
«Ассамблея жылдар бойы халқымыздың ырысты ынтымағын нығайтуға, қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді сақтауға өлшеусіз үлес қосып келеді. Осы ұйымның белсенді қызметі еліміздегі барлық этностың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін үйлесімді дамытуға, сондай-ақ қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі мәртебесін көтеруге жол ашты. Парламенттегі өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог орнатқан тиімді құрылымға айналды. Ұйым мүшелері Қазақстандағы ауқымды өзгерістерге де барынша атсалысып келеді. Ассамблеяға ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, отаншылдық пен ынтымақтастық, жасампаздық пен жауапкершілік сияқты басты құндылықтарды дәріптеу жолында айрықша рөл атқарады. Сіздер еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау және жалпы ұлттық бірлікті нығайту үшін аянбай еңбек ете бересіздер деп сенемін. Жетістіктеріңіз көп болсын», деп жазылған Президент хатында.
Мемлекет басшысының бұл құттықтауы еліміздің барлық Достық үйлерінде де оқылды. Сондай-ақ салтанатты іс-шара аясында облыс орталықтары мен республикалық маңызға ие қалаларда орналасқан ҚХА құрылымдарында бір мезетте «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мемориалдық тақталары ашылды.
– Бұл жолғы іс-шараға өңірлерден ешкімді шақырмадық. Дегенмен бәріміз онлайн режімде байланыстамыз. Осыдан тура 30 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі тұрақтылық пен татулықты сақтау үшін қабылданған маңызды шешім болды. Ассамблея – қоғамда этностар арасындағы сыйластық пен түсіністікті қамтамасыз ететін, ел бірлігін нығайтатын бірегей институт. Халықаралық аренада «қазақстандық модель» тұрақтылық пен келісімнің сәтті тәжірибесі ретінде жоғары бағаланады. Бұл – бірлік пен достықты бағалай білетін халқымыздың ортақ жетістігі. Біз осы құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат етуіміз керек, – дей келе Марат Әзілханов өз баяндамасында ассамблеяның бастамалары әр этностың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, жалпыұлттық мүдде жолында өркендеуіне мүмкіндік жасағанын баса айтты.
Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, этномәдени бірлестіктер мен ассамблея ардагерлері, белгілі қоғам қайраткерлері және сарапшылар қатысты.
– Мерейтойлық жыл аясында ассамблея биыл 400-ден аса іс-шараны өткізуді жоспарлап отыр. Оның ішінде ғылыми-практикалық концеренциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және өзге де әлеуметтік-мәдени бағыттағы жиындар бар. Әр бастама елдегі бірлік пен татулықты одан әрі нығайтуға бағытталған, – деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.
Татулықты ту еткен бірегей институт 1995 жылы 1 наурызда өз жұмысын бастады. Бүгінде оның құрылымында 583 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Қазіргі уақытта елімізде 1 000-нан аса этномәдени бірлестік тіркелген. Жиын аясындағы дөңгелек үстелде ассамблеяның белгілі қайраткерлері осы ҚХА-ның құрылуы және оны құру идеясы туралы айта келе, 30 жылдағы маңызды жетістіктерін ортаға салды.
– Биылғы мереке ассамблеяның 30 жылдығымен, Алғыс айту күнінің 9 жылдығымен және оразаның бірінші күнімен сәйкес келіп тұр. Осының бәрі – өте рәміздік мәні бар жағдай. Бұл – біздің ортақ мерекеміз, бірлігіміздің, тірлігіміздің мерекесі. Тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай халқына деген терең тағзымның белгісі. 30 жыл ішінде ассамблея Қазақстан халқының бірлігінің үлкен тірегіне айналды, этностарды бір ұлтқа ұйыстыра алды, – деді ассамблея ардагері, қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов.
Алғыс айту күнінің маңыздылығы мен мазмұны да айрықша аталды. Армян этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрайымы Ирина Микаелян көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекенің тамыры тереңде екенін еске салды.
– Саяси қуғын-сүргін кезінде көптеген этнос Қазақстанға қоныс аударылды. Сол кезде қазақ халқы үйсіз қалғандарға пана болды, аш қалғандарға аузындағы асын бөліп берді. Қазақ халқының осы мейіріміне алғыс айтатын бір күннің белгіленуі осы тұрғыдан қисынды. Қазір елімізде 18 мың армян этносының өкілі тұрып жатыр. Азаматтығы жоқ болса да тұрақты мекен етіп жатқан қандастарымыз бар. Қуғын-сүргін аяқталғаннан кейін қызмет бабымен, саяхаттап келіп те осы елде қалып қойған армяндар бар. Мұның бәрі Қазақстан бейбіт, татулық орнаған отан екенін көрсетеді, – деді И.Микаелян.
Іс-шара соңында ҚХА-ның жыл сайынғы «Қайырымдылық керуені» акциясы басталғаны хабарланды. Одан бөлек, ассамблея ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табыс етілді. Кейін қатысушылар «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне арнайы барып, гүл шоқтарын қойды. Сол күні еліміздің барлық өңірінде ҚХА 30 жылдығына және Алғыс айту күніне арналған челлендждер, фестиваль-көрмелер, концерттер және басқа да іс-шаралар өтті.