
Басқосудың беташар сөзін айтқан «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сәуле Бөрібаева ханым әуелі семинарға өзек болып отырған қос туындыны таныстырды. Бұл туындылардың ғылыми еңбек ретінде құны жоғары. Кітаптар танымал археолог З.Самашевтің бастамасымен 2012 жылы қолға алынған «Қазақстан археологиясы: деректер мен зерттеулер» жобасы негізінде жарық көріп отыр. Жоба аясында бұған дейін 19 кітап шыққан. Бұл реткі қос туынды 20 және 21-томдықтар.
«Бозок – средневековое городище на реке Ишим» кітабы авторларының бірі (екінші авторы Д.А.Гаврилов), Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы К.Ақышев атындағы Археология ғылыми зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Марал Хабдулина ханым «Бозоқ» қалашығы патшалық Ресей кезінде қазақ даласына келген саяхатшы-зерттеушілерге белгілі болғанымен, нақты ғылыми жүйелеу ісі 1999 жылы танымал археолог Кемел Ақышев тарапынан қолға алынғанын жеткізді.
«Бұл қоныс VII – IX ғасырлардан XVI–XVII ғасырларға дейінгі аралықта, ежелгі түркілердің, одан қыпшақтар қонысы болғаны археологиялық зерттеулер хронологиясы арқылы анықталып отыр. Яғни қалашық керуен жолы бойында маңызды рөл атқарған. Бұған қазба кезінде табылған: стационарлық, өндірістік және ирригациялық құрылыстар қалдығы, тұрмыстық заттар, қару-жарақ, зергерлік бұйымдар, монеталар, т.б. артефактілер дәлел. Кейінгі жылдары белгіленген өлшем бойынша қалашықтың негізі құрылымы – 65х55 метр аумақты қамтыса, жалпы көрінісі үш жапырақты гүл тәріздес үш бөліктен (алаң – квартал) тұратыны белгілі болды. Бекініс тереңдігі 2–3, ені 3–5 метр екені бекітілді және сыртқы жағына шикі кірпішпен қамал-қабырға тұрғызылған. Бұл қамал-қабырға табанының қалыңдығы шамамен 8, үстіңгі жағының ені 5, биіктігі 2-3 метр болғаны жайлы археологиялық өлшем нәтижесінде белгілі болды», деді Марал Қалымжанқызы.
Сонымен қатар қалашықтың негізгі элементі – солтүстік алаңы. Оның ішкі платформасы ормен қоршалған. Көлемі 35x35 шаршы метр. Мұнда аумағы 1000х300 метрді құрайтын суару жүйесімен жабдықталған диқаншылық кәсіп аймағы анықталып отыр екен. Соған қарағанда «Бозоқ» қалашығы орын тепкен мекен геостратегиялық тұрғыдан Сарыарқаның кіндігі солтүстік Сібір бассейні: Есіл, Сілеті, Шідерті, Нұра, Сарысу өзендері тармағында орналасқан. Яғни Бозоқ қалашығы – еуразиялық кеңістікті игеру жолындағы қыпшақтардың алғашқы ордасы болып табылуы да ғажап емес. Мұны анықтау алдағы уақыттың үлесіндегі шаруа болмақ.
Алты бөлімнен тұратын 360 беттік кітапта қалашықтың ғарыштан түсірілген суреттері, топографиялық құрылымы, қорғаныс бекіністерінің сұлбасы, әр жылдары жасалған стратиграфиялық және профильдік сипаттамасы, архитектурасы, қонысты суландырудың сызбасы, Алтын Орда дәуіріндегі қорымдардың орналасуы қатарлы дүниелер кәсіби түрде қағаз бетіне түсіріліп, бұның барлығы туындыдан көрініс тапқаны қуантады.
Ал екінші кітап «Хунну – Усуньский комплекс Актас» туындысының авторы – танымал археолог, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Кемел Ақышев. Еңбек өткен жылы ғалымның ғасырлық мерейтойы қарсаңына дайындалған көрінеді. Туындыда археологтің Ақтас I қорымы мен ежелгі үйсін қоныстарының қазба материалдары ұсынылған. Зерттеулерді Ақышев басқарған Жетісу археологиялық экспедициясы 1962 – 1964 жылдары Кеген өзенінің аңғарында, Кетментау тауларында жүргізген екен. Сонымен қатар зерттеу кезінде Қыстақ – Ақтас ІІ елді мекені ерте темір дәуіріне тән жәдігер екені анықталған.
Тарих ғылымдарының докторы, белгілі археолог Зейнолла Самашевтың пайымынша, кітапқа Ақышевтің 60-жылдардағы далалық зерттеу материалдары жинақталған. «Монографияда Ақтас I қазба жұмыстарының мұрағаттық материалдарымен бірге, 48 қорымнан тұратын 42 қорғанның сипаты мен сызбасы бар. Туындының басты құндылығы – ұлы дала тұрғындары ғұндар мен үйсіндерге тән археологиялық кешеннің зерттелуі», дейді ғалым ағамыз.
Сондай-ақ кітапта Қазақстан мен Еуразияның ортағасырлық тарихына қызығушылық танытқан ғалымдарға жөн сілтейтін дереккөз көп. Сонымен қатар Құрайлы сайы, Кетпен таулары, Кеген өзенінің аңғарында орналасқан ежелгі үйсіндердің Ақтас-ІІ қыстау-қонысы мен Ақтас қорымдарында жүргізілген қазба жұмыстарының материалдары ұсынылған. Атап айтар болсақ, бұл туындыдан көпшілік қауым Ақтас қорымдары жайлы далалық сызбалар, қолмен салынған суреттер, қысқаша есеп және күнделік сипаттамалары түрінде ғалымның жеке архивінде сақталған деректерді оқи алады.
* * *
Басқосу «Хунну дәуірінен Бозоққа дейінгі түркі мәдениетінің урбанизацияланған кеңістіктері» атты тақырыптағы семинарға ұласты. «Археологияның қоғамдық маңызы: профессор К.Ақышевтің үлгісі» тақырыбында баяндама жасаған РФ РҒА Археология институты ортағасырлық археология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Игорь Кызласов: «Қазақ археологі Ақышев – аз ғана ғұмырында туған халқының өткен өмірі мен бастан кешкен тарихын қағаз бетіне таңбалаған адам. Ол қазақ археологиясының рәмізі десек жарасады. Ал Бозоқты зерттеуі ол кісінің ғылымдағы екінші тынысы еді. Өйткені бұл нысанның археологиялық құны – халықтың тарихи санасын жаңғыртуға және ежелгі өмір сүру дағдысын айқындауға аса қажет», деген тұжырымға тоқталды.
«Алтын Орда қалаларының сауда қатынастары туралы италиялық жазбаша деректер» тақырыбында баяндама жасаған Қазақстандағы италиялық археологиялық экспедициясының директоры, профессор Бонора Жан Лука ұзаққа сілтеді. Ең әуелі ол, орта ғасырда Орталық Азияға және еуразиялық ірі империя Алтын Орда – Ұлық ұлысқа атбасын тіреген италиялық кезбе-монахтар Вильгельм Рубрук (1220–1293), Франческе Балдуччи Пеголотти (1290–1347), Иосафат Барбаро (1413–1494), Амброджо Контарини (1429–1499), т.б. саяхатшылардың еңбектеріне тоқталып, соның ішінде қазақ даласын көктей өткен венециялық монах Марко Полоның (1254–1324) жазбасын сөзіне тиек етті. Ол саяхатшы өзінің осы сапары туралы жазған «Әлемнің ғажайыптары» («Book on the Diversity of the World») атты туындысындағы далалықтардың саятшылығы туралы жазып қалдырған мәтінді оқып берді. Онда: «Ұлы қағанға (Бату ханды айтады) қызмет көрсететін Баян және Мыңғын атты ағайынды екі ноян бар-тын. Бұларды сарай маңындағылар «құсшы» («күничи») деп атайды. Бұл екі ноянның әрқайсысы түмен адамға билік жүргізеді. Салбурын-саятқа шыққан бір түмен адам қызыл киім кисе, екінші түмен құсбегілер көк түсті киім киетін дәстүрі бар... Әрбір құсбегі – қағушылар шошақ тымақ киіп, ысқырып белгі беретін құрал керектенеді. Бұлардың міндеті даланың аңын үркітіп, қаумалап қоршауға түсіреді. Одан кейін ханның жарлығын күтеді. Жарлық түскен сәттен бастап жаппай аң қағу басталады. Құсбегілер құсын жіберіп, сырттай бақылайды. Құсына көмек қажет болса, тездетіп барады. Олар аулаған аңы мен қаққан құсын ханға әкеліп береді. Ханның өзіне тән құстарға және орда маңындағы нояндардың құстарына арнайы күміс жүзік, білезік тағып, оған қыран құстың және оны баптаушы құсбегінің аты жазылады. Осыған қарап аңды қай құс ұстағанын біледі. Егер де қолға түскен аң-құсты қай құс ұстағаны белгісіз болса, оны «бұларгей» (қазына меңгеушісі) ноянға тапсырады» деп баяндалыпты. Бұл жазба бабаларымыздың ежелгі саят өнері туралы жазылған аса құнды дүние екені анық.
Д.Лихачев атындағы Ресей Мәдени және табиғи мұра ғылыми зерттеу институты Сібір филиалының жетекші ғылыми қызметкері Татьяна Золотова Сібір өлкесіне жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ғұндарға қатысты жәдігерлер қазақ даласының артефактілерімен үндесетінін айтса, тағы бір ресейлік ғалым, РФ РҒА Археология институтының ғылыми хатшысы Алексей Свиридов: «Жалпы ғұндарға қатысты сөз болғанда Қазақстанның археологиялық жетістіктерін аттап өте алмаймыз, соның бір дәлелі – Ақтас кешені. Бұл орайда археолог К.Ақышевтің еңбегі өлшеусіз», деді.