Еңбек • 08 Наурыз, 2025

Шұғылалы көктемнің шырайы

426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тоқсаныншы жылдар сол кезеңде еңбек нарығына араласқан­дарға оңай тиген жоқ. Зауыт, фабрикалар тоқтап, кәсіпорын­дар тығырыққа тірелді. Кейіпкеріміз Венера Жармұханбетова сол қиын-қыстау шақта қызмет жолын бас­тап, үлкен өмірге қадам басты.

Шұғылалы көктемнің шырайы

Венера – «KEGOC» Орталық жүйеаралық электр торабы филиалына қарасты «Жез­қазған» қосалқы стансасының 6-разрядты электрмонтері. Өз ісінің хас шеберіне айналғанша қызығы мен қиындығы қатар жүрген тіршілік тепкішектерін басып өтті. Астанаға таяу Аршалы ауданында көпбалалы отбасында туып-өскен. Мектептен соң медицина саласын таңдаған. Оған аяулы анасы мен туған-туыстары қатты қуанды. Себебі әкесі қырықтан енді аса бергенде көз жұмып, жесір қалған анасы 9 ба­ла­ны өсіріп, жетілдіріп келе жатыр еді.

Өмірлік жары Ахатпен Қара­ғанды медицина институтын­да оқып жүріп танысты. Бірақ отбасылық жағдайға байланыс­ты оқу орнын толық аяқта­май, басқа мамандыққа ауысып кетті. 1997 жылы Жезқазған поли­­техникалық университетін «Эко­номика және кәсіп­о­рын­ды басқару» мамандығы бойынша бітірді. Тау-кен инженері, экономист дәрежесін алып шық­ты. Қызметін энергетика саласына ауыстырғанда білімін толық­тыруды ойлады. 2009 жылы Қазақ көлік университетін «Электрмен жабдықтау» маман­дығы бойынша тәмамдады.

Венераның бауырлары оның өте қамқор, қайырымды жан екенін айтады. Ал әріптес­тері кәсібилігі мен талапшылдығы туралы әңгімелейді. Бүгінде отағасы екеуі берекелі отбасының ұйытқысы болып отыр. Ботакөз есімді қызы Астанадағы Қытай компаниясында қызмет істесе, ұлы Асқар «Қазақмыс» корпорациясында еңбек етеді.

«Шуақты көктемнің шырайы – гүл мен әйел ғой. 8 наурыз – әйелдердің халық­аралық мерекесінде аяулы анам Рымтай Кенжебекқызын еске аламын. Жап-жас кезінде күйеуі біздің әкеміз Рахымтай Кәрбозұлынан айырылып, 9 баланы жалғыз жүріп жетілдірді. Өмірдің даңғыл жолына салды. Оқытты, тоқытты, жан баласынан кем қылған жоқ. Соның арқасында сүйікті ісімізбен айналысып, ел экономикасына титімдей болса да үлесімізді қосып отырмыз. Барша аруларды айтулы мейраммен құттықтаймын», дейді Венера.