
Сурет: el.kz
Торғайдың ертеңіне алаңдап отырған жандардың қуанышында шек болған жоқ. Әлеуметтік желі де жағымды жаңалық әп-сәтте тарап кетті. Сонымен қатар одан әрі Арқалық қаласында әуежайды қалпына келтіру мен жаңа аэровокзал салу туралы бастаманы да ел ерекше қабылдады.
Сонау 90-жылдардың соңында жабылып қалып, кейін басқа облыстар ашылғанда әртүрлі себеппен Торғай облысы ашылмай қалғанда желдің өтінде, үміттің жетегінде жүрген ел азаматтары ғана емес, жалпы халық Президентке үмітпен қарап, бірнеше рет хат жазып еді.
Енді халық биылғы Алаш қайраткері М.Дулатұлының 140 жылдығы қарсаңында бір жаңалық болып қала ма деп отырғанда, Мемлекет басшысының бүгінгі аузынан айтылған жаңалықты ел қуана қабылдап қана қоймай, бұл келешекте Торғай облысы ашылуының алғашқы іргетасының қалануы ма деген үмітте отыр.
Жалпы, еліміздің ішкі өңірлерінің даму мүмкіндігін, әлеуетін айқындап арнайы бағдарламалар қабылдаса, түбегейлі өзгерістер жасалуына мүмкіндік туар еді. Торғай өңірі Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытуда сапалы астығы мен мал өсіру, ет дайындау хабы болуға толық мүмкіндігі бар. Жаңа жұмыс орындары ашылса, өңірге халық тұрақтап, көші-қон бәсеңдейді.
Сонымен қатар ел іргесіне келіп тұрған көгілдір отынның Торғайға тартылуы да елге үлкен демеу, жаңа экономикалық салалар мен бағыттардың қалыптасуына мүмкіндік береді.
Құрманғали ДАРКЕНОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры