуге міндеттеме алады.

Отырыс кезінде сенаторлар өзекті мәселелерге қатысты депу­таттық сауалдарын да жолдады.

 

Гидротехникалық нысандар – апатты жағдайда

Депутат Андрей Лукин көктемгі су тасқыны маусымының жа­қын­дағанын Үкіметтің есіне салып, елдегі гидротех­никалық нысандардың апатты жағдайда екенін айтты. Депутаттың мәлімдеуінше, гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және жөндеу саласында көптеген заң бұзу деректері анықталып отыр. Елді мекендерді сел мен су тасқынынан қорғауға арналған нысандар тиісті бақылаудан тыс қалған. Тексерулер тек атүсті жүргізіледі, ал жөндеу жұмыс­тары кейінге шегеріледі.

– Гидротехникалық құрылыс­тарды тексеру жұмыстары тек қағаз жүзінде бар. Кейінгі үш жыл­да жоспарға 729 нысан енгізіл­г­енімен, іс жүзінде бұл жұмыс орын­далмаған. Мысалы, 2021 жылы Үлкен Алматы өзенінің бассейнін тексеру бойынша екі акт жасалды, алайда олардың ара­сын­дағы айырмашылық бір ай, бірақ екі жағ­дайда да бірдей фотоматериалдар тір­кеуге алынған. Мұндай жағдайлар Ақсай өзе­нін­дегі қорғаныс бөгеті мен Кіші Алматы өзені­нің арнасын тұрақтандыру жұмыс­тары­нан да көрініс тапқан, – деді сенатор.

Жаңа нысандарды жобалау мен салу барысында да заң бұзу деректері анықталған. Үлкен Алматы өзенінің бассейніндегі сел бөгетін салу кезінде аймақтағы тектоникалық жарықтардың бар екені ескерілмеген. Сейсмикалық қауіпті аймақта құрылыс салуға мүлде жол берілмеуі керек. Соны­мен қатар бас мердігер жұмыс­тардың 95 пайызын қосалқы мердігерге берген, бұл заңнамаға қайшы. Тексеру нәтижесінде жоба бойынша орындалмаған жұмыстардың құны 2,2 млрд теңгені құрағаны анықталған.

– Тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен барлық гидротех­ника­лық құрылыстардың жағ­дайына толық тексеру жүргізілуі керек. Сондай-ақ апатты нысандарды же­дел жөндеу жоспарын әзірлеп, қаржы­лан­дыру­ды қамтамасыз ету, табиғи апаттар­дың алдын алу және салдарын жою жөнінде мем­лекеттік бағдарламалардың орын­далуы­на бақылауды күшей­ту қажет. Бұған қоса жо­балау және құрылыс кезіндегі заң бұзу дерек­­терін мұқият зерттеп, лауа­зым­ды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру қажет, – деді А.Лукин.

 

Әскери білім жүйесіне реформа қажет

Ал сенатор Дархан Қыдырәлі халық­ара­лық стандарттармен салыстыр­ғанда отандық әскери білім жүйесі ескір­генін мәлімдеді. Оның айтуынша, еліміздегі әске­ри білім беру жүйесіне ауқымды рефор­малар қажет. Оқу орындарын әлем­дік стандарттарға сәйкестендіру туралы Пре­­зиденттің тапсырмасы бар, десе де ма­те­риал­дық-техникалық база әлі де ескірген қал­пында қалып отыр, практикалық дайын­дық деңгейі тіпті төмен.

Сенатордың мәлімдемесіне сәйкес, елі­міздің 51 жоғары оқу орны алғашқы әскери дайындық пәні бойынша оқытушылар даяр­лау лицензиясына ие. Алайда олардың 41-інде ғана әскери кафедра бар. Ол кафедраларда оқи­тын студенттердің жартысына жуығы ақылы негізде білім алады, бұл олардың дайындығының тиімділігіне күмән тудырып отыр. Сонымен қатар бірыңғай әдістемелік база жоқ, заманауи оқулықтар жетіспейді, ал оқу бағдарламаларында әлі күнге дейін көнерген кезеңдегі тактика пайдаланылады.

– Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгеріс болып жатыр. «Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері басқа, әсіресе, гибридті соғыс түрлері кең таралып жатыр. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін» деген Президент жоғары технологияны меңгерген кәсіби әскер даярлауды тапсырған еді. Сондықтан әскери ЖОО мен қорғаныс саласына ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары мен заманауи технологияны жетік меңгерген ұлттық рухтағы кәсіби мамандарды көптеп тарту маңызды, – деді Д.Қыдырәлі.

 

Ауылдар ауызсуға зәру

Депутат Руслан Рүстемов Қызылорда облысындағы экологиялық ахуалы қолайсыз аудандарды ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты түйткілдерге тоқталды.

2025 жылдың соңына дейін ел халқы 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етілуі қажет. Бұл – Президент тапсырмасы. Ал Қызылорда облысындағы 23 ауылда әлі күнге дейін орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Шамамен 6 мың тұрғын тасымалданатын су мен шахта құдықтарын пайдалануға мәжбүр. Бұл олардың өмір сүру сапасы мен денсаулығына кері әсер тигізіп жатыр. Сенатордың айтуынша, Арал ауданына қарасты Ақбасты, Тоқабай және Абай ауылдарын топтық су құбырына қосу жобаларын іске асыруға қажетті 8,1 млрд теңгенің 2,4 млрд теңгесі ғана бөлінген. Дәл осындай жағдай Ақбасты ауылында да орын алған және су сорғы стансалары мен су қоймаларын аяқтауға қаржы жетіспейді. Сонымен қатар облыстағы тағы алты ауылды сумен қамтамасыз етуге қаржы қажет.

– Республикалық бюджетті нақтылау кезінде Арал ауданының Ақбасты, Тоқабай, Абай елді мекендерінде ауызсумен қамту жұмыстарын аяқтауға, осы ауданның Ерімбетжаға, Тастүбек, Қазалы ауданының Шәкен, Шилі, Шитүбек, Сарбұлақ елді мекендерін ауызсумен қамту жобаларына барлығы 8,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлуге ықпал жасауыңызды сұраймыз. Аталған жобаларды жүзеге асыру тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беріп, халықтың денсаулығына оң әсерін тигізетіні сөзсіз, – деді Р.Рүстемов.