Қоғам • 04 Наурыз, 2025

Цифрлық журналистикадағы сын мен сапа

100 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда «Орталық Азия мен Қытайдағы цифрлық журналистика: жергілікті сын-қатерлер мен жаһандық трендтер» атты дөңгелек үстел өтті. Өзекті тақырыптарды қамтыған іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігі, Narxoz университеті, БҰҰ-ның Қазақстандағы жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілдігі, Орталық Азия-Қытай журналистік зерттеулер қауымдастығы бірлесе ұйымдастырды.

Цифрлық журналистикадағы сын мен сапа

Халықаралық медиа сала­сындағы жетекші сарапшылар бас қосқан жиында Цифрлық трансформация және жасанды интеллект жағдайындағы журналистиканың болашағы, бұқаралық ақпарат құралдарында үлкен деректер мен автоматтандырылған талдау­ды қолдану, цифрлық дәуір­дегі медианың халықаралық тә­жірибесі мен даму келешегі секілді мәселелер сараланды.

Мәдениет және ақпа­рат министрлігі БАҚ саласын­да­ғы мемлекеттік саясат депар­та­­ментінің директоры Қайнар Ахетов цифрлық журналистика қазіргі ақпараттық кеңістіктің ажырамас бөлігіне айналғанын, нәтижесінде аудиториямен ара­ласуға, жаңалықтар сапасын жақ­сартуға және медиа плат­фор­малардың көкжиегін кеңейтуге тың серпін пайда болғанын атап өтті.

– Цифрлық платформаға көшу – жаһандық үрдіс. Кейінгі жыл­дары Орталық Азия мен Қытайда интернет пен мобильді құрылғыларды пайдаланушылар саны еселеп өсті. Бұл аудиторияның дәстүрлі жаңалықтарды тұтыну форматтарынан (газеттер, теледидарлар) цифрлық платформаларға жылдам көшуіне әкелді. Не­гізгі мысал ретінде әлеуметтік желілер мен арнайы жаңалықтар сайттарының танымалдылығы артқанын айтуымыз керек. Қо­ғамдық пікір қалыптастыруда әлеу­меттік желі үлкен рөл ат­қар­ғанымен, оның жағымды және жағымсыз тұстары барын ұмыт­пауға тиіспіз. Жеделділік жүйелі жолға қойылғанымен, жалған ақпараттың тез таралуы, қоғамдық пікірді манипуляциялау секілді теріс әсерлер де белең алып жатыр. Өз кезегінде жасанды интеллект журналистикаға белсенді түрде еніп, деректерді жинау және талдау, жазу материалдарын автоматтандыру, сондай-ақ трендтер мен аудиторияның қалауын болжау сияқты үдерістерді оң­тайландыруға көмектесуде. Бүгінгі басқосудың мақсаты – тәжірибе алмасу ғана емес, аймақтағы нақ­ты мәселелерді шешу үшін цифрлық журналистиканы қалай пайдалануға болатынын ашық талқылау. Өйткені цифрлық журналистиканың табысты дамуы үшін тек технологиялық және әдістемелік кедергілерді емес, саяси және әлеуметтік сын-қатерлерді де еңсеру қажет, – дейді Қ.Ахетов.

Мәдениет және ақпарат министрлігі салалық журналис­терді даярлау бағытында жоға­ры оқу орындарымен 10 ме­морандумға қол қойған. Бүгінде саясат, дін, медицина, экология, әскери сала, халықаралық, IT, ауыл шаруашылығы, заң және қаржы-экономика салалары бойынша 7 500-ден аса тыңдаушы оқу курстарын аяқтаған.

Тақырыпқа сәйкес сарапшылар Орталық Азия мен Қытайдағы медиа кеңістіктің дамуына жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қалай ықпал ететінін талқылады.

– Цифрлық БАҚ өздерінің жаңа­лықтар арналарына алаң­дай­ды, өйткені оларды X әлеуметтік медиа қолданбасы басып озды. Оның үстіне сөз бостандығы толық мағынасында және әрекетінде қазір X платформасында байқалады. Бұл қызмет ақылы, бірақ ол қандай болса да, шындықты білуге тұрарлық. Адамзат цифрлық ыңғайлылыққа тез үйренді. Бірақ мұның қатерлі тұсын да көріп отырмыз. Мәселен, ірі бизнестің бәсекелестері арасында өліммен аяқталатын инфаркт жағдайлары орын алды. 2024 жылдың күзінде Ливанның әр тарабында пейджерлер мен рациялардың бір уақытта қалай жарылып, 37 адам қаза тапқанын, тағы 2 750 адам әртүрлі ауырлық дәрежесінде жараланғанын еске түсірейік. Бұл Израильдің барлау қызметі мен армиясының Таяу Шығыстағы Хезболла қозғалысы мүшелеріне қарсы бірлескен операциясы болды. Пейджер жарылысынан зардап шеккендердің арасында Иранның Ливандағы елшісі Моджтаб Амани де бар еді. AI арқасында Қытай қалам, түйме және басқа да интеллекті бар атрибуттар шығарып жатыр. Мұның бәрін бұрын барлау­шылар мен тыңшылар туралы фильм­дерден ғана көретінбіз. Қазір ол Alibaba және басқа да қытайлық сауда платформаларында жаппай сатылады. Қытай бұл тұрғыда ХХІІ ғасырда өмір сүріп жатыр. Цифрлық индустрияның астанасы Гонконгқа барған жан мұны анық түсінеді. Мен суперкомпьютерлер шығарылатын Тяньцзинь қаласында болдым, мұндай құрылғының бірі біздің оқу орындарына да әкелінеді. Илон Маск айтқандай, болашақ – азаматтық цифрлық журналистикада. Өйткені Х сияқты платформаны адамдар жасайды және адамдар үшін жасайды. Дәстүрлі БАҚ-ты бірнеше редактор басқарады. Цифрлық журналистикада бір ғана тұлға редактор, тілші, бейнеоператор, диктор, графикалық дизайнер, журналист міндеттерін бір өзі атқара береді, – дейді Ұлттық ғылым академиясының Білім және әлеуметтік даму орталығы бас­шысының міндетін атқарушы Күлтай Әділова.

Мәдениет және ақпарат министр­лігінің 2025 жылға арналған халықтың медиа сауатын дамыту және Медиасфера мамандарының біліктілігін арттыру жоспары шеңберінде ұйымдастырылған жоба дүниежүзілік радио күнін мерекелеу аясында өтті. Жоба жетекшілерінің бірі профессор Гүлмира Сұлтанбай аталған тақырып Журналистика қысқы мектебінің кезекті бағдарламасында кеңінен талқыланатынын жеткізді. Биыл жобаға жылдағыдай көршілес мемлекеттердің медиа саласындағы білікті мамандары шақырылған.

 

АЛМАТЫ