Оқиға • 06 Наурыз, 2025

Ғалым әйелдерге Найля Базанова атындағы марапат табысталды

230 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ғылым ордасында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы алғаш рет ғалым әйелдерге арналған академик Н.Базанова атындағы марапат табыс етілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғалым әйелдерге Найля Базанова атындағы марапат табысталды

Академик Найля Оразғұлқызы Базанова – Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш әйел-академик, көрнекті физиолог, қоғам қайраткері. Ол қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

ҰҒА Президенті, академик Ақылбек Күрішбаев ғалым аруларды 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, еліміздегі ғылымды дамытудың маңызын атап өтті.

Айтулы шараға ғылымды дамытуға айрықша үлес қосып жүрген 400-ге жуық жетекші әйел-ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар мен жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың басшылары қатысып, әйел-ғалымдарға арналған академик Н.Базанова атындағы марапат отандық ғылымның дамуына айрықша үлес қосып, ғылымның әртүрлі бағыттарында үздік нәтиже көрсетіп жүрген 48 ғалымға табыс етілді. Марапатқа лайықты үміткерлер университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары ұжымдарының ұсыныстары бойынша анықталды.

«Мемлекет басшысының бастамасымен «Жаңа Қазақстан» құруды алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз. Осы кешенді жоспардың ішінде әйелдердің ғылым саласын дамытудағы алар орны ерекше болмақ. Алдымызда жауапты міндеттер тұр. Президент «Әйел – өмір тірегі ғана емес, өмірдің өзі» дей отырып, әйелдер еңбегін лайықты бағалау, ана мен отбасын қорғау, рухани қолдау – мемлекеттік саясаттың алтын арқауы екенін әрқашан атап айтып келеді. Өткен бір жылдың ішінде қаншама жас ғалым қыздарымыз мемлекет басшының тапсырысымен пәтер алды. Мемлекеттік сыйлықтар,  стипендия, гранттар иегерлері атанды. Бұл үрдіс әлі де жалғасады деп сенеміз. Көктем мерекесі – барша нәзік жандыларға деген шексіз сүйіспеншіліктің белгісіне айналды. Халқымызда «Ана ұлтты тәрбиелейді» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Қоғамда әйелдер кеңінен араласқан саланың барлығында жеңіс те, жеміс те қатар жүреді», деп атап өтті ҰҒА президенті.

Бүгінде елімізде ғылыммен айналысып жүрген әйелдер арасындағы зерттеуші мамандар 12 мыңға жуықтайды. Бұл жалпы ғалымдар санының 55,6 пайызын құрайды. Ғылыми дәреже қорғаған нәзік жандылар қатары жыл сайын өсіп келеді. Биылғы көрсеткіш бойынша әйелдер арасындағы ғылым докторлары – 848, ғылым кандидаттары – 2 872, PhD докторлар – 1 806-ға жетті.

ҰҒА деректері бойынша, былтыр қазақстандық ғалым әйелдер Web of Science және Scopus журналдарында 3 мыңнан астам мақала жарияланып, 2023 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артқан. Былтыр Web of Science бірінші квартиліндегі ең беделді журналдарда жариялаған мақалалар саны 500-ден асты.

 

АЛМАТЫ