Аймақтар • 13 Наурыз, 2025

Жетісуда пияз өңдеу зауыты салынады

46 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісудың жері байтақ, егін және мал шаруашылығымен еркін айналысуға болады. Мұны ескерген шетелдік инвесторлар түрлі ұсыныс жасап жатыр. Мәселен, қытайлықтар пияз өңдеу зауытын салуды көздесе, Өзбекстан ет экспорттауға қызығушылық танытқан. Айырқалпақты ағайын өнеркәсіп өндірісі, жасыл энергетика, туризм саласына инвестиция құюды құп көреді.

Жетісуда пияз өңдеу зауыты салынады

Суретті түсірген – Дмитрий Ерофеев

Таяуда облыс әкімі Бейбіт Исабаев көрші мемлекеттерден келген бірнеше инвестормен кезде­сіп, ұсыныс-тілегін қуаттады. «Qingdao Wanlin Food Co., Ltd» компаниясының құрылтайшысы әрі бас директоры Ли Янтао өңірде пияз өңдеу зауытын салу туралы ұсыныс білдірді.

«Біз өз тарапымыздан зауыт­ты орналастыру мәселесін пы­сық­таймыз. Ал сіздерден бо­ла­шақ кәсіпорынның ег­жей-тег­жейлі жобасын күтеміз. Әри­не, біз үшін инвестиция, бюд­жетке түсетін салық түсім­дері маңызды, бірақ ең бастысы – жергілікті тұрғындарды жұмыс­қа орналастыру, оларға лайық­ты жалақы төлеу. Жетісу облысы мен ҚХР-ның географиялық жағынан қолайлы орналасуы бір­­лескен жобаларды іске асы­­ру­ға мүмкіндік береді. Біз ин­вес­­­торларға заңдық негізде қа­жет­­ті қолдау көрсетеміз», деді Б.Исабаев.

Сондай-ақ өңір басшысы Өзбекстанның еліміздегі Тө­тен­ше және өкілетті елшісі Бах­тиер Ибрагимовпен екі­жақ­ты ынтымақтастықтың мүмкін­дік­тері мен әлеуетін талқылады.

«Жетісу – аграрлық аймақ. Сонымен қатар біздің облыс тиімді геостратегиялық және геоэкономикалық жағынан ерек­шеленеді. Жетісу – Қытаймен арадағы шекарада 5 кеден бекеті бар республикадағы жалғыз өңір. Батыс Еуропа – Батыс Қытай трансконтинентальды автобаны біздің территория арқылы өтеді. Жалпы, өңірде агроөнеркәсіптік ке­шенді дамыту, көлік және ло­гис­тика, туризм, баламалы энергетика және өнеркәсіп – жал­пы 5 стратегиялық бағытта инвес­торлар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Бахтиер Ибра­гимов жылы кездесу үшін ал­ғыс білдіріп, Жетісудан ет экс­порттауға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Со­нымен бірге сапар аясында ел­ші бастаған ресми делегация Талдықорғанда бизнес-қауым­дастықпен кездесті. Сол сияқты «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА, «Қорғас» ШЫХО, «Нұр жолы» автомобиль өткізу бекетінің жұ­мысымен танысты.

Қырғыз елінің ресми өкілі Женишбек Асанкулов келіссөз барысында ауыл шаруашылы­ғы жәрмеңкелерін, бизнес фо­рум­дарды бірлесіп өткізу, турис­тік бағыттарды дамыту, мәде­ниет және білім салаларында өз­ара тәжірибе алмасу жайын сөз етті. Кездесу қорытындысында Бей­біт Исабаев Бас консул тара­пы­нан айтылған ұсыныс-тілек­терді қолдайтынын, олар­ды бірлесіп атқаруға, нақты жобаларды қарастыруға дайын еке­нін жеткізді.

 

Жетісу облысы