Қоғам • 02 Наурыз, 2025

Шөп шауып, көкпар тартқан Николай

76 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алғыс айту күні – кең байтақ Қазақстанға қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдері қонақжай қазақ халқына жүрекжарды алғыстарын айтып, тағзым етуді дәстүрге айналдырды. Осыған орай, Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының сәулелі зерттеу бөлімшесінің лаборанты Николай Недоводеевпен аз-кем тілдескен едік. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген жас маман Отаны мен ортасына зор алғысын білдірді.

Шөп шауып, көкпар тартқан Николай

Николай Сергейұлы, сөз басын туған жер, өскен ортадан бастасаңыз. Медицинаға жүрек қалауыңызбен келдіңіз бе?

– Ауыл – қазақтың алтын тамыры, ұлтымыздың ұйытқысы ғой. Сондықтан өзім туып-өскен мекенім Оңтүстік Қазақстан облысы Шақпақ-баба ауылын мақтан етемін. Киелі мекенде 14 жасыма дейін ата-анаммен тұрдым. Достарым Аян және Рашид үшеуіміз ауылдың қара шаңына аунап-қунап, ауыр жұмысқа әбден ысылып, мал бағып, шөп шауып, көкпар тартып өстік. Ауылымда ешкім қазақ тілінен басқа тілде сөйлемейтін еді, сондықтан, отбасымызбен Қонаев қаласына қоныс аударғанымызда орыс тілін меңгеріп, еркін сөйлеу қиынға соқты. Себебі, орыс ұлтынан болсам да жүрегім «қазақ» деп соққан ер-азаматпын. Мектептен соң медициналық колледжге түсіп, оқуымды ойдағыдай аяқтағаныма да 5 жыл толып қалыпты. Мамандығымды адаспай таңдағаныма күнде қуанамын. Медицина саласында еңбек ететінімді кішкентай кезімнен-ақ білетінмін, өйткені, дәрігер, медбикелерді көргенімде жүрегім ерекше сезімде болатын.

– Еңбек ететін бөлімшенің жұмыс жайын тарқата кетсеңіз.

– Бөлімшенің құрамына рентгенодиагностикалық кабинет, флюорографиялық кабинет, рентгендік компьютерлік томография кабинеті, магнитті-резонансты томография кабинеті кіреді. Бөлімшеде жұмыс жасайтын дәрігерлер жақын және алыс шет елдердегі ірі республикалық орталықтарда оқыған. Бөлім жетекші әлемдік өндірушілердің диагностикалық жабдықтарының толық жиынтығымен жабдықталған. Жалпы, кез-келген емдеу процесінің сапасы ең алдымен сенімді және толық диагнозға байланысты ғой. Сондықтан мен жұмыс жасайтын бөлімшедегі диагнозға ерекше жауапкершілікпен қарайды. Сәулелік диагностиканың жоғары білікті дәрігерлері мен заманауи рентгенодиагностикалық аппаратураның барлық спектрі – дұрыс диагноз қоюдағы табыстың кепілі екендігі сөзсіз. Сәулелік диагностика – бұл медицинадағы дербес бөлім, ол сәулеленудің әртүрлі түрлерін қолдану негізінде диагностикалық мақсаттар үшін кескін алудың әртүрлі әдістерін біріктіреді.

Қазіргі еңбек етіп жүрген ортаңыздағы өзге ұлт өкілдерінің өзара қарым-қатынасы қандай?

– Ұжымымыз өте үлкен. Мұнда татар, өзбек, ұйғыр, кәріс, украин, басқа да ұлт өкілдерімен бір отбасының балаларындай еңбек етудеміз. Бір-бірімізге бағыт беріп, қамқор болу, сүрінгенге сүйеніш, жылағанға жұбаныш болуды басты парызымыз санаймыз. Мұндай асыл қасиет пен кең пейіл дархан даламыздан, қазақы қасиеттен бойымызға дарыды.

– Қазақшаңыз судай екен. Тіл меңгеру қиын емес пе?

– Жоқ, елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені – басты жетістігіміз саналады. Қазақша тек қана өзім ғана емес, үйдегі ата-анам, бауырым, жұбайым Настя және қызым Эмилия да сөйлейді. Мемлекеттік тіл – ана тіліміз тәрізді, әрқашан құрметтейміз. Қабылдауыма келген пациенттердің қалауына қарай екі тілде еркін тілдесемін.

– Алғыс айту күнінде кімдерге алғыс айтар едіңіз?

– Соңғы жылдары 1 наурыз ортақ тағдыр тоғыстырған республика азаматтары мен тұрғындарының бір-біріне шынайы алғыс сезімдері мен ризашылығын білдіретін айтулы күнге айналып келетіні сөзсіз. Ұлт пен ұлыс арасындағы өзара құрмет пен сыйластық бізді жаңа биіктер мен белестерге бастай беретініне сенімім мол. Мүмкіндікті пайдала отырып, осынау керемет мерекеде, туған еліме, жерлестеріме, өзім еңбек етіп жүрген аурухананың директоры Ракишева Айман Ғалымжанқызына, әріптестеріме, ата-анама, жақындарыма ерекше алғысымды білдіремін!

   – Жайдары әңгімеңізге алғыс айтамын! 

Алматы облысы,

Қонаев қаласы.