
Ақтөбе облысында су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі комиссия 761 тұрғын үй, 10 әлеуметтік нысан, 187 аула, 99 саяжай үйлері зақымданғанын жариялады. Мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың арқасында өңірде 500-ден аса үй салынып, дайын баспаналар сатып алынды. Материалдық залал шығындары төленіп, өлген мал басы үшін өтемақылар да табысталды.
Ерікті жастар тасыған өзендерге өте жақын орналасқан тұрғындардың үй мүліктерін, тұрмыстық техникаларын жинастыруға қолғабыс етіп, балалар мен қарттарды шығаруға көмектесті. Эвакуациялық пункттерге азық-түлік пен киім-кешек, басқа да қажетті заттарды жеткізумен айналысты. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Ассамблея жастары» тобының 70 мүшесі қаланың №26, №36, №40 мектептерінде ашылған эвакуациялық пункттердегі тұрғындарға көмектесті. Мұнымен бір кезде Ақтөбедегі Достық үйінде ашылған гуманитарлық көмек қабылдайтын орталыққа этномәдени бірлестіктер мүшелері киім-кешек, азық-түлік, тұрмыстық заттар жинап, эвакуациялық нүктелерге тасымалдады. Ассамблеяның аналар, ақсақалдар, медиация кеңестері, кәсіпкерлік қауымдастық мүшелері және этномәдени бірлестік өкілдері табиғи апат орнында қалған тұрғындар мен тәулік бойы кезекшілікте жүрген төтенше жағдай қызметкерлері, құтқарушылар мен коммуналдық қызмет мамандарына бірнеше күн кезек-кезек түскі ас апарды. Мәселен, армян қауымдастығы мен чешендердің «Вайнах» этномәдени бірлестігі мүшелері дайындаған түскі асты волонтерлер жеткізіп беріп отырды. ҚХА және облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, «Глобал-Спецодежда» ЖШС директоры Надежда Шабаева құтқарушыларға су өткізбейтін 1 057 дана арнайы киім жеткізіп, 100 адамды ыстық аспен қамтамасыз етіп, эвакуациялық орталықтағы тұрғындарға төсектік орын, киім-кешек, азық-түлік жеткізді.
Су тасқыны зардаптарын жоюға облыстық ассамблея құрамындағы барлық этномәдени орталық атсалысса да, олар жұрт алдында өздерін жарнамалауды ұнатпай, ортақ іс, елдік іс деп бағалады. 2 мыңға жуық отбасының әп-сәтте дүние-мүлкі, малынан айырылып қалуы оңай болмады. Мұндай кезде жылы сөз, қол көмегі жабырқаулы жанға демеу болады. Тасқын басталған алғашқы күннен бастап, судың беті қайтқанға дейін белсеніп жүрген ақтөбеліктер қатарында кәсіпкер-меценат Сергей Вишняк, «Ақтөбе облысы кәрістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Юрий Шек болды. Олар үйлерін су басқан тұрғындарға тұрмыстық техникалар мен шаруашылық бұйымдарын табыстады. Осындай көмектен армян этномәдени бірлестігі жетекшісі Арутюн Микаелян, «Вайнах» чешен этномәдени бірлестігінің жетекшісі Насрудин Саламов та қалыс қалмады. Әзербайжан этномәдени орталығының басшысы Рахид Азизов туған жері Қобда елді мекенінде бөгеттерді нығайту мен құм тасу жұмыстарына «Shacman» ауыр жүк көлігін жіберді. Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері Е.Салуев, қала тұрғындары С.Видиашев пен Ю.Ловлыненко қаржылай көмектесті.
Назар аударатын жайт, Ақтөбе облысы – қай кезде де этносаралық кикілжіңдерден ада, түрлі ұлттар мен диаспоралар тату өмір сүріп келе жатқан өлке. Мұның себебі – тереңде. Өндірістік кәсіпорындары, зауыттар мен білікті инженер мамандары көп өңірде сан ұлттың өкілдері бірге тамыр жайды. Олардың ата-бабасының мұнда көшіп келу тарихы столыпиндік реформалардан басталып, сталиндік қуғын-сүргін кезіндегі жазықсыз жер аудару мен Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда қазақ жеріне көшірілген өндіріс орындарына жұмысқа келген инженер, жұмысшы, дәрігер, ауыл шаруашылығы мамандарының жолдарымен жалғасқан. 1991 жылдардан бастап олардың көпшілігі тарихи отандарына көшіп кетті, кейбірі жерсіне алмай қайтып оралды.
Бірнеше жыл бұрын Ақтөбедегі ҚХА жанынан ақсақалдар, аналар кеңесі құрылды. Бүгінде олар тәжірибелі этномедиация мамандарына айналды. Кеңес мүшелеріне өмірлік қиын жағдайда қалған әйелдер, ата-анасымен келіспей жүрген жасөспірімдер көп келеді. Бастапқыда этносаралық бірлік пен келісімді насихаттау үшін ашылған кеңестердің қазіргі кезде бағдары өзгеріп барады. Өйткені Ақтөбеде олардың алдына көбіне этносаралық кикілжіңмен емес, әлеуметтік мәселелерін шешуге ақыл-кеңес сұрап келеді екен. Кеңес мүшелері қатарындағы көпбалалы аналар мен үлгілі шаңырақты басқарып отырған әкелер ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, жас отбасылардың жарасымдылығын сақтауға байланысты жақсы кеңестер береді.
Ақтөбе облысы