Үкімет • 03 Наурыз, 2025

Олжас Бектенов Бакуге ресми сапармен барды

314 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновті Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев қабылдады. Мемлекет басшыларының арасындағы сенімді қарым-қатынастың арқасында екі елдің ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олжас Бектенов Бакуге ресми сапармен барды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Асадовпен үкіметаралық келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимыл, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.

«2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы $533 млн-ды құрады. Қазақстан Әзербайжанға $340 млн-нан астам сомаға шикізаттық емес тауарлардың 130 түрін жеткізуді арттыруға дайын. Көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылға назар аударылды. Өткен жылы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемі 62%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. Екі елдің темір жолдары арасында Digital Trade Corridor платформасын интеграциялау аяқталды», делінген хабарламада.

Тараптар екіжақты тауар айналымын неғұрлым жоғары деңгейге көтеру үшін бар күш-жігерін жұмсауға ниетті екенін растады.

Кездесулер қорытындысы бойынша екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде Қазақстан-Әзербайжан бағытындағы су асты талшықты-оптикалық байланыс желісін жобалау және салу жөніндегі құжат бар. Жоба байланыстың сапасы мен сенімділігін арттыру, Азия мен Еуропа арасындағы деректерді беруді кеңейту үшін стратегиялық маңызға ие. 

Сондай-ақ келіссөздер барысында екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылы талқыланды. Әзербайжан тарапы Қазақстанның Қарабақты қалпына келтіру үдерісіне қосқан үлесін жоғары бағалады.