Сурет: asu.edu.kz
Тұлпарының тұяғымен жұмыр жердің бетін дүбірлеткен өр рухты жұртымыз соңғы екі-үш ғасырда аумалы-төкпелі небір қилы тағдырды бастан кешті. Әлем дамудың даңғыл сүрлеуін тауып, «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызып жатқан» замандарда айсыз түнде жол таппай басымызды тауға да, тасқа да соқтық. Аспанымызды қара бұлт торлаған кезең жетіп, жоңғармен жағаласып жүріп, аяғымызды алып империялардың құрған тұзағына ілуге мәжбүр болдық. Осылай, азаттықтың тізгіні қолымыздан сусып түсті. Сусып түсті де, бодандықтың тар қамыты қазы мойнымызды қажады. Өз жерінде жүріп, өгейлік көрді. Тіке сөйлесе – қамалды, бас көтерсе – атылды. Отарлаушы күш бодан елдің қарапайым қарасына оқ шығындауға сараңдық танытып, Сарыарқаның даласындағы жазықсыз жұртты аштықпен қырды.
Бірақ қазақ азат күнге деген аңсарын суытпады. Тек аңсаған жоқ, сол шадыман шаққа мәңгілікке ен салмақ үшін егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып, тебінгісін теріге шірітті. Ер төсектен безініп, темірқазық жастанып жүріп, үш жүзден аса ұлт-азаттық көтеріліс жасап, ұлы құрбандықтар берді. Азат күнге ұмтылған мыңдаған есіл ердің төккен қаны мен шыққан жаны тек кетпей, сарыла, сарғая күткен тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Ғасырлар бойы көрген өз тақсіретінен сабақ алғандығынан болар, қазақ өзгеге өктем сөйлеген жоқ. Аға болып, билеп-төстемеді. Билік қолыма тиді екен деп тізесін батырмады. Керісінше, «жақсылық еккен алғыс орады» тәмсіліне иек артып, ата-бабамыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған жерінің омырауын тел емген жүздеген диаспора өкілдерінің маңдайынан өпті. Қазақ атты алып бәйтеректі саялаған жұрттың жел жағына шығып, ықтасын болды. Олардың мәдениеті мен салт-санасын сақтауға орай туғызып, барша тағдырластың басын қосатын, ғаламда жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы атты шаңырақ көтеріп берді. Сөйтіп, осыдан дәл отыз жыл бұрын, көктемнің алғашқы күні, яғни 1 наурызда уығы бірлік деп қадалып, есігі ынтымаққа ғана ашылатын керегесі кең, терезесі тең тыныштықтың ордасы дүниеге келді.
Содан бері мемлекет құраушы ұлт пен еліміздегі этностардың бәрі бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Ассамблея елдік мұрат жолында азат ел бұқарасының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруына ұйытқы бола білді. Осыны терең түйсінгендіктен де Ассамблеяның құрылып, кіндігі кесілген күн жалпы халықтың тарихи мәні бар датаға, Алғыс айту күні мерекесіне айналды.
Қазір Ұлы дала төсінде көгілдір аспан түстес әділеттің туын желбіреткен мемлекетіміз үшін бұл мейрам – құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі ретінде тойланып келеді. Бұл – «ат басына күн туып, ауыздықпен су ішкен» қиын-қыстау кезеңді еске алып, тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда ынтымақ пен бірліктің арқасында жеткен толағай табысқа марқаятын күн.
Ендеше, толғамды сөздің тобықтай түйіні – көптің алғысының көгертеріне сенелік. Өткенге салауат айтып, бүгінге тәубе етіп, болашаққа үміт артып, бір-бірімізге алғыс жаудыруға асығайық!