
Ардақ Сәрсенбаеваның өмірі – ерік-жігер мен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі. Жігерлі жас 1990 жылы Қостанай облысы Науырзым ауданы Қарамеңді ауылында дүниеге келген. Отбасындағы үш баланың ортаншысы. Бала кезде жәй ғана суық тиіп ауырған ол салғырт емнің әсерінен тұтастай есту қабілетінен айырылған.
Тағдыр тауқыметіне қарамастан ата-анасы Ардақты қаладағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған интернатқа оқуға береді. Сөйтіп, ол өзі секілді қатарластарымен бірге ым-ишара тілін меңгереді. Бұл орта оған сенімділік пен өмірлік дағдыларды қалыптастыруға септеседі.
– Мектепті аяқтаған соң қызмет көрсету саласы мамандығы бойынша Қостанайдағы колледжге оқуға түстім. Кейін оны бітірген соң, қарапайым жұмысшы маман ретінде еңбекке араластым. Біз секілді азаматтарға екі қолға бір күрек табу, қоғамға бейімделу оңай емес. Десе де өмір жолымда кездескен түрлі қиыншылыққа мойынсұнбадым, мені тек алға қарай сенім жетеледі. Содан 2014 жылы тағдырлас азаматқа тұрмысқа шықтым. Біздің махаббатымыздан кішкентай Ясмина жарық дүние есігін ашты. Декреттік демалысымды да текке өткізбедім. Қолөнермен айналысып, түрлі тапсырыс қабылдадым. Араға уақыт салып, 2017 жылы қызымды балабақшаға орналастырып, өзім тігінші болып жұмысқа тұрдым. Маған қолынан іс келетін, қимылы ширақ, қанша ауыртпалық болса да жүзінен күлкі кетпейтін жандар ұнайды, – деді кейіпкеріміз.
Үшінші топ мүгедегі Ардақтың қолғанаты бүгінде 10 жаста. Осыдан екі жыл бұрын екеуі елордаға қоныс аударды. Мұнда да үкіметтің берген жәрдемақысына алақан жайған жоқ. Бастапқыда жалдамалы жұмыста тігінші болып еңбек етті. Кейін арманы жетелеп, өз кәсібін ашуға ниеттенді. Сөйтіп, Астанадағы жұмыспен қамту орталығындағы мамандардың ақыл-кеңесіне жүгініп, «enbek.kz» платформасы арқылы оқуға ден қойды. Жеке бизнес жоспарын жасақтап, қайтарымсыз негіздегі мемлекеттік грантқа өтініш тапсырды. Ізінше жоба мақұлданып, Ардақ азын-аулақ қаражатпен өзінің тігін шеберханасын ашты.
– Мемлекет берген қаржыға арнайы орынды жалға алдым. Тігін машинасы, керекті құрал саймандары тағы бар. Кәсіпті жүргізу мен оны ілгерілетудің өз қиындығы болады. Соның өзінде табысым тұрақты. Көбіне әйелдерге арналған неше түрлі киімдер тігемін. Күнделікті пішіп, қысқарту жұмыстары да кездеседі. Байқағаным, көп жерде сурдоаудармалар болмайды. Бизнесте бойлауға кедергі келтіретін де – осы нәрсе. Елімізде толық инклюзивті қоғам құрылды деу қиын. Дегенмен ательенің ауқымын кеңейтіп, барынша көп тапсырыс алуға талаптанып жүрмін, – дейді ол.
Жақсы күндерден үміті үзілмеген тағы бір қайсар жан – Алтыншаш Мұқатаева. Жас әнші – «Париж таланттарды таныстырады» (Париж, Франция), «Planet of arts» (Мәскеу, Ресей), «Art line» (Париж, Франция), «Елім, ән шырқа» (Мәскеу, Ресей), «Алтын айдаһар» (Пекин, Қытай), «Magic voice», «Icon music fest» (Сочи, Ресей), «ЖасSTAR» сынды халықаралық деңгейдегі беделді конкурстардың жеңімпазы.
Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының тумасы бала кезде дәрігерлер қойған сырқатқа мойыған жоқ. Қоларбамен жүрсе де, жан-жақты білім алып, өзін түбегейлі шығармашылыққа арнайды.
– 2011 жылы Астанадағы Қазақ технология және бизнес университетінің колледжінде дизайн мамандығын меңгердім. Соның арасында Қарақат Әбілдинаның мектеп-студиясына барып, төрт жылдай вокалдан білім алдым. 2014 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетіне психолог мамандығына тапсырып, бұл оқуды да абыроймен аяқтадым. Өмір бір рет беріледі. Оны өкінішсіз сүру, барға қанағат етіп, мүмкіндігіңді жан-жақты ашуға талпыну қажет. Менің өнер жолым бала кезден бастау алды. Сол кезден-ақ ән айту мен сахнаны сүйдім, бұл махаббат мені өнерге жетеледі. Қазіргі таңда еліміздің мәдениетін дамытуға, өнерге үлес қосуға күш салып келемін, – дейді Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының солисі.
Былтыр ғана кейіпкеріміз «Ғашықпын» атты мотивациялық шығармашылық кешін өткізіпті. Онда Алтыншаш әуезді әндерін шырқап, өмірі мен өнері, қуанышы мен қиындығы, жетістігі мен жеңілісі туралы сыр шертті.
Тағдырдың тезіне сынбаған ол «Ерен еңбегі үшін» медалі мен түрлі Алғысхаттар иеленген. Мәдениет саласының үздігі, Тұңғыш Президент қорының грант иегері де атанған. Осыдан-ақ оның өмірге деген құштарлығын, жігерін көруге болады. Бұл қазіргі өз-өзін таппай сенделіп жүргендерге үлгі болары анық.
– Өмірде ең сорақысы аяқтың жүрмей, көздің көрмей қалуы емес, адамгершілік тұрғыдан кеудесі қуыс, ойлары арам адамдардың рухани мүгедектігі. Кез келген істі адал, мейлінше, ықыласпен атқаратын болса, шын мүгедектік далада қалады. Жұмыссыздық – қазіргі қоғамның маңызды мәселелерінің бірі. Бірақ жастарды еңбекке баулу үшін меніңше, сапалы білім мен тәжірибе қажет. Одан қалды бағыт-бағдар беріп, өз мүмкіндігін ашуға жағдай жасау маңызды. Ел жастарының шығармашылық және кәсіпкерлік бастамаларын жіті қарастырып, оларға қажетті ресурстарды ұсыну керек. Әсіресе ауыл жастарының дамуына қолайлы орта қалыптастыру қажет, – дейді тағдырымен талай тыңдарманға шабыт сыйлаған қайсар әнші.