Алда алып асулар тұр
Еліміздің Әділет министрлігінде 2014 жылдың қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті. Онда «Әділет органдарының 2014 жылдағы жұмыс қорытындысы және 2015 жылға арналған басым міндеттері» тақырыбында Әділет министрі Берік Имашев баяндама жасады. Ол баяндамасын: «2014 жылы әділет органдарының күш-жігері 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауда айқындалған Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің, Үкімет басшылығының тапсырмаларын тиісінше орындауға бағытталды» деп бастады. Одан әрі министрдің айтуы бойынша, Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында Әділет министрлігіне «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік басқаруды, өзектендіруді жетілдіру бойынша, шағын және орта бизнесті кешенді дамыту, жекеменшік институттарын нығайту барысында және т.б. ұсыныстар енгізуге қатысты 16 іс-шараны орындау тапсырылған екен. Міне, осы 2014 жылға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында көзделген барлық іс-шараларды Әділет министрлігі мерзімінде орындапты. 2014 жылғы тамызда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті әлемнің дамыған 30 елі қатарына ену үшін мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құру және мемлекеттік аппарат жұмысының жеделділігі мен тиімділігін арттыру үшін, сондай-ақ төрешілдікті болдырмау мақсатында ықшам басқару аппаратын қалыптастыру қажет етіледі деген болатын. Бұл орайда Елбасының «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформасы туралы» Жарлығын іске асыру шеңберінде Әділет министрлігі 3 комитетті – сот актілерін орындау, зияткерлік меншік құқығы және тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеттерін министрліктің департаменттері ретінде қайта ұйымдастырған. Осыған байланысты атқарушылық іс жүргізу органдарының аумақтық бөлімшелерін жергілікті жерлердегі Әділет департаменттеріне қоса отырып, олар қайта ұйымдастырылды. Сонымен қатар, әкімшілік басқарудың бірыңғай орталықтандырылған жүйесін қалыптастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылауды күшейту және бизнес-процестерді автоматтандыру мақсатында «Облыстардың, Алматы және Астана қалаларының Жылжымайтын мүлік орталықтарын» 16 республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарды бір заңды тұлғаға қосу арқылы олардың қызметі оңтайландырылды, дейді министр. Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің ара-жігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Жарлығының ережелерін іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаны белгілі. Аталған заң шеңберінде кейбір заңнамалық актілерге Әділет министрлігінің жекелеген функцияларын беруге, нақтылауға және толықтыруға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Үкімет пен Әділет министрлігі арасындағы сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімін жүргізу тәртібін, сондай-ақ Министр бұйрығы деңгейінде бағалау қызметі саласындағы нысандар мен стандарттарды бекіту бойынша өкілеттіктердің аражігі ажыратылған. Норма шығармашылығы саласында мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама алып тасталған. Бұл сыбайлас жемқорлық нормалардың нормативтік-құқықтық актілерге заң сараптамасын және заң жобаларына ғылыми құқықтық сараптама жүргізу кезінде анықталғанымен байланысты болады. Сондай-ақ, тағы бір жаңа институт – заңнамалық актілерді қолдану мен іске асыруға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалауға мүмкіндік беретін кәсіпкерлік қызметті реттейтін актілерге қатысты реттеушілік ықпал етуге талдау енгізілген. Атап айтқанда, кәсіпкерлік үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша заңда аталған институттың негізгі ережелері нормативтік түрде айқындалған. Демек, енді «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыреті мен өкілеттіктері шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге және Заңның талаптарын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғаудың, сондай-ақ мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық, саяси-құқықтық, ұйымдастырушылық-басқарушылық жүйелерiн қорғаудың басымдығы қағидаты негізінде орындауға міндетті. Министрліктерге тиісті саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыру жөніндегі міндет жүктелген, сондықтан да әрбір мемлекеттік орган өзі әзірлейтін актілерде сыбайлас жемқорлық тудыратын нормаларға жол бермеуге тиіс. Бұдан басқа, құқықтық мониторинг шеңберінде әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шеңберінде қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тудыратын нормаларды анықтауға және оларды жою жөніндегі шаралар қабылдауға міндетті. Мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру саласында Әділет министрлігінің азаматтық хал актілерін тіркеу және туу туралы куәліктерді беру кезінде жеке сәйкестендіру нөмірлерін қалыптастыру бөлігіндегі функциялары жергілікті атқарушы органдарға берілген. Актілерді тіркеу әкімдіктер басшылық ететін әлеуметтік мәселелермен байланысты. Функцияларды беру көші-қон, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша жалпы мемлекеттік саясатты жүргізу бойынша жұмысты кешенді үйлестіруге мүмкіндік береді, сондай-ақ, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуды ұтымды жоспарлауға ықпал ететін болады. Атқарушылық құжаттарды орындау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру мақсатында Әділет министрлігінің республикалық меншікке айналдырылған (келіп түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру бойынша функциясы Қаржы министрлігіне берілген. Осылайша, ахуалды баяндаған министрдің сөзіне қарағанда, жалпы алғанда, өткен жыл жемісті әрі қарқынды жұмыс жылы болған көрінеді. «Департаменттер мен аумақтық органдарда тиімді жұмысты ұйымдастыру «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауда көзделген ауқымды мақсаттар мен міндеттерді сапалы әрі уақтылы орындауға, сондай-ақ, Президент Әкімшілігі мен Үкімет басшылығының нақты тапсырмаларын орындауға мүмкіндік берді», дейді министр. Енді Әділет органдары алдында алып асулар тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру және «Нұрлы Жол» Қазақстанның Жаңа Экономикалық Саясаты туралы тапсырмаларын іске асыру жөніндегі маңызды және жауапты міндеттер бар. Бұл орайда олар 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспар шеңберінде мемлекет қызметін одан әрі құқықтық қамтамасыз ету, заңдылық режімін қолдау және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді іске асыруға тиіс. «Мыңдаған адамды қамтитын біздің ұжымымыздың осы міндеттерді орындауға шамасы жететініне сенемін» деді Б.Имашев. Ал оны уақыт көрсетпек. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».Байланыста – ғалымдар
Махамбет атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ғылыми-сарапшылық кеңес құрылған. Оның қызметі жүйелі жолға қойылған. Бұл жөнінде аталған кеңес жетекшісінің орынбасары Олег Юров тиісті дерек берді. Оның мәлімдеуінше, бұл құрылымның негізгі мақсаты – мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үдерісінде ғылыми-зерттеу және ақпараттық талдамалы ресурстарды тиімді тұтқалардың бірі ретінде пайдалану болмақ. Осы базалық тетіктің негізінде бұл кеңес өңірлік ассамблеяның барлық ұйымдастыру-көпшілік жұмыстарына белсене араласып, оған қажетті ғылыми-әдістемелік материалдарды қамтамасыз етуді көздеп отыр. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жоғары және арнаулы орта оқу орындары арасында тығыз байланыс орнату мәселелері де кеңес мүшелерінің ұдайы назарында. Бұл бастаманы Махамбет атындағы университеттің ғылыми кеңесі де құптап, олардың тарапынан ғылыми-зерттеу жобаларына оқу орындарының ғалымдарын тарту мәселесі қарастырылған. Бұған қоса, әлеуметтік бақылаулар жүргізу және бірқатар мемлекеттік бастамаларды қолдау шараларын ұйымдастыру жөнінде де нақты іс-шаралар кешені белгіленген. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде авторлар ұжымы Орал өңіріндегі этностарды зерттеу туралы жоба нұсқасын дайындады. Осы жоба шеңберінде жастар мәселесі де ғылыми-сарапшылық кеңестің назарына ілінген. Мұның бір дәлелі студент жастар арасында этносаралық және дінаралық ахуалға қатысты мониторингтік зерттеулердің жүргізілуі деуге болады. Бұған ұзын саны 500-ден астам респонденттер қатысып, оның қорытындысы бойынша білім беру орындарында патриоттық тәрбиенің жаңа көкжиектерін ашу жөнінде тың ұсыныстар мен ой-пікірлер айтылды. Әрине, қазіргі кезде қандай жоба болса да, егер қаржыландыру мәселесі шешілмесе, оның өрісі ұзаққа бармайды. Сондықтан да жоғарыда аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін оны қаржылық тұрғыдан қолдау шаралары жөнінде нықты шешімдер белгіленді. Осыған орай, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде қоғамдық ұйымдар құрылып, олар облыстық ішкі саясат басқармасы арқылы тиісті тендерлерге қатысуда. Сондай-ақ, кеңес мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты З.К.Мұхлисова өңірлік университеттегі қоғамдық ұйымының құрамына кіретін ұжым қызметкерлерінің атқарған бірқатар жобалары жөнінде газет тілшісіне кеңінен баяндап берді. Осыған орай, «Дінтану – уақыт талабы», «Әлеуметтік желі – қоғамдық ұйымдар мен билікті байланыстырушы», «Орал қаласының өзекті мәселелері» тақырыптарында облыс тұрғындары арасында түрлі шаралар өткізілді, деді Захот Көшкінбайқызы. Сондай-ақ, ол қазіргі таңда «Самара облысы қазақтарының тарихы» және «Қазақстан халқы Ассамблеясының Батыс Қазақстан облысындағы тұрақтылықтың дамуына қосқан үлесі» атты монографиялар жобасы әзір екенін де алға тартты. Бірлескен жұмыстың тағы бір нәтижесі мен жетістігі аталған оқу орнында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ашылуы деуге болады. Бүгінгі күні кафедра өз қызметіне толығымен кірісіп кетті. Дегенмен, қазіргі кезде оны қажетті мамандармен және білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері толық шешімін тапты деуге сәл ертерек. Кеңес жетекшісі Махамбет атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Асхат Иманғалиев осыған қарамастан елдің бірлігі, халық арасындағы татулық пен келісімді және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарға университет ұжымы мол үлес қосып келе жатқанын алға тартты. Университет жанындағы ғылыми-сарапшылық кеңестің алдағы жұмыс жоспары сан қилы. Мұндағы басты ұстаным ғалымдар мен Ассамблея арасындағы ортақ жұмыстарды жетілдіре түсуге бағытталған. Ақмоншақ ЖҰМАЕВА, журналист, Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Орал.Бір үйдің баласындаймыз
Әке-шешеміз Отан қорғау қастерлі парыз, елді, атамекенді құрметтеу қасиетті ұғым екенін бойымызға жастайымыздан сіңіріп өсірді. Сол себепті болар, мектеп қабырғасында жүргенде әскери қызметші болуды армандап, алдыма нақты мақсат қойдым. Сөйтіп жүргенде, Ұлттық ұланға қарасты Петропавл әскери институты Қырғызстан мен Тәжікстаннан талапты жастарды жинап жатқанын естіп, бағымды сынап көруге бел будым. Менің бұл тілегіме туғандарым қарсы болған жоқ. Қайта бірлігі мен тірлігі жарасқан қазақ жұртынан көп өнеге үйреніп келуді аманаттады. Бүгінде бауырлас елдегі еңселі оқу ордасының курсанты болуды мәртебе санаймын әрі үлкен жауапкершілік жүктелетінін жақсы түсінемін. Бүгінде кіндік қаным тамған туған жерімнен жырақта жүрсем де, жалғыздығымды еш сезінген емеспін. Керісінше, бір шаңырақ астында алаңсыз өмір сүріп, ортақ мақсат жолында білек түйістіре еңбек етіп жатқан қазақстандықтардың ауызбіршілігіне, ынтымағына қызыға қараймын. Ұлттық ұландықтар да өз Президентін – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысын мақтан етеді, ардақ тұтады. «Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дер» демекші, бұл жас ұрпақтың өз өсиеттеріне деген адалдығын, беріктігін танытса керек. Өйткені, Тәуелсіздік тұғырын нығайтуды басты мұрат еткен Қазақстан басшысының ұлтаралық, конфессияаралық түсіністікті, тағаттылықты өз саясатына алтын арқау етуін – кемеңгерліктің бір белгісі ретінде ұғамын. Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ пен қырғыз ежелден қоңсы қонғанын, төсекте басы, төскейде малы қосылғанын, ділі де, діні де ортақ ағайынның рухани да, мәдени де ұқсастықтары көп екенін үнемі айтып келеді. Қиын сәттерде талай көмек қолын ұсынғанын қырғыз халқы ұмытпайды. Ал өзім қазақ жерінде жүріп шын достықтың мән-мағынасын терең ұғынғандай болдым. Казармада бірге тұратын сан алуан ұлт өкілдері бір атаның балалары секілдіміз. Бір бірімізге әбден бауыр басып кеткеніміз соншалық, қашан көріскенше асығып тұрамыз. Оқуда да, түрлі жауынгерлік жаттығуларда да мереймізді өсіріп, айбынымызды асырып жүреміз. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді қазақ халқы. Адамдар құқықтары мен бостандықтарының сақталуы, шекараның бүтіндігі, Тәуелсіздіктің нығайтылуы алдымен елішілік бірліктен басталатынын әскери институт басшылығы да кеңінен ұқтырып келеді. Лайым, Қазақ елі аман болсын! Бақытнұр ЫСМАЙЫЛОВ, Ұлттық ұлан әскери институттың 3-курс курсанты. Солтүстік Қазақстан облысы.