Пікір • Кеше

ЖОО оқулықтары электронды нұсқада шығады

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық құрылтайдың Білім және ғылым секциясында­ үнемі осы салаға қатысты мәселелерді көтеріп жүрміз. Ол ұсыныстар ескеріліп те келеді.

ЖОО оқулықтары электронды нұсқада шығады

Осы төртінші отырыстың сек­ция­сында жоғары оқу орын­да­рының оқу­лықтары мәселесін көтердім. Қазір елімізде оқып жатқан 630 мың сту­денттің 75%-ы қазақ бөлімінде оқиды. Ал олардың қазақ тіліндегі оқу­­лықпен қамтылу деңгейі – 39% ғана. Бұл, әрине, өзекті мәселе екені анық. Осыған байланысты мек­теп оқулықтары сияқты ЖОО оқу­лық­­тарын да республикалық бюджет есе­бі­нен шығаруды ұсынып, мәселе етіп көтердік. Әрине, мұндай ұсыныс қа­ра­жат табу тұрғысынан Қаржы ми­нистрлігіне өте ауыр тиеді екен. Сол себепті ұсы­ны­сымызды жұм­­сартып, неғұрлым қара­жат аз ке­те­тін нұсқасын алға тарт­тық. Яғни ке­зінде біз шетелдік 100 оқу­лықты ау­дарып шыққан едік. Тура сол сияқты оқулықтарды ауда­рып, тек электрондық нұсқада таратуды ұсындық. Бізде қазір 280-дей ма­мандық бар екен. Соларға кемінде бір-бір оқулықтан ғана элек­трондық нұс­қада шығарсақ, соның өзі жетіп жа­тыр. Оған кетер қаражат көлемі де аз, та­ралу ауқы­мы да шексіз болар еді. Тиісті ми­нистрлік осыған келіскендей болды.

Ендігі мәселе – докторант­тар­дың, тіпті академиктердің шетелдік рейтингтік журналдар базасына мақала беру проб­­­­лемасы бар. Берген мақалаң­ның шығуын бір-екі жыл күтесің. Қорғайтын диссертациялары да­йын, ал шетелдік журналға материалдары шықпаған соң құр босқа уақыт жоғалтып, күтуге мәжбүр. Елімізде ЖОО-лар мен ғылыми институттардан шыға­тын 300-дей ғылыми журнал бар екен. Сол журналдардың ішінен кон­курс арқылы Scopus базасына өтетін, мәселені қарай алатын ғылыми журналдардың бас редак­тор­ла­рының қауымдастығын құ­ру­­­­ды ұсынғанбыз. Ғылым және жо­ғары білім министрі Президент жанындағы Ұлттық ғылым акаде­мия­сының аясында ғылыми жур­­нал­дардың бас редакторлары қа­уым­­д­астығының құры­ла­ты­­нын қуа­нышпен жеткізді. Осы­лай­ша, айдалаға ақша шашпай, өзі­міздің арамыздан шетелдік та­лап­тарға сай келетін журналдарды айқындап, докторанттары­мыздың ғылыми мақалаларын отан­дық журналдарға жа­рия­лауына мүм­кіндік туып отыр. Бірін­ші­ден, бұл диссертацияны қорғау уақытын жеделдетеді, екіншіден, олардың ғылыми тұрғыдан әлсіре­меуін қамтамасыз етеді.

 

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор, академик