
Жобаның құны – 8,5 млрд теңге. Игі іс «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен Ұлытау облысы әкімдігінің меморандумы аясында, Bank RBK қолдауымен жүзеге асты. Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы 7 816 шаршы метрді құрайды. Спорт кешенінде 1200 шаршы метр спорт залы бар. Ауданы 350 шаршы метр көркем, спорттық гимнастика залында түрлі снарядтар орнатылып, төсеніштер төселген. Ұзындығы 25 метрді құрайтын бассейн қаладағы алғашқы үлкен бассейн. Спорт кешенінде командалық спорт түрлеріне арналған электронды табло, баскетбол алаңы, 320 көрерменге арналған трибуна бар. Екінші қабатында үстел теннисі, бокс, басқа да спорт түрлерімен шұғылдануға арналған құрылғылар орнатылған.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтің айтуынша, компания жыл басынан бері Ұлытау облысында үш нысанды қолданысқа беріп үлгерді. Сәтбаев қаласында «Ақбота» балабақшасы күрделі жөндеуден өтіп, балғындарға есігін айқара ашты. Жезқазған қаласында еліміздегі ең ірі шахмат академиясы ашылды. Енді міне, «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 5–6 нысанды аяқтау жоспарда бар.
Ұлытау облысы