Әлем • 04 Наурыз, 2025

АҚШ пен Украина ымыраға келе алмады

81 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақүйде өткен Дональд Трамп пен Володимир Зеленскийдің кездесуі нәтиже бермеді. Тараптар келісімге келе алмай, АҚШ үкіметі тіпті Украин басшысының Ақүйден кетуін талап етті. Сәтсіз аяқталған кездесу қайта жалғаса ма?

АҚШ пен Украина ымыраға келе алмады

Зеленский кешірім сұрауы керек пе?

Трамп, АҚШ вице-президенті Джэй Ди Вэнс және Зеленский өткен жұма күні Вашингтонда кездескен еді. Ақүй басшысы Зеленскийге Украинаның әскери операцияларды жалғастыруға мүмкіндігі жоқ екенін және Вашингтонның көмегінсіз қақтығыстың алғашқы күннен бастап-ақ қарсы тұра алмайтынын айтты. Зеленский де өз позициясынан таймай Украина­ның Ресеймен жалғыз күресіп жат­қа­нын алға тартумен болды. Осы­лай­ша, бетпе-бет жүздесу ақыры дау­ға ұласып, Украина президенті Ақүйді келісілген уақыттан бұрын тастап кетуге мәжбүр болды. Екі тарап арасындағы украиналық сирек металдарға қол жеткізу туралы жоспарланған келісімге де қол қойылмады.

Енді Трамп әкімшілігі, оның ішінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ақүй Киевпен қарым-қатынасты қалпына келтіру үшін Зеленский жұртшылық алдында АҚШ-тан кешірім сұрау керек деп мәлімдеді. Еуропа елдері болса, Зеленскийді қолдайтынын жеткізді, бірақ оны Трамппен татуласуға шақырды.

Екі президенттің кездесуінен соң АҚШ Сенаты бірден Трамп пен Зеленский арасындағы жанжалдың себебін түсіндірді. АҚШ сенаторы Джим Бэнкс «Breitbart News»-ке берген сұхбатында Зеленский Америкаға құрметсіздік көрсетті деп мәлімдеді. «Зеленский Американы құрметтемеді, оның киімінің өзі Американы құрметтемей тұрғанын анық байқатты», деді ол. Сондай-ақ Бэнкс Трампқа қарағанда Зеленскийдің өзі бейбітшілікке ұмтылып тұрғанын айтып қалды.

Ал «Sky News» сарапшысы Дебора Хейнс Трамп пен Зеленский арасындағы кикілжің Украина үшін апат, Ресей үшін жеңіс екенін жазды. «Егер Трамп ашулы кезде Украинаға берген барлық әскери көмегінен бас тартса, Киевтің жағдайы айтарлықтай төмендейді», деп түсіндірді ол. Хейнстің айтуынша, дәл қазір Американың Украинаны қолдауы өте маңызды, өйткені Еуропа бұл олқылықтың орнын толтыра алмайды. Бұл сценарийде жеңетін жалғыз адам – Путин мырза.

«Bloomberg» таратқан ақпаратқа сәйкес, Трамп пен Зеленскийдің Ақүйдегі жанжалынан соң көптеген еуропалық көшбасшы Украина президентін қолдап, қошемет көрсеткен, бірақ кейбіреуі оны АҚШ-пен қарым-қатынасты қал­пына келтіруге тырысу қажеттігін айтып кеңес берген. Мәселен, НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте Зеленскиймен телефон арқы­лы сөйлескен кезде Трамптың Ук­раинаға көрсеткен көмегін құрмет­теу керектігін және ол АҚШ-пен қа­рым-қатынасты қалпына келті­рудің жолын табуы керектігін айтқан.

Зеленский АҚШ-қа барардан бір күн бұрын Рютте Солтүстік Атлантикалық альянс Украина­ға «миллиардтаған еуро» және қауіпсіздік кепілдігі үшін жарналарды қамтитын жаңа көмек пакетін дайындап жатқанын хабар­лаған еді. НАТО-ның бас хатшысы бұл туралы Трамппен телефон арқылы сөйлескеннен кейін мәлімдеді. Рютте Ақүй басшысымен болған әңгімелесуді өте жақсы деп бағалағанын да жеткізді.

Сарапшылардың көбі Зелен­скийдің осы НАТО-ның кеңесіне құлақ асқаны жөн деген пікірде. Өйткені Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымы еуропалық қауіп­сіздік мәселелеріне жауап береді.

«Менің ойымша, НАТО-ның тұтастығы үшін алаңдаудың қажеті жоқ, бұл – өте мықты құрылым. Ол өз жұмысын жалғастырады. Тіпті жаңа мүшелердің қосылуына байланысты күшеюі де мүмкін. Мысал ретінде Швеция мен Финлян­дия­ны айтуға болады. Жалпы, АҚШ-тың риторикасына мұқият назар аударсақ, олар Солтүстік Ат­лан­тикалық альянстың тарауы туралы емес, керісінше, еуропалық қатысушылардың жауапкершілігін арттырып отыр», деді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институ­тының директоры Еркін Тұқы­мов «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында.

 

Бар үміт – Еуропада

Ал Зеленский Вашингтоннан кешірім сұрамайтынын аңғартты. Ақүйден шыққан соң ол бірден «Fox News» телеарнасына сұхбат берді. Журналистің «кешірім сұрау керек пе?» деген сұрағына Зеленский: «Америка Құрама Штаттарына ризамын, бірақ мен жаман ештеңе істемедім деп ойлаймын. Кейбір нәрселерді камерадан тыс талқылау керек», деп жауап берді.

Вашингтоннан әрі қарай Украин басшысы Лондонға ұшып барып, еуропалық көшбасшылар саммитіне қатысты, содан кейін Сандрингем резиденциясында Ұлыбритания королі III Чарльзбен кездесті.

«Саммиттің басты мақсаты қақтығысты тоқтату жоспарын әзірлеу болды», деді саммитті ұйымдастырушы, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер. Оның айтуынша, бұл жоспар кейін АҚШ-пен талқыланып, бір­ге жүзеге асырылады. Кездесу­ге қатысушылар қақтығыс жүріп жатқан кезде Украинаға әскери көмек көрсетуді жалғастыруға және Ресейге экономикалық қысымды күшейтуге келісті. Егер бейбіт келісімге қол жеткізілсе, еуропалық көшбасшылар Ресейдің Украинаға болашақта кез келген уақытта басып кіруіне жол бермеуге тырысады. Сондай-ақ Украинаны қорғау және елдегі бейбітшілікті қамтамасыз ететін «қалаулылар коалициясы» құрылады.

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, бұл Украинаның экономикасына да, әскери тұрақтылығына да қатысты. «Біз қорғанысымызды күшейтуіміз керек, алға үлкен қадам жасауымыз керек», деді ол.

Урсула фон дер Ляйен сондай-ақ Лондоннан Дональд Трампқа қарата сөйлеп: «Біз сізбен «көршімізге басып кіре алмаймыз немесе шекараны күшпен өзгерте алмаймыз» деген демократия мен заң үстемдігі қағидатын қорғауға дайынбыз. Болашақ қақтығыстардың алдын алу – біздің ортақ мүддеміз», деді.

Сондай-ақ Германия канцле­рі Олаф Шольц Лондонда өткен саммитте НАТО-дағы «трансат­лантикалық альянс» АҚШ, Канада және Еуропа үшін «қауіпсіздіктің кілті» болып қала беретінін атап өтті. Ол одақ жаңа мүшелер мен қорғаныс шығындары арқылы нығайғанын айтты.

Ал Польша премьер-министрі Дональд Туск саммиттен кейін Х әлеуметтік желісінде: «Еуропа оянды» деп жазды. Тусктің айтуынша, қатысушылар Украинаға көмек көрсетуді, тығыз трансатлантика­лық ынтымақ­тастық пен шығыс шека­раны нығай­туды бірауыздан қол­да­ды. ВСС мәліметінше, Италия­ның премьер-министрі Джорджия Мелони «бейбітшілікті бұзуға бола ма?» деген сұраққа мұқият болу қажеттігін айтқан. «Өйткені, өкінішке қарай, біз мұндай жағдай­ды бұрын да көрдік», деді ол. Нидер­ланд премьер-министрі Дик Схооф болса: «Еуропа құрлықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқаруы керек, жақсы трансат­лантикалық қарым-қаты­настар да қажет», деп атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар

Мейірім маршы

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20

Бұйырған кетпейді

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10

Ең төменгі нота

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:02

Қолдан көлік құрастырған

Өнер • Бүгін, 08:00

Қолөнершілер бас қосты

Қоғам • Бүгін, 07:55