Қоғам • Кеше

Қауіпсіз қоғам кепілі

156 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Республика көлемінде «Қауіпсіз қала» науқаны жүріп жатыр. Акция жасөспірімдердің ішімдік тұтыну, бұзақылық пен вандализм әре­кет­терінің жолын кесуге бағытталған. Осы мақсатта «Ama­nat» пар­тиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты по­ли­ция қыз­меткерлерімен бірлесе қала аумағында түнгі рейдке шық­­ты.

Қауіпсіз қоғам кепілі

Жастар жыл басынан бері ел аума­ғын­­да ондаған рейд өткіз­­ген. Соның нәтижесінде, 100-ден аса құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Кешкі және түнгі уақытта белсенділер түнгі және компьютерлік клубтар мен түр­лі көңіл көтеру орындарын аралады. Мәселен, Павлодарда «Жас­тар рухы» өкілдері полиция қызметкерлерімен бірге қала­да­ғы компьютерлік клубтарға рейд жүргізді. Оның барысында жас­өс­пірімдерге қатысты түсіндіру жұ­мысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге кәме­летке толмағандардың 22.00-ден кейін мұндай нысандарда болуы­на тыйым салынғаны ескер­тіл­ді.

Ал ақтөбелік жасөспірімнің 18 жастағы ағасымен бірге компью­­тер­лік клубтардың бірін­де отыр­ғаны анықталды. Ата-анасына әкімшілік шара қолда­нылып, клуб иесі жауап­қа тартылды.

Астанадағы белсенділер полиция департаментімен бірлесіп сатушыларды сынап көрді. Кәме­летке толмаған жігіт жасырын камерамен бірнеше дүкенге кіріп темекі және алкоголдік ішімдік сатып алуға тырысты. Заңды белшесінен басып, құ­жат сұрамай тауар сат­қан­дар, тіпті вейп пен насыбайды ашық саудалағандары да кездескен. Жауапсыз кәсіпкерлерге профи­лак­тикалық жұмыс жүр­гізі­ліп, кейбіреуі әкімшілік жауап­кер­шілік арқалады.

Өскемендегі жастар полиция қызметкерлерімен бірге кафе, мейрамханаларды аралады. Бірақ тексеру барысында ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоғамдық тамақтану орын­да­рының басшылары өз беделін жоғары бағалайтындықтан, кү­мәнді жағ­дайда келушілерді әб­ден тек­серетін көрінеді.

– Науқан ең алдымен, бала­лар­дың қауіпсіздігін, олардың қауіп­сіз ортада өсуін қамтамасыз етуді көздейді. «Жастар рухы» жалпы әлеуметтік мәселелерді ше­шу­де ешқашан тыс қалған емес. Акция барысында азамат­тардың қауіпсіздігі үшін қала аумағындағы ашық жатқан люктерге, аула­лар­дың жарық­тан­ды­рылуы, үй жағдайында газ балондарының дұрыс орналасуы, кәмелет жасқа толмаған балалардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына рейд жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірлерде орын алған келеңсіз оқиғаларды ескере отырып, мұндай акциялар сол жағ­дай­лар­дың санын азайтып, оң нәтиже көрсетуіне ықпал етеді деген ойдамыз. Қо­ғам мен мемлекеттің бірлескен күші­мен ғана жастарды қауіпті жағ­дайлардан қорғап, құқықтық мәдениеті жоғары қоғам құра аламыз. Мониторинг нәтижесі бойынша арнайы ұсыным хаттар дайындалып, тиісті органдарға жолданады, – дейді «Жастар рухы» жас­тар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова.

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңесте «Заң және тәртіп» қағи­да­тын ұстану қоғамның идео­ло­гиялық және саяси нұс­қау­­лығына айналуы қажет екенін баса айтқан. Сондай-ақ Пре­зидент «Адал адам – Адал азамат – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Ел ішіндегі тәртіпке әр отандасымыз жауап­ты» деген еді. Бұл бағытта «Қауіп­сіз қала» акциясы өз үлесін қосып жатыр. Өйткені науқан кәмелетке толмаған жеткін­шек­тердің құқықтық мәде­ниеті мен жауапкершілігін арт­ты­ру­ға, ата-аналарға балаларын заңға құр­­метпен қарауға тәрбиелеуге үгіт­­тей­ді.

Негізінен акция жасөспірім­дер­ді жазалауға емес, оларды қауіпті әрекеттерден қор­ғау­ға, рейд кезінде түсіндіру жұ­мыс­та­рына көбірек зейін қояды. Демек мұндай іс-шараларға тек еріктілер мен полиция қыз­меткерлері ғана емес, сонымен қатар әкімдік өкілдері, мәс­лихат депутаттары мен қоғам тір­ші­­лі­гі­не бейжай қарамайтын жанашыр тұрғындар қатыса алады.

Әзірге «Жастар рухы» белсен­ділері күндізгі рейд жұмыс­та­рын көпқабатты үйдің аулаларында, саябақтар мен қала көше­­ле­рінде жалғастырып жүр. Бұл уақытта белсенділер аулалардың жарықтандыру деңгейін, ашық жатқан люктер мен сынған әйнек­­тердің бар-жоғын, балалар алаңдарындағы қауіпсіздік жағ­дайын жіті тексереді. Жұ­­мыс нәтижесінде анықталған ол­қылықтар коммуналдық қыз­мет орталықтарына хабарланады. Ілкімді бастама жыл бойы жалғасады.