Ән • 01 Наурыз, 2025

Аңсарлы күйдің асқақ әуені

401 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Сүю деген бірге өлу деген сөз ғой, Ғашықтық деп өзгерткен кімдер оны?»
Есенғали ақынның осы бір жыры үнемі есімде жүреді. Ал шынында сүю деген сөздің түп-төркініне жеткен жан аз ғой, аз. Өмір бойы көкейден кетпей жүрген осы сұрақтың жауабын мен, әрине, әннен, ән болғанда да халық әндерінен табам-ау деп ойламаппын.

Аңсарлы күйдің асқақ әуені

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Иә, кез келген шығармашылық иесі, егер ол еліктеп-солықтау дең­ге­йінен аспай қалмаса, алтын бастауына оралып, ұлттық негізіне бас қояры анық. Бастапқыда тыңдағанда, осында тұрған не бар дейтін халық әндері келе-келе құпия­сын біртіндеп аша түс­кенде дүние қызығырақ кө­рінеді. Халықтың көкірегін жарып шыққан қатпар-қатпар қа­сиет бірден өнегесін алдыра қойсын ба? Байыптай келе өнер атаулының биігі де тереңі екеніне талас та, күмән да тудырмайтын құбылыстардың шеті қылаңдай бастағанда...

Ондай жандар бақытты ғой. Бір-біріне ынтызар болып, ынтық жүректің лүпілін шын сезініп және соның суынбайтынына көз жеткізген, тіпті бірге өмір сүруді де қажет деп таппаған... Осы жерге келгенде сіз «мынау шектен шыға бастады» деуіңіз де мүмкін, бірақ біз бұған дейін ғұлама, данышпандар айтып қойған тәжірибеге, қылаяғы халық әніне сүйеніп отырмыз.

Атақты халық әні «Ақсұңқарды» тыңдаған шығарсыз. Қиыр-шегі жоқ бір ғаламат. Әншінің қолындағы домбыра күмбірлеп ала жөнелгенде жүрісі жайлы жорғадан қос арғымақ жеккен алтын күйменің күміс шашақтары ат дүбіріне қосыла салдырап, арасынан сылдырмақтың үні де талып естілгендей бір құдірет билейтін сыңайлы. Мүмкін тау суының сарқырап ала жөнел­геніне, бәлкім шолпы мен шашбау, сылдырмақтар тағынған сұ­лудың жүрегін аса құштарлық сезімі билеп жүгіргенде тұнық ауа­дан естілген ғажайып күй, көңілді баураған сезімнің алапаты құйылып келе жатқандай ға­жапқа қалдырады. Ғарифолла Құр­­­манғалиевтің орындауын­дағы­ дом­быра үні де, кейінгі Сәуле Жан­пейісова, Айгүл Қосановалар тарт­қандағы тербелістердің де артық-кемі болғанымен, негізгі жүлге бір. «Жебесі шын күмістен садағымның» дегеннен кейін көп нүкте керек-ақ меніңше. Бұл әрине күмістен болған соң кісі өлтіруге жұмсалмайтын жебе. Жан беруші, махаббат дарытушы жебе. Себебі екінші жол «әдеті осылай ма еді базарлымның» деп адам туралы айтып кетіп тұр. Оның үстіне күміс кісі бойындағы түрлі ауруларға ем екені белгілі. Сөздің астарлы мағынасын қоя беріп сазына құлақ тоссаңыз, бұдан да ғаламат кеңістіктерге жол ашпай ма? Аңсарлы күйдің асқақ әуені сізді де биік болуға үндейтіндей, біртүрлі, бекзаттыққа шақырады. «Ақсұңқар, неге қонбайсың, Да­риға-ау, жайған торға» дейді қайырмасында. Ақан сері «Болдым ғашық ақсұңқар баласына» дейді. Сұңқар ұстап, баптаудың қиынның қиыны екені, қыран құстардың ең тектісі екенін ежіктеп жатпаймыз. Айттық қой, әнде іңкәр сезім, ынтық күй бары осы қайырмадан аңғарылады. Алайда қыранның көк­сеуіндей асқақ аңсар. Біздің түсініктегі «махаббат» емес.

«Қарағым, айналайын, қасың керік,

Мал болсаң алар едім бәсің беріп.

Мен саған басыбайлы бол демеймін,

Жүрсеңші азғантай күн қасыма еріп»,

дейді. Сатып алатын, я болмаса, еркін тұсап қоятын құс-екеш құс емессің, азғантай күн дидарласып қалайық, негізі, ықтиярың өзіңде ғой дейді. Ұлы бостандығың мен рухыңның азаттығына қол сұқпаймын дейді. Қазақ даласында ежелде айтылып, ән боп тараған шын махаббат деген – осы. Адамзат жаралғалы қаншама данышпан, ғұламалар басын тау мен тасқа соғып осындай шын махаббатты көксеумен, жырлап дәлелдеумен келеді. Оның мыңнан бір мысалын Таласбек Әсемқұлов былай жеткізеді: «Рабиндранат Тагордың «Соңғы поэ­ма» атты новелласы бар. Жас әйел мен жас еркек бір-біріне ғашық болады, үйленбекке бел байлайды. Әйел: «Тек қана бір шартым бар», дейді. Ол өзі зиялы, ақылды, өте бай әйел еді. Еркек: «Қандай шартың болса да қабылдаймын, мен сенсіз өмір сүре алмаймын», дейді. Әйел оған былай дейді: «Әуелі шартымды тыңда, содан соң ойлан. Бұл ерекше шарт. Біз бір үйде тұрмаймыз. Менің үлкен иелігім, орман мен бау-бақшаның аясында орналасқан әдемі көлім бар. Саған өзім тұратын жағаның қарсы бетінен әдемілеп тұрып үй салдырам».

Еркек: «Олай болса, некемізде, өмірімізде не мағына бар?», дейді. Әйел: «Неке – біріңді-бірің таптау емес. Мен саған бостандық, кеңістік берем, менің де өз кеңістігім бар. Анда-санда біз қайықпен серуендеп жүріп кездейсоқ кездесіп қаламыз. Немесе мен сені анда-санда шайға шақырам, не сен мені шақырасың», дейді. Еркек: «Мұның нағыз ақымақшылық», дейді. Әйел: «Олай болса неке жайында ұмыт. Осы ғана дұрыс, махаббатымыз осылайша ғана гүлденбек, себебі екеуміздің де көңіліміздің шырышы бұзылмайды. Бір-бірімізге ешқашан үйренбейміз. Мен сенің шақырғаныңа бармай-ақ қоюыма болады, сен де менің тілегімді қабылдамауыңа болады, біздің бостандықтарымыз мызғымайды. Осы екі бостандықтың ортасынан ғана махаббат деген дүние өсіп шығады», — дейді.

Бұл әйелдің тілімен ақиқат сөйлеп тұр. Әлбетте, еркек мұны түсіне алмайды, қабылдамайды. Бір-біріңізді сүйіңіз, бірақ махаббатты кісенге айналдырмаңыз. Махаббат ықылас, талаппен келмесін, адамдардың бір-біріне өз еркімен берген сыйы болсын. Иманның бір аты – әділет. Махаббатты таныған адам әділетті де біледі. Шын сүйсең – бостандық бер», депті Таласбек Тагор мен Абайға сүйеніп. Ал мына «Ақсұңқар» әні адамзат айтқанымен, байыбына бара алмаған бұл құбылысты баяғыда жырлап, жеріне жеткізіп қойған.