Әйел әлемі • 08 Наурыз, 2025

Тракторшы апа

39 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел арасында «тракторшы апа» атанып кеткен көпбалалы ана Шакира Идрисова ұзақ жылдан бері егін шаруашылығымен тұрақты айналысады. Бүгінде қант қызылшасын өсіріп, осы саланың дамуына да лайықты үлес қосып келеді.

Тракторшы апа

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Қаратал топырағына барып «Шакира Нұр­жұманқызы» десеңіз, жұртшылық «Әлгі трактор жүргізген Шакира ғой» деп, бірден таниды. Бұл мүмкін бүгінде жеңіл автокөлікті тізгіндеп жүрген көпшілік қыз-келіншектер­ге таңсық болар. Бірақ өткен ғасырдың орта шеніндегі әйел-аналар жастайынан ауыр техникаға отырып, еңбектің нақ үлгісін көрсете білді.

Шакира Нұржұманқызы Қаратал ауданы, Кәлпе ұжымшары, Киров тауарлы сүт бө­лім­шесінде көпбалалы қарапайым отбасында дүниеге келген. Бір отбасында 10 бала тәрбиеленіп өскен. Әкесі Нұржұман сол ауыл­дағы сүт фермасында бірнеше жыл мал дәрігері болып қызмет атқарған. Анасы болса сол фермада 40 жылдан астам уақыт бойы са­уыншы болып еңбек еткен. Екі еңбек адамы­­ның тәрбиесін көрген жан­ның ер адамға берг­ісіз қарекетке баруы қайран қалдырады.

«Біздің заманның бет-бейнесі бетімізге түскен әжіммен өлшенсе керек. Әке-ше­шеміздің етегінде жүріп, тірлікке ерте ара­ластық. Заман қиын, еңбек етсеңіз ғана елден қалмайсыз. Сиыр саудық, жер жырттық, егін ектік, қолымыздан не келеді, бәрін атқардық. Ол уақытта мына жұмыс ұнамайды, мына жұмыс ұнайды деген сөз жоқ. Берілген тапсырманы орындауға міндеттісің. Сөйтіп жүріп жетілдік. Қазір қарап отырсаңыз, бәрі ертегі секілді», дейді кейіпкеріміз.

Бала күнінде сүт фермаға барып аналарымен бірге сиыр сауған. Мектептен тыс уақы­тында сол әке-шешесі еңбек ететін зауытты жағалаған. Әкелеріне ілесіп, малға жемшөп беріп, көмектесіп те жүрген. Үйдің үлкенінің бірі болғандықтан, өзінен кейінгі бауырларына қамқорлық танытып, қадағалап отырған. Олар­дың кірін жуып, тамағын істеп, жұмыстан қолы босай бермейтін анасына қолғабыс еткен.

Жазғы демалыс кезінде Кәлпе ұжымшары­ның егістік алқабына барып, қант қызылшасы­ның арам шөбін шауып, мектепке барар киім-кешегін сатып алған. Бала кезден осындай ауыл шаруаларына ерте араласқанның нәтижесінде Кәлпе орта мектебін бітірісімен, ­17 жасында осы кеңшарда сауыншы болып еңбек жолын бастады. Еңбексүйгіштігінің арқасын­да үш айлық механизаторлық курс­ты бітіріп алды. Қолына құжатын алған бетте бір­ден МТЗ-40 тракторына отырып, еңбек жолын механизатор болып жалғастырды.

«Ол кезде кеңшарда төрт қыздан құрылған «Қарлығаш» атты комсомол жастары механизаторлар бригадасы болатын. Мен осы бригадаға бесінші болып қабылдандым. Бригада мүшелері ішінде ауылдағы Құтжан Байгөзова, Бақыт Садазбаева бар еді. Партия қатары­на өттім. Кәлпе ұжымшары Киров ауылдық округіне екі мәрте депутат болып сайландым. Ауданда еңбек озаттары қатарына ілініп, аудан, облыс әкімшілігінің бірнеше алғысхаттары, мақ­тау грамотасы, дипломдарымен марапатталдым. Ерен еңбегіміз жөнінде облыстық, аудан­дық газеттерде бірнеше мақала жарияланды. Еңбек озаты ретінде облыс, аудан әкімшілігінің алдындағы еңбек озаттары тақтасына суретіміз ілінді», деп еске алады өзі сол бір аяулы сәттерді.

Кәлпе ұжымшарында Айдар тауарлы сүт бөлімшесінде тұратын Асылхан есімді азаматпен отбасын құрып, төрт баланың анасы атанды. Отбасылық өмірімен ғана шекте­ліп қалмай, ауылдағы түрлі шаруашы­лық жұмыстарға да белсене араласып тұрды. Көрші ауылда «Жағатал» асыл тұқымды құс фермасы ашылып, еңбек жолын сол өндіріс орнында бригадир болып жалғастыруды жүрегі қалады. Кейін Талдықорған қаласын­дағы зоотехникалық техникумын бітіріп, сүт фер­масында бірнеше жыл техник-осеменатор болып жұмыс істеді.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ұлдарым да біздің жолымызды қуып ауыл шаруашылығында еңбек етіп жатыр. Айдос екі қыз тәрбиелеп отыр, Елдостың үш қызы бар. Келіндерім мәдениет саласында қызмет істейді. Қызым Гүлмира тұрмыста, ­ұл-қыз өсіріп отырған ана. Облыс орталығындағы №24 мектеп-лицейде ақпа­раттану пәнінің мұғалімі», дейді Шакира апа.

2000 жылы отбасымен жеке шаруа қожа­лығын құрған. Бүгінде сол қожалыққа бас­шылық жасап отыр. Жолдасы Асылхан, ұл­дары Айдос пен Елдостың қолдауымен ша­руа­шылықты кеңейтіп жатыр. Кейінгі жылдары қосымша қант қызылшасын өсіруді қолға алған. Жыл сайын 19 гектар суармалы жердің әр гектарынан 70-80 тоннадан тәтті түбір алады.

 

Жетісу облысы