Саясат • 04 Наурыз, 2025

Мароккоға алғашқы ресми сапар

89 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Рабатқа екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы алғашқы ресми сапармен барды. Іссапар Марокко Корольдігінің Сыртқы істер, Африка ынтымақтастығы және шетелде тұра­тын марокколықтар істері министрі Насер Буританың шақы­руымен ұйымдастырылды.

Мароккоға алғашқы ресми сапар

Кездесуде саяси диалогті жандандыру, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыс­тарды нығайту, мәдени-гумани­тарлық саладағы екіжақты іс-қи­мылды дамыту перспективала­ры талқыланды. Әңгімелесу барысында энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар, инновациялар, бі­лім беру және туризм сияқ­ты са­лаларда серіктестікті терең­дету мә­селелері де айтылды. Осы­ған орай тараптар шарт­тық-құ­қық­тық базаны одан әрі жетіл­діру­ге және әртүрлі деңгейдегі са­пар­лар­мен алмасу тәжірибесін жалғас­­тыруға өзара дайындығын білдірді.

«Қазақстан Марокконы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңірінде маңызды және жа­қын серіктес ретінде таниды. 30 жыл­дан аса дипломатиялық қарым-қатынастар барысында біз ортақ құндылықтарға негіз­дел­ген мазмұнды саяси диалог құра алдық және сындарлы парламентаралық өзара іс-қимылды жолға қойдық», деді Мұрат Нұртілеу.

Өз кезегінде Насер Бурита Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылық рөлін ерекше атап өтіп, өзара іс-қи­мылды сапалы нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Әрі ол екі елді Солтүстік Африка мен Орталық Азияға қақпа ретінде қарастыратынын айтты.

Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 70%-ға өсіп, 274 млн долларға жеткен. Осыны ескерген ҚР СІМ басшысы еліміз дайын мұнай-химия және металлургия өнімдерін, азық-түлік тауарларын қоса алғанда, 130 млн доллар сомасына 25 негізгі тауар позициясы бойынша экспортты кеңейтуге ниетін білдірді. Оған қоса М.Нұртілеу Мароккоға Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) қыз­ме­тіне қызығушылық танытқа­ны үшін ризашылығын білдіріп, оның Жарғысын жақын арада ратификациялаудың маңызды­лығын тілге тиек етті. Жиын барысында биыл Астанада өтетін АҚИҰ-ның жетінші Бас ассам­блея­сына қатысуға шақырды.

Сондай-ақ тараптар мамыр айында өтетін Астана халық­аралық форумын және биылға жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 8-съезі төңірегінде әңгіме өр­бітті. Талқылауда цифрлан­ды­ру тақырыбы да назардан тыс қал­­мады. Қазақстан тарапы цифрлық экономиканы дамыту­ға бағытталған «Digital Morocco 2030» бағдарламасы шеңбе­рінде Мароккомен ынтымақ­тас­тыққа мүдделілігін білдірді және қазақстандық IT-компания­лардың электрондық үкімет, ин­но­вациялық IT-шешімдер және киберқауіпсіздік саласындағы қанатқақты жобаларды ұсынуға дайындығы туралы хабардар етті.

Министрлер Марокко жұрт­шылығының үлкен қызы­ғушылығын тудырған Астана академиялық филармониясы мен Рабаттың бас оркестрі концертінің сәтті өтуіне, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың маңыздылығына баса мән берді.

Айта кетерлігі, жақын арада екіжақты визасыз режім туралы келісім күшіне енеді. Бұл іскерлік байланыстарды дамыту және азаматтар арасындағы байланыс­тарды кеңейту үшін жасалған. Ерекшелігі сол, Марокко – осы типтегі байланыс орнатқан Африкадағы алғашқы еліміз. Сондықтан кездесуде тараптар биыл әуе қатынасы туралы келісім бойынша жұмысты аяқтауға және тікелей әуе рейстерін іске қосу мүмкіндігін қарастыруға келісті.

Келіссөздер қорытындысында екі ел саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Марокко қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылысын көрсетті.

Сапар аясында қазақ делегациясы сұлтан мен тұңғыш король V Мұхаммед (1909–1961) ке­се­несіне барды. Рабаттың ор­та­лы­­ғында мо­нарх пен оның екі ұлы­ның қа­бірі бар керемет ғима­рат әйгі­лі Хасан мұнарасының жа­­нын­да орналасқан. ҚР СІМ бас­шы­сы гүл шоқтарын қойып, құрмет­ті қонақтар кітабына жазба қалдырды.

Бұған қоса М.Нұртілеу экономиканың түрлі сек­торларында жұмыс істейтін жетек­ші марокколық компаниялар өкіл­дерімен бірқатар кездесу өткізді. Атап айтсақ, «Zine Capital Invest» холдингінің президенті Нуред­дин Зинмен жүздесу барысында ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі және логистика саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Ал «Alomra Group International» бас директоры Дрисс Беномармен сұхбат қауіпсіздік саласында инновациялық шешімдерді енгізу перспективаларына бағытталды.

«Cadex Group» компания­сының президенті Джавад Юссе­фимен кездесу барысында тау-кен металлургия кәсіп­орындарына техникалық қызмет көрсету саласындағы ынты­мақтастық мәселелері қаралды. «Anfa Realities» компаниясының негізін қалаушы Юнес Эссаси­мен жүздесуде құрылыс сала­сын­дағы бірлескен жобалар сөз болды. Талқылаулар бары­сын­да Қазақстан Үкіметі Марок­комен экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін бастамалар мен жобаларды табысты іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.