Қоғам • 04 Наурыз, 2025

Күмәнді курстың әлегі

118 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаржылық сауаттылықтың төмендігі салдарынан азаматтарымыз алаяқтардың құрығына жиі ілінетін болды. Күмәнді курстардан аулақ болыңыздар деп қанша айтса да, көпшілік ен байлықтың үстінен топ ете түскенді әлі де қолай көретін сыңайлы. Талдықорғанда мемлекеттік сатып алу курсына қатысты шулы іс соңына жетті. Сот істі тендер арқылы қомақты ақша табуды үйренемін деп, қаржысынан айрылған тұтынушылардың пайдасына шешті.

Күмәнді курстың әлегі

Жұлдыз Ідірісова есімді азамат Жетісу облысы Сауда және тұтыну­шылардың құқығын қорғау депар­таментіне сапасыз курсқа қатысты шағым түсірген. Мәселемен танысқан департамент мамандары өткен жылы бұл туралы әлеуметтік желілерде хабарлап, азаматтарды қабыл­дау өткізді. Артынша тағы да осы коучтың жұмысына шағым­данған 8 азаматтың шағымын қабыл­­­дады.

Департамент жүргізген жұмыс нәтижесінде кәсіпкер коучтың Салық кодексін елемей, ресми келісімшарт жасаспағаны, төлем кезінде фис­калды чек бермегені белгілі болды. Коуч уәде етілген 1 айлық курстың 3-4 дәрісін өткізіп, оқу үдерісін тоқтатқан. Бұл «Тұтынушылардың құқығын қорғау» заңының 13-бабын өрескел бұзу болып саналды. Салдарынан азаматтар оқудан да, қаржыдан да қағылған. Оқушылар арасында тендерден тез ақша табуға үміттеніп, несие рәсімдегендер де бар.

«Департамент тұтынушыларға кәсіпкер атына сотқа дейінгі талап жолдауда құқықтық көмек көрсетті. Оған кәсіпкер 10 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті. Алайда кәсіпкер жауап бермей, департамент жеке кәсіпкерге қатысты жоспардан тыс тексеріс ашты», деді Департамент басшысы Айдос Дәуешов.

Тексеріс барысында сапасыз қызметтен зардап шеккендердің саны 18 адамға дейін артып, Жетісу облысының тұрғындарынан бөлек Алматы, Қостанай облыстары мен Астана қаласының тұтынушылары да шағымданды. Нәтижесінде, жалпы шығын көлемі 6 593 000 теңгеге дейін ұлғайды. Департамент 10-нан астам тұтынушының заңды мүддесін қорғау мақсатында Талдықорған қа­ласы сотына талап-арыз жолдады. Сот үдерісі барысында кәсіпкер коуч үш тұтынушыға 850 000 теңгеден толық көлемде, екі тұтынушыға 450 000 теңгеден бөліп төледі. Алайда сот талаптарды толық көлемде қанағат­­тандыру туралы шешім қабылдап, барлық қатысушының мүддесін қорғады.

Сауда министрлігіне қарасты Тұтыну­шылар құқығын қорғау комитетіне былтыр білім саласындағы қызметтерге қатысты 877 шағым түскен. Негізінен тұтынушылар сапасыз курстар, оқытушылардың төмен біліктілігі, оқу курстарына ақша қайтарудан бас тарту мәселелеріне орай шағымданған. Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті мұндай «жылдам баю» курс­тары шығынға әкелетінін ескертеді. Сондықтан сарапшы тренерлер туралы ақпаратты мұқият тексеру, міндетті түрде ресми келісімшарт жасасу және фискалды чек талап ету қажет. Күмәнді жағдайларда құқық­­тарыңызды қорғау үшін уәкілетті органдарға жүгінуге болады.