
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Елімізде Наурыз мерекесін тойлаудың онкүндігі басталып кетті. Мәдени-рухани қазыналарымыздың, ұлттық құндылықтарымыздың ерекшеліктері мен артықшылықтарын айшықтап көрсететін осы онкүндіктің бірі – 16 наурыз – «Шаңырақ күні» деп белгіленген. Қайырымдылық пен мәдени іс-шараларға, салт-дәстүрлер мен ізгілікті бастамаларға, отбасылық құндылықтарға, ұрпақ тәрбиесіне басымдық беріліп келе жатқан елімізде арнайы «Шаңырақ күнінің» аталып өтуі үлкен маңызға ие. Қазақ халқында шаңырақ – отбасы ұғымының бір баламасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы 15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұғымына екпін түсіріп, осынау мән-мағынасы терең үш тағанды елдігіміздің еңсесін биіктетіп, дамудың даңғыл жолына түсуіміздің, озық мемлекеттер көшіне ілесіп, табысты, ықпалды ел болуымыздың кілті екенін атап көрсеткен еді. Демек, қазақы танымдағы шаңырақ, отбасы, адал адам – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек.
Президент өз сөзін сабақтай келіп: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды», деген еді.
Адал адам – қоғамның басты құндылығы. Әрбір адам өмірін мәнді де сәнді ету үшін күреседі. Осы күрес жолында әркім өз бағытын айқындап, ұшпаққа шығу қамына кіріскенде қателеспеуі тиіс. Бұл тұста қателіктерге бой алдыру әділетті ту ету, адал адам болу өмірдің негізгі мәні екенін терең түсіне бермейтінімізден туындап жататынын білуіміз керек-ақ.
Адамның алғаш байыпты, мағыналы, тыңғылықты тәрбие алатын орны – өз отбасы. Сондықтан да болар, қазақ халқы отбасылық құндылықтарға ерекше мән беріп, оның өзегіндегі барлық құнарлы нәрді перзенттерінің бойына сіңіруді берік ұстанған. Отбасында дұрыс тәрбие алған бала – болашақта адал, елгезек, ата-анасына мейірімді, ағайын-туысына жанашыр, еліне пайдалы, ұрпағына жақсы тәрбие бере алатын, өз ортасын дұрыс жолға бағыттау қамын жейтін азамат болып шығады.
Отбасында берілген дұрыс тәрбие – адам болмысының темірқазығы, алтын діңгегі, берік ұстыны. Адам отбасы тәрбиесін ол қандай болса да балаң, жас кезінде алады. Демек, отбасылық тәлім-тәрбие жақсы не жаман болсын қанға жастай сіңеді. Қанға сіңген дүние санадан, жүректен еш өшпейді. Жадта сақталып қалатын оңды тәрбие адасулардан, қателіктерге ұрынып қалудан сақтаушы күшке ие. Ал бұрыс, кесірлі тәрбие жарға құлаудың, сүрінудің, опынудың, қарғыс естудің бастау көзі.
Қазақ жақсы азаматқа «атасына рахмет» деп жатады. Бұл – әлгі түзік адамға, одан да бұрын оны тәрбиелеген адамға ризалық білдіру, жоғары баға беру. Ал кесапатты жаманға «атасына лағынет» делінеді. Бұл – әлгі жаманға ғана емес, оған тәрбие беруге қақылы болған, бірақ мүмкіндігі бола тұра дұрыс жол көрсете алмаған, оңды ақыл-кеңес, тәліммен сусындатпаған адамға қарата айтылған жағымсыз сөз. Осы арада тоқтала кетуіміз керек, қазақ ұрпағына тәрбиені жақсы адам болсын деп қана емес, өзі өзгеден лағынет естімеуі үшін де берген. Перзенттің қандай адам болмағы оны тәрбиелеуші ата-ана еңбегінің жемісі.
Отбасылық тәрбиеге жүре келе басқа орталардың ықпалы араласа бастайды. Яғни, адам өзінің көп жүріп-тұратын ортасының, көше тәрбиесінің ыңғайына жығыла кетуге жақындай түсуі мүмкін. Оған бұл кезде жақсы мен жаманды, асыл мен жасықты ажырата білу мехнат-міндеті жүктеледі. Осы кезде отбасылық тәрбие шешім қабылдауда негізгі рөл атқарады. Алған тәрбиесі жақсы болса, дұрыс бағытқа мойын бұрады. Ал маңдайына жазылғаны әрсіз тәрбие болса, теріс жолға бет бұрып кетуі мүмкін.
«Отан – отбасынан басталады». «Отбасы – шағын мемлекет». Мемлекет отбасылардан құралады. Мемлекеттің мықты болмағы отбасыларға да байланысты. Қуатты ел болуда ең маңыздысы – отбасы құндылықтарын жоғары қойған қоғам қалыптастыру. Бүгінде дәстүрлі отбасылар кеміп кеткен мемлекеттер бар. Бұл дәулеттер демографиялық өсім баяулап не тоқтап, сырттан келушілер есебінен қатарларын толықтырып әрі шаруаларын солардың күшімен бітіріп күн көруде. Бұл шын мәнінде үлкен ұтылыс – мемлекетті құраушы ұлттың өзге ұлт өкілдерімен көптеп қан араластыруы. Мұның соңы ұлт келбетінің, болмысының, қанының өзгеруіне алып келеді. Дін мен тіл «өмір сүре берер», бірақ діл жойылып, тек өзгеріп, қан сұйылады.
Ұлтымыз отбасылық құндылықтарға қашан да зор мән берген. Сондықтан болар, «мың өліп, мың тірілсек те» ұлттық кейпімізден, діл, тіл, дін атты үш тағанды құлатпай, соның өзегінен нәр алып, рухтанып, ел болып еңсе тіктеп келеміз.
Біз өз тәуелсіздігімізді басты құндылықтарымыздың бірі ретінде қарастыратын халықпыз. Осынау өлшеусіз байлығымызды сақтау, қорғау, болашақ ұрпаққа аманаттаудың негізгі мәні ұлттық болмыс-бітімімізді, таным-түсінігімізді, кейіп-келбетімізді, ерекшеліктерімізді, барлығын жинақтап айтқанда қазақылығымызды сақтап қалуымызда. Онсыз тәуелсіздігіміздің мән-маңызы салмақсызданады, күңгірттенеді – ел рухсыз, түп-тамырсыз адамдар бірлестігі ғана, атамекен ас ішіп, аяқ босатар, тек күнкөріс жасайтын, тіршілік ететіндердің кеңістік-мекені ғана болып қалады. Бұған жол бермеудің жалғыз да бірегей жолы бар, ол – қазақы таным-түсініктегі дәстүрлі отбасыларды қоғамның темірқазығы, басты қазынасы, тірегі ретінде қарастырып, үлгі ету, насихаттау, рухани және материалдық тұрғыда қолдау. Өйткені, мұндай отбасыларда негізінен іші де, сырты да қазақы, өз ұлтын мақтан ететін, бұл мақтаны отаншылдық, ұлтшылдық рухта жетілуіне жетелейтін, ұшқанда ұяда көргенін ілетін азаматтар өсіп шығады. Сондықтан да қазақы дәстүрлі отбасыларды ұлтымыздың басты ресурсы санаудың өзектілігіне назар аудар қажет-ақ. Бұл ресурсты сапалы ұлт болуымыздың бірден-бір кепілі деп те түсінуіміз керек.
Қазіргі таңда елімізде отбасы құндылықтарының маңызы жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Дұрыс-ақ. Бірақ айтылу бөлек те, оны игілікке айналдыру, осы тұрғыдағы сөз бен істі біріктіріп, оң нәтижеге қол созу басқа. Сондықтан, отбасы құндылықтарын қолдау, насихаттау бағытындағы науқандық немесе әлсіз шараларға иек артып, соған тоқмейілсіп отыра бермей, нақты, дәлірегі өміршең, өзегінде қозғалыс-бүлкіл бар, моралдық, экономикалық тұрғыда ынталандыру, көтермелеу жағы барынша қамтылған бағдарлама, жоспар – ауқымды жоба қолға алынуы тиіс. Мұны халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту шараларының бірі деп емес, түптеп келгенде тәуелсіздігімізді нығайту, баянды ету, мәнін арттыру мақсатында жасалған қадам деп түсінгеніміз абзал.
Тәуелсіздігімізді жан-жақты қорғау, маңызын көтеру үшін экономикалық және рухани инвестицияны мемлекетті құраушы негізгі құрам дәстүрлі отбасылардан, оның құндылықтарын ілгерілету, дамыту, насихаттау ісінен аямау керек.
Наурыз туар алдында бір күнді «Шаңырақ» деп белгілеуде осындай мән бар деп түсінеміз. Наурызда «Ұлыс оң болсын» деп бата беріледі. Ұлыс сөзі Отан, мемлекет деген мағынаны білдіреді. Демек бір шаңырақ астындағы отбасы да, Отан да бақытты болуға тиіс.