Заң мен Тәртіп • 05 Наурыз, 2025

Судьялар ісін тексерудің тың тәсілі

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Жоғары сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің жұмысындағы жаңа тәсілдер туралы» атты баспасөз мәслихатында судьялардың заң бұзып, өрескел қателіктер жіберу фактілерін тексерудің жаңа тетігі қолданысқа енгізілгені хабарланды.

Судьялар ісін тексерудің тың тәсілі

Сурет: zhaikpress.kz

Жоғары сот Кеңесі жанындағы Сот жюриі барлық сот сатысындағы судьяларға қатысты тәртіптік істер мен материалдарды қарап, тексеруге уәкілеттігі бар орган саналады. Сот жюриінің төрағасы Нұржан Қайыпжан былтыр судьялардың тәртіптік жауапкершілігін күшейту мақсатында заңнамаға түзетулер жасалып, 2024 жылдың 1 қаза­нынан бастап судьялар тарапынан заңды өрескел бұзудың барлық фактісін тексерудің жаңа жүйесі қолданысқа енгізілгенін мәлімдеді.

«Аталған өзгеріске байланысты заңды өрескел бұзу фактісі анықталса, жоғары тұрған сот сатысы (апелляция немесе кассация) судьяны тәртіптік жауап­кершілікке тартуға ұсыныс жасап, ол іс міндетті түрде Сот жюриінің қарауына жіберіледі», деді спикер.

Бұрын судьялар тарапынан жасалған заңсыз­дықтар Жоғарғы сот төрағасының ұсынуы немесе жоғарғы және облыстық соттардың жалпы отырыстарының шешімдерімен ғана қазылар алқасына жіберілетін. Бұл үрдіс тым күрделі болған­дықтан, өрескел заң бұзушылық орын алған істердің басым бөлігі жауапсыз қалатын.

«Жаңа жүйе мұндай фактілердің бәрін Сот жюриі қарауға мүмкіндік туғызады. Бұл іс сот төрелігін іске асыру сапасын арттырып, азаматтар­дың судьяларға деген сенімін күшейтері анық», деді Н.Қайыпжан.

Спикердің айтуынша, қазір Сот жюриінің құрамында Жоғарғы соттың 4, облыстық соттардың 5, аудандық деңгейдегі 4 судьясы бар. Барлық сот инстанциясы өкілдерінің пікірін ескере отырып жасақталған бұл құрам неғұрлым объективті, салмақты шешімдер қабылдайды.

«Ісі қаралған судья Сот жюриінің шешімдерімен келіспеген жағдайда Жоғары сот Кеңесіне шағымдана алады. Бұл Кеңес судьяның дәлелдерін мұқият зерделеп, Сот жюриінің жүргізіп жатқан тәртіптік ісін тоқтатуға, материалдарды қайта қарауға жіберуге, тіпті шешімінің күшін жоюға құқылы», деді Н.Қайыпжан.

Сонымен қатар Сот жюриіне жіберілген материалдармен ісі қаралып жатқан судья таныса алатыны, қажет болған жағдайда іске адвокаттар мен заң консультанттарын тартуға құқылы екені айтылды. Спикерлер судьялардың тәуелсіздігін нығайту және судьяларға қысым жасау тәуекелдерін болдырмау мәселелеріне қатысты да ойларын ортаға салды.