
Жаһандану дәуірінде этностық әртүрлілік көптеген мемлекетке тән құбылысқа айналды. Дегенмен этносаралық қарым-қатынастардағы түсініспеушіліктер, әлеуметтік теңсіздік пен мәдени айырмашылықтар кейде шиеленістерге әкелуі мүмкін. Елімізде мұндай мәселелерде істің қиюын келтіріп, тігісін басатын Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған этномедиация институты бар.
Полиэтностық қоғамдағы этносаралық келісімді нығайтуға ықпал ететін бірегей тетік стратегиялық маңызға ие болуы үшін біраз өткелден өтті. Алғаш 2011–2014 жылдар аралығында ҚХА-ның Ғылыми-сараптамалық кеңесі этносаралық қақтығыстардың алдын алу және оларды реттеу үшін медиация институтын енгізу тұжырымдамасын әзірледі. Осы кезеңде медиаторларды оқыту, халықаралық тәжірибені зерттеу және этномедиация әдістерін әзірлеу бағытында белсенді жұмыс жүргізілді. Болгария профессоры Татьяна Дронзина мен испандық ғалым Антонио Лозано қатысуымен өткізілген тренингтер этномедиацияның әдістемелік негіздерін қалыптастыруға ықпал етті.
Кейін 2015–2020 жылдары этномедиация институты толыққанды құрылымға айналды. Осы уақыт аралығында аймақтық медиация кеңестері және «Қоғамдық келісім» орталықтары құрылды. Достық үйлері этномедиация орталықтарының қызметіне бейімделе бастады. 2018 жылы Ақтау қаласында өткен аймақтық семинар-тренингте Маңғыстау, Атырау және басқа облыстардың өкілдері этносоциологиялық үдерістерді басқару мәселелерін талқылады. Бұл кезеңде этносаралық келісімге білім беру және жергілікті қоғамдастықтар деңгейінде ерекше назар аударылды, сәйкесінше өңірлердегі этностық шиеленістер деңгейін төмендетуге жол ашты.
Ал 2021–2023 жылдары «Қоғамдық медиатор» ұғымы енгізілді. Оқу бағдарламалары мен әдістемелік ұсыныстар жаңартылды. 300-ден аса кәсіби медиатор тіркеліп, олар 21 этномедиация орталығында жұмыс атқарып отыр.
– Былтыр ҚХА төрағасының орынбасары – ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың қатысуымен ҚХА республикалық этномедиация кеңесінің 2-отырысы өтті. Онда ҚХА медиация институты ресми түрде этномедиация институты болып қайта құрылды. Бұл шешім Қазақстанның этносаралық саясатындағы басымдықтарды көрсетіп, жүйелі тәсілдің қажеттілігін айқындады. Бүгінде этномедиацияның негізгі бағыттары: Этносаралық қақтығыстардың алдын алу – мәдени айырмашылықтарды түсінуді тереңдету, диалог алаңдарын ұйымдастыру, этностық топтар арасында сенім орнату; Этносаралық қақтығыстарды шешу – медиативтік тәсілдерді қолдану арқылы бейбіт келісімге келу, тараптардың мәдени ерекшеліктерін ескере отырып келіссөздер жүргізу; Қақтығыстан кейінгі қалпына келтіру үдерістері – жанжалдан кейінгі сенімді қалпына келтіру, қайта интеграциялау және бейбіт қатар өмір сүруді қамтамасыз ету, – дейді ҚХА медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов.
Этномедиация бүгінде жанжалдарды реттеудің құралы ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы сенім мен келісімді нығайтатын диалог алаңы саналады. Қазақстанның тәжірибесі мемлекеттік органдардың, қоғамдық құрылымдардың және сарапшылардың тиімді жұмысы арқасында күрделі этносаралық мәселелерді табысты шешуге болатынын дәлелдеп отыр. Сондықтан этномедиация институтын одан әрі жетілдіру мақсатында былтыр 5 мыңнан аса азамат қатысқан 150-ден аса іс-шара ұйымдастырылған. Бұған қоса медиация үдерісін цифрландыру бағдарламасы іске қосылып, бұл шалғай елді мекендерде тұратын азаматтардың медиатор қызметіне қолжетімділігін арттырды.
– Қазіргі уақытта 21 этномедиация орталығы, 21 этномедиация кеңесі (біреуі – республикалық, 20-сы – өңірлік) жұмыс істейді. Этномедиация орталықтары мен этномедиация кеңестерінің сапалы кадрлық құрамы қалыптасты. Мұның құрамына кәсіби медиаторлар, заңгерлер, педагогтер, психологтер, дінтанушылар, журналистер мен қоғамдық пікір көшбасшылары кірді. ҚХА тізілімінде 226 этномедиатор бар. Барлық өңірде «Елдесу және татуласу» этномедиация институтын дамыту бойынша ҚХА жобасы іске асырылып жатыр, – дейді Ш.Пулатов.
Этномедиация секілді ҚХА-ның 100-ден аса бастамалары қоғамдық келісім, этносаралық және конфессияаралық татулықты қамтамасыз ету, бірлік, тұрақтылық пен толеранттылық мәдениетін қалыптастыру жолындағы шежіресі саналады. Мәселен, «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» жобасы ҚХА құрылымдарының мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған. Парламентте ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысатын «Бір ел – бір мүдде» жаңа депутаттық бірлестігі құрылды. Ерекшелігі сол, топ бұрынғыдай Мәжілісте ғана жұмыс істемейді, құрамындағы 30 депутаттың 10-ы – Сенаттан және 20-сы – Мәжілістен.
Қоғамдағы сенім мен келісім мәдениетін нығайтуда «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасы өміршеңдігін дәлелдеді. «Этномәдени бірлестіктер: реформалардың әлеуметтік базасы» жобасы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және этномәдени бірлестіктерді реформаларды қолдауға жұмылдыруға арналған. Бұл бағытта этномәдени бірлестіктер жетекшілерімен кездесулер, әскери-патриоттық курстар және қаржылық сауат бойынша оқыту шаралары ұйымдастырылады.
Ассамблеяның кемел келешегіне кепілдік беретін жобаларды республикадағы 35 Достық үйі үйлестіреді. Осылайша, 30 жыл ішінде ҚХА арнайы жобалары татулықты нығайту, мәдени әртүрлілікті дәріптеу, жастар тәрбиесі, қайырымдылық пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, елдегі бейбітшілік пен ынтымақтастықты сақтауға, сондай-ақ азаматтардың біртұтас ұлттық бірегейлігін қалыптастыруға маңызды үлес қосты.