
Микеланджелоның шығармашылық адамы болуына балалық шақтағы оқиғалары әсер еткен.
Әкесі Людовик Симони қалалық резиденцияда нотариус болған. Анасы Франческо ди Нери Микеланджело алты жасқа толғанда өмірден өтеді. Әкесі екінші рет үйленеді. Анасынан ерте айырылған бала жетімдіктің тақсыретін тартады. Әкесі өте қатал адам болғандықтан, ол өз үйінде өте аз қонатын. Тас қашаушы көршісінің үйінен шықпайтын. Оның шығармашылық үдерісіне қызыға қарап отыра беретін.
Микеланджелоның абыройын асырып, атын әлемге танытқан шығарма – «Адамның жаратылуы» картинасы. Бұл туынды 1508 жылдың көкек айында Папа Юлийдің тапсырмасымен шіркеу төбесіне салынған фреска еді. Мұнда суретші дүниенің жаратылуы хақындағы Інжілдің ілкі аңызын бейнелейді. Онда Жаратушы адамды өз бейнесіне ұқсатып жаратқанын айтады. Микеланджело дәл осыған басым бағыт береді.
Картинаның ең драмалық шиеленісін құдай мен адамның созған қолдары жасап тұр. Бұл екі болмыс арасындағы рухани байланысты білдіреді дейді өнертанушылар. Иә, Тәңір адамға өз рухын үрледі. Бойына құдірет дарытты. Өзіне ұқсауына мүмкіндік берді. Дәл осы сәулелі сәтті бейнелеу Микеланджелоның қылқаламына бұйырған еді. Кейін бұл картина оның төлқұжатына айналып кетті.
Микеланджело 1564 жылы 18 ақпанда безгек ауруынан қайтыс болады. Ақтық демі шығар алдында сүлей суреткер: «Мен өз мамандығымның тек әліпбиін ғана үйрене бастағанымда өмірден өтіп бара жатқаныма қатты өкінемін», деп күрсініпті.