
Кеш әйгілі «Ғасырлар пернесі» ансамблінің орындауындағы «Ақсауыт» күйімен ашылды.
Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Еренбол Алматов жарты ғасырлық тарихы бар ансамбльге Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілдің есімі берілгенін атап өтті.
Концерт барысында Нұрхан Ахметбеков атындағы Мәдениет үйінің өнерпаздары «Ұлылар ізімен» атты прологын ұсынып, ұлттық мұраға деген ерекше құрмет көрсетті. Бұдан бөлек, «Балқадиша» жетігеншілер тобы, «Еркеназ» үлгілі би ансамблі, Бақытжан Байқадамов атындағы камералық хор, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Күй тартыс шеберлері Әділ Ақанов пен Перизат Қалабайқызының орындауы көрерменді тәнті етті.
Кеш барысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ахмет әндері» байқауының жеңімпаздарының және жергілікті композиторлардың шығармалары орындалды. Сонымен қатар, халықаралық байқаулардың лауреаты Жәуке Оңдағанның орындауындағы Қонысбай Әбілдың әйгілі «Бала махаббаты» әні орындаушысын енді тапқандай әсер берді.
Бұдан бөлек, республикалық байқаулардың жеңімпазы Фариза Бүркітбайдың орындауында Болат Хамзиннің «Шолпаным – жұлдызым», Серікболсын Әбікеннің орындауында «Ұялмашы, қалқатай» әндерінің тұсауы кесілді.
Концерт соңында Алмас Сейілхан, Алмас Нұрлан, Фариза Бүркітбай, Мейрамбек Бейсенбек, Мирас Әбдікәрім секілді бірқатар өнерпаздарға Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттары табысталды.
Астана қаласының ардагерлері, халық ақыны Қонысбай Әбілдің туыстары және Торғай селосының 1964 жылы туған азаматтары өнерпаздарға ықылас гүлдерін тарту етті.
Әнге толы сырлы кеш – Торғай өнерпаздарының асқақ рухы мен өнерін паш еткен ұмытылмас мәдени оқиға ретінде есте қалды.