10 Ақпан, 2015

Қаржы нарығындағы жағдай қалыпты

282 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ұлттық банк кеше еліміздің қаржы нарығындағы ахуал туралы мәліметтерді жария­лады. Әрине, бүгінгідей жаһан экономикасы шатқаяқтап, қаржылық қал-жайы құбылмалы күй кешіп тұрған кезеңде елдегі қаржылық ахуалдың соншалық жағымды көрсеткіштермен өрнектелуі екіталай. Дегенмен, шүкір, Ұлттық банк деректері дегбірді қашыратындай емес екен. Керісінше, әлемді әбігерге салған дағдарыс кезінде де еліміздің «есебі түгел» екенін еске салады. Көрсеткіштер «бөркімізді аспанға ататындай» сүйінші сандар болмаса да, қазақы «тәубемізді» тілге тиек ететіндей. Айталық, өткен жылдың қорытындылары бойынша жылдық инфляция 7,4 пайызды, құрады. Ал, оның алдыңғы жылда бұл 4,8 пайыз болатын. Бірақ бұл жерде жаһандық жағдайды ескеріп қараған жөн. Негізінде, 2014 жылы инфляция деңгейінің өсуі бірнеше факторларға байланысты болды. Мәселен, 2014 жылғы бірінші жартыжылдықта ақпандағы ұлттық валютаның айырбастау бағамын түзетуге және оған байланысты импортталатын тауарлардың қымбаттауына, сондай-ақ, маусымдық факторларға байланысты да инфляция өсті. Ал екінші жартыжылдықта тамыз айындағы ішкі нарықта бензин мен дизель отыны бағасының өсуіне, сондай-ақ, табиғи монополиялар кәсіпорындарының қызметтеріне бағалардың өсуіне байланысты орын алды. Десе де, Ұлттық банк инфляцияны 5-8 пайыз мақсатты дәлізде сақтау бойынша шаралар қабылдауды жалғастыруда. Ал енді төлем балансы және жалпы сыртқы борыш жайына тоқталайық. Өткен жылғы 9 айдың нәтижелері бойынша ағымдағы операциялар шотының оң сальдосы шамамен 5,2 млрд. АҚШ долларын немесе ІЖӨ-нің 3,6 пайызын құраған. Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы операциялар шотының 2013 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда салыстырмалы түрде жақсаруы тауарлар импортының айтарлықтай жоғары қарқынмен қысқаруы нәтижесінде сауда балансы профицитінің 30,0 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғаюы есебінен болған. Ал тауарлар экспорты 2,6 пайызға төмендей отырып, 61,8 млрд. АҚШ долларын құраған. Импорт 14,4 пайызға, 31,8 млрд. АҚШ долларына дейін қысқарды. Еліміздің сыртқы қарызы 2014 жылғы 30 қыркүйекте 155,2 млрд. АҚШ долларын көрсетті. Сыртқы қарыз құрылымында банк секторының үлесі 7 пайызды, яғни 10,6 млрд. АҚШ долларын құраған. Қазіргі күні көптің көңілінде жүрген түйткілді мәселенің бірі айырбастау бағамы туралы деректер. Ал Ұлттық банктің хабарлауынша, Қазіргі уақытта теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамы тұрақты болып қалуда, оның 2014 жылғы ақпанның ортасынан бастап аяғына дейінгі ауытқулары 1 АҚШ доллары үшін 180,87-184,95 теңгені құрады. 2014 жылғы желтоқсанның аяғында Ұлттық банктің ресми бағамы 1 АҚШ доллары үшін 182,35 теңге болды. Сонымен қатар, депозит нарығында өсім бар. Айталық, резиденттердің банктердегі депозиттерінің көлемі 2014 жылы 15,9 пайызға, 11 694, 0 млрд. теңгеге дейін өсті. Ұлттық валю­та­дағы депозиттер 17,7 пайызға, 5 197,7 млрд. теңгеге төмендеді, шетел валютасындағы депозиттер 72,2 пайызға, 6 496,3 млрд. теңгеге дейін көбейді. Халықтың банктердегі салымдары (резидент еместерді есептегенде) 2014 жылы 12,5 пайызға, 4 438,1 млрд. теңгеге дейін ұлғайған. Несие нарығындағы жағдай да қалыпты. Банктердің экономиканы несиелеуінің жалпы көлемі 2014 жылы 7,2 пайызға ұлғайып, 12 106,1 млрд. теңге болды. Оның 14,8 пайызын немесе 1 787,8 млрд. теңгені шағын бизнеске берілген несиелер құрайды. Ұлттық валютадағы несиелер көлемі 7,9 пайызға 8 565,5 млрд. теңгеге дейін, шетел валютасындағы несиелер көлемі 5,5 пайызға 3 540,6 млрд. теңгеге дейін ұлғайған. Теңгедегі несиелердің үлес салмағы 2014 жылғы желтоқсанда 2013 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 70,3 пайыздан 70,8 пайызға дейін көтеріліпті. Енді халықаралық резервтері және ақша агрегаттары туралы айтсақ, 2014 жылы Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері 17,0 пайызға, 28,9 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайды, бұл тауарлар мен көрсетілетін қызметтер импортының 6 айын құрайды. Ұлт­тық қордың активтері 2014 жылы 3,9 пайызға ұл­ғайып, алдын ала деректер бойынша 73,6 млрд. АҚШ долларын құрады. Өткен жылы Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, тұтас­тай алғанда елдің халықаралық резервтері 7,3 пай­ызға, 102,5 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайды. Ақша базасы 2014 жылы 20,8 пайызға кеңейіп, 3 413,6 млрд. теңгені құрады. Ақша базасының кеңеюіне негізінен таза халық­аралық резервтердің ұлғаюы ықпал етті. 2014 жылы ақша массасы банк жүйесінің сыртқы, сол сияқты, ішкі активтерінің өсуі есебінен 10,5 пайызға, 12 816,3 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. Зейнетақы жүйесінде де жұмыс жүйелі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2013 жылғы маусымда Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылғаны белгілі. Ал өткен жылы ондағы кіріс 6,3 пайызға жеткен. Салымшылардың зейнетақы жинақтары 2014 жылдың басынан бері 784,4 млрд. теңгеге ұлғая отырып, 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 4 517,8 млрд. теңгені құраған. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».