
Бұл жинаққа әріптесіміздің «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінде жүргізген зерттеулері енген. Жас зерттеуші бір жыл бойы АҚШ Конгресінің кітапханасы мен Гельман, Шекспир, Лузер Киң атындағы қалалық кітапханасында отырып, халқымыздың тарихы мен мәдениетіне байланысты тың деректер іздеген. Сондай-ақ Питтсбург, Нью-Йорк, Джорджтаун университеттері секілді іргелі оқу орындарының ғылыми кітапханаларында сақталған еңбектерден қазаққа қатысты біраз дүние тапқан. Соның бәрі осы жинаққа топтастырылып отыр.
Кітапқа пікір жазған Берік Уәли автордың Вашингтон кітапханаларын тынбай аралап, Америка архивтеріндегі ұлтымызға қатысты деректерді жинақтау арқылы еліміздің рухани қоржынын толықтыруға қомақты үлес қосқанына ризашылығын білдірген.
Шынында да, жаңа жинақ мазмұнды мәліметтерге өте бай. Мәселен, зерттеуші «Арынғазы сұлтанмен кездескен неміс ғалымы» атты мақаласында 1823 жылы Берлинде басылған «Орынбордан Бұхараға дейін» атты жолжазба кітапта қазақ тарихына байланысты қызықты деректер кездесетінін баяндайды. Онда доктор Эдвард Эверсманн Арынғазы сұлтанның ауылына барып, одан әрі көптеген қазақ ауылын аралағанын айтады. Сондай-ақ неміс биологіне сайын даланы мекендеген қазақтардың ер мінезі, табиғаты ерекше әсер сыйлағанын шынайы жеткізеді. Бұдан бөлек, Дүйсенәлінің «Қазақ ертегілері Америкаға қалай жетті?», «Аштық босқындарымен кездескен жиһанкездер», «Свен Хедин көрген Қазақия», тағы басқа да мақалаларында көптеген тың дүниеге кез боласыз. Жаңа әлем ашқандай құмарыңыз артады. Қызығасыз.
Джордж Вашингтон университетінің профессоры Питер Роллберг талантты әріптесіміздің Вашингтонда болған бір жылында тың зерттеу жүргізгеніне тәнті болған.
«Ол қысқа уақыт ішінде АҚШ пен Қазақстанның мәдени байланысына қатысты соны деректер тауып, тарихына зерделі зерттеу жасады. Тіпті осы тақырыпта жүйелі ізденген алғашқы зерттеуші десек артық емес. Нәтижесінде, қазақ жеріне арнайы сапармен барған саяхатшылар мен ғалымдар жазып қалдырған сирек және құнды деректерді оқырманға ұсынып отыр. Оның бұл ізденісі екі елдегі оқырмандарға да бағалы болары сөзсіз», деп жоғары баға беріпті.
Қысқасы, бұл жинақтың танымдық тәлімі мол. Оқыңыз!