
Фото: Н. Байбуллин
Онда «Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар қаралды.
Бұл заңдар Қазақстан мен Қатар арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға және қылмыстық істер бойынша өзара тиімді іс-қимылды қамтамасыз етуге бағытталған. 2024 жылғы 14 ақпанда Дохада қол қойылған келісімдер іздеуде жүрген адамдарды ұстап беру тәртібі мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін реттейді. Құжаттарда экстрадициялаудан бас тарту негіздері қарастырылған, оның ішінде қылмыстың саяси сипаты болуы, қылмыстық қудалау мерзімінің өтуі немесе іздеудегі адамды азаптау не қатыгездік қаупінің туындауы сияқты жағдайлар ескерілген. Келісімдер сондай-ақ ақпарат және дәлелдер алмасу, тергеу амалдарын жүргізу, ұсталған адамдарды уақытша беру, құжаттарды тапсыру, тінту және мүлікті тәркілеу рәсімдерін қамтиды.
Отырыс барысында бұл келісімдерді ратификациялау Қазақстан мен Қатардың құзыретті органдары арасындағы қылмысқа қарсы іс-қимыл ынтымақтастығын арттыруға, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Сонымен қатар, оларды жүзеге асыру қосымша бюджет шығынын қажет етпейді. Талқылау қорытындысы бойынша заңдарды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылданды.