Қоғам • 28 Ақпан, 2025

Үздік бастауыш ұйымдар анықталды

84 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алғыс айту күні және Партия күні қарсаңында «Amanat» партиясында үздік бас­тауыш партия ұйымы мен үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі байқауы қорытындыланды. Іс-шараға бейнеконференция арқылы еліміздің барлық өңірінен 3 700 бастауыш партия ұйымы мен 225 қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері қатысты.

Үздік бастауыш ұйымдар анықталды

Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов бастауыш партия ұйымдары партияның негізгі тірегі екенін атап өтті. Олар партияның қоғамдағы беделін қалыптастырады. Халық сұранысына алғашқылардың бірі болып үн қатып, әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі, партиялық жобаларға белсенді қатысып, мемлекеттік бас­тамаларды түсіндіру жұмысын жүргізеді. Ал партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп түсетін өтініштер саны жыл санап артып келеді. Бұл азаматтардың «Amanat» партиясына деген жоғары сенімінің жарқын көрінісі.

– Біздің партия Мемлекет басшысының стратегиялық бағытын белсенді жүзеге асырып, нақты істер арқылы Президенттің нағыз қоғамдық тірегі екенін күн сайын дәлелдеп келеді. Елімізде жүргізіліп жатқан реформалар партиялық жүйенің дамуына серпін беріп, саяси бәсекелестікті күшейте түсті. Жаңа жағдайда «Amanat» партиясы барлық билік деңгейінде өз көшбасшылығын сәтті сақтап келеді. Бұған бастауыш партия ұйымдары орасан үлес қосып отыр. Біздің белсенділеріміз еліміздің барлық аумағында ортақ мақсат пен игі іс жолында күндіз-түні жұмыс істеп келеді. Олар – партияның негізгі қозғаушы күші әрі алдағы жеңістерінің кепілі, – деді ол.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов азаматтардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған партиялық жобалардың жоғары сұранысқа ие екенін атап өтті. Президент «Ауыл аманаты» және «Қарызсыз қоғам» жобаларын жоғары бағалады. Қоғам тарапынан үлкен қолдау тапты. Бұл жобалар ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға және азаматтардың қаржылық сауа­тын арттыруға көмектеседі. «Жер аманаты» жобасы пайдаланылмай жатқан 12 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтаруға мүмкіндік берді. Ал партияның жаңа «Цифрлық қоғам» жобасы азаматтардың цифрлық сауатын арттыруға және оларды интернет-алаяқтардан қорғауға бағытталған.

Сонымен қатар партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы жүйелі жүзеге асырылып, халықтың тұрмысын жақсар­тып жатыр. Бұл – «Amanat» партиясы мен Үкімет атқарып жатқан жұмыстың негізгі басым­дық­тарының бірі. Сайлауалды уәделерді орындау аясында 400 мыңнан аса жас азамат жұмысқа орналастырылды, жоғары оқу орындарындағы студенттердің шәкіртақысы 80%-ға ұлғайтылды, 270 медициналық мекеме, 375 мың оқушыға арналған 254 мектеп салынды. Ауылға жұмыс істеуге барған медицина қызметкерлеріне 10 млн теңгеге дейін көтермеақы төленіп, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін мамандарға арнайы төлемдер қарастырылды.

Сондай-ақ партия төрағасы Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру, еңбек адамдарына қолдау көрсету және Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде жұмысшы кадрларды даярлау, алдағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу бойынша БПҰ-ның белсенді жұмыс істеуінің маңызына тоқталды.

Ерлан Қошанов партия әрқашан халықтың жанынан табылуы керек екенін атап өтті. Ол қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын күшейтуге шақырып, ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындарында көшпелі форматта азаматтарды қабылдауды ұсынды. Мұндай тәсіл тұрғындарды толғандырған мәселелерді жедел, тікелей сол жерде шешуге және халықпен барынша тиімді өзара қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.

Кездесуде БПҰ-ның оң тәжірибелері аталып өтті. Батыс Қазақстан облысындағы «Ақсайгазсервис» бастауыш партия ұйымы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға арнап өз қаражаты есебінен 42 тұрғын үй салды. Атырау облысындағы белсенділер ұзындығы 21 шақырымды құрайтын бөгет тұрғызып, өңірді су басудан сақтап қалды. Мұндай мысалдар БПҰ-ның жоғарыдан нұсқау беруді күтпестен, қиын жағдайда адамдарға әрдайым көмекке келуге дайын нақты күш екенін дәлелдейді.

Бұдан соң, байқау қорытындысы жарияланды. Қазылар алқасының шешімімен Алматы облысындағы «Фирма «Бент» БПҰ, Астанадағы «Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы» КеАҚ БПҰ және Шымкенттегі «Білім және ғылым» БПҰ үздік бастауыш партия ұйымы ретінде танылды. Ал қоғамдық қабылдау бөлмелері арасында партияның Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі мен партияның Алматы қаласы Алатау аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі жеңіске жетті. Сондай-ақ халыққа заңгерлік көмек көрсетуге бағытталған «Құқықтық көмек» жобасын жүзеге асыруда ерекше жетістікке жеткен партияның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы мен партияның Атырау облысы Құрманғазы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелері үздік деп танылды.

Сонымен қатар «Amanat» партиясының төрағасы түрлі салада еңбек етіп жүрген еліміздің 16 белсенді азаматына партия билетін табыстады. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Әділбек Алпысбай, Қазақстан таеквондо федерациясының вице-президенті Қайрат Дүйсенов, «Астана Опера» театрының солисі Назым Сағынтай, «Алтын домбыра» айтысының жеңімпазы, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан, инженер-энергетик Азамат Табаров, металлург Иван Бельков және басқа да азаматтар бар.