
«Жезқазған – Қызылорда» аралығындағы республикалық маңызы бар автожол құрылысы мәселесі қаражаттың жоқтығынан үш жылға жуық уақыт бойы тиянақталмай келеді. Байқау сегіз айға созылған. 2024 жылдың соңында байқау өтіп, тендерді Қытай компаниясының төрт мердігері ұтып алыпты. Олар 2024 жылғы қарашадан бастап 8 учаскеге бөлініп, төрт жерге өздерінің базаларын қойып, қоршап, арнайы техникаларын әкелген. Қазірде 223 бірлік арнайы техника, инженерлік-техникалық құрам толық жұмылдырылды. Уақытша айналма жол мен жол-құрылыс материалдары қоймаларына жер бөліп беру жұмыстары аяқталып қалды, карьерлерін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Түсіпов:
– Күн жылынып, жер аяғы кеңіген соң, наурыз айының соңы, сәуірдің басында қауырт жұмыс басталады. Қаражатты Азия даму банкі береді. Әзірге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қызылорда облысының шекарасы мен Жезқазған қаласына дейінгі аралық – 208 шақырым. «ҚазАвтоЖол» ҰК мәліметі бойынша, биыл негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, 2025 жылдың соңына дейін 100 шақырым жолдың төменгі қабатын салу жоспарланған. Қаражат әзірге осы жартысына бөлінбек. Азия даму банкі біздегі облыстық, республикалық маңызы бар жолдарға бөлінетін қаражат сияқты емес, олар әрбір мердігердің жасаған жұмысын есепке алады. Қаражат шешілсе жұмыс жүріп кетеді. Тендерді Қызылорда облысы жолын салып жатқан мердігерлер ұтып алған. Сол Қытай компаниясы бері қарай жылжиды. Жол құрылысында зор тәжірибесі бар компания жұмысқа сақадай-сай», – дейді.
Ұлытау облысында аудан, шағын қалаға қатынайтын автожолдарды жөндеуден өткізу мәселесі де өзекті. Соның бірі – «Жаңаарқа – Жезқазған» жолы. Жол республикалық маңызға ие, «ҚазАвтоЖол» ҰК-ға қарайды. «ҚазАвтоЖолдың» ақпараты бойынша, жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып жатыр. Дүниежүзілік банкпен келісімшартқа отырып, байқауды банк өткізеді. Компания жыл сайын шұңқырларды жамау жұмысына ғана қаражат бөледі. Бұл жолға орташа жөндеу жұмысын жүргізбеудің себебі – «Жаңаарқа – Жезқазған» жолына үлкен төрт жолақты автобан болатын жоба жоспарланып жатқандықтан, үкімет көп шығын шығарғысы келмейді. Жоба жүзеге асқанша шұңқырларды жамаумен шектеліп отыр.
«Қаражал – Атасу» автожолын қайта жаңарту учаскесі – 28 шақырым. Жол құрылысы жобасының құны 10 млрд 600 млн теңгені құрайды. Облыстық маңызы бар жол Ұлытау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мекемесіне қарайды. Жөндеу жұмысы жобасын 2020 жылы Қарағанды облысы бастаған. Қарағанды тарабы екі жыл істеді де, 2022 жылы жұмысты жалғастыруды Ұлытау облысына берді. Облыс осы жобаға республикалық бюджеттен бөлінген 6 млрд теңгені игеріп үлгерді. Нәтижесінде, 28 шақырымға асфальт төселді. Жол бойындағы ұзындығы 110 метр көпір құрылысы толық аяқталды. Енді қалған 4 млрд 600 млн теңгені облыстық бюджет көтере алмайтындықтан, жол учаскесінің құжаттарын қайта дайындап, «ҚазАвтоЖол» ҰК-ға беруге шешім қабылданған.
Туристік мақсатта салынып жатқан Сәтбаев – Малшыбай – Жошы хан – Домбауыл кесенесіне баратын жол облыстан бөлінген бюджет қаржысымен бітеді деп жоспарланып отыр. Ұзындығы 19,5 шақырым жол құрылысы жобасының құны – 9 700 млн теңге. Оның 90%-ы
республикалық бюджеттен, 10%-ы облыстық бюджеттен қаржыландырады. Былтыр республикалық бюджеттен бөлінген 6 100 млн теңгесі игерілген. Биыл тек облыстан бөлінетін қаржының 1 100 млн теңгесі берілді. Енді 2 500 млн теңге бөлінсе, биыл бұл игі істі аяқтау жоспарда бар. Екі жыл ішінде 19 шақырым жол, ұзындығы 110 метр болатын көпір салынды, жұмыс әлі аяқталған жоқ. Негізгі жұмысты Жезқазған қаласындағы «Самға» ЖШС мердігерлері атқарып жатыр.
Бір жағымды жайт, облысқа қарайтын шағын қала, аудандарға жүретін автобустар жаңартылып, іркіліссіз жүріп тұр. Былтыр Жезқазған қаласына жүретін 33 автобус алынды. Биыл 10 автобус алу жоспарланып отыр. Өткен жылы Сәтбаев – Жезқазған бағытында жүретін 7 жаңа автобус сатып алынды. Сонымен қатар «Жезқазған – Жезді», «Жезқазған – Ұлытау», «Жезқазған-Қаражал», «Жезқазған – Жаңаарқа» бағытында автобус жүреді. Субсидияны Ұлытау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы береді.
Ауылдар да назардан сырт қалмаған. Жездіден Қарсақбай ауылына дейін 35 шақырым асфальт бар. Шұңқырларын жамап, ағымдағы жөндеуден өтіп тұрады. Қарсақбай мен Байқоңыр ауылы арасы 51 шақырым, ол жерде асфальт жоқ, көтерме жол. Соны былтыр облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы орташа жөндеуден өткізбек болып қолға алған. Қаражатқа байланысты екі жылдық келісімшартқа отырды. 15 шақырымы байқаудан өтіп, бір мердігер 9 шақырымын салып шықты, қалған 6 шақырымын биыл бітіру керек. Келесі жылы Қаракеңгір мен Алғабас ауылы арасындағы жолды жөндеу жоспарда бар.
Ұлытау облысы