Сурет: instagram.com/meiirzhan_auyelkhan/
Президенттің мәліметтерді сақтау және өңдеу үшін қуатты желілер құру туралы ұсынысы отандық жасанды интеллектінің дамуында деректер инфрақұрылымының маңыздылығын нақты түсінетінін көрсетеді.
Жасанды интеллекті технологияларын жаппай енгізу және цифрландыру үдерістерінің энергетикалық әлеуетке тікелей тәуелді екенін атап өткен Президент сөзімен толық келісемін. Себебі жасанды интеллект инфрақұрылымының тұрақты дамуы энергетикалық тұрақтылықты қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда еліміздің электр қуатын өндіруде өзін-өзі қамтамасыз етіп, экспортқа шығарушы елге айналу жоспары өте орынды.
Президенттің жоғары технологияларды мемлекеттік басқарудың барлық саласына енгізу туралы міндеті еліміздің технологиялық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор мүмкіндік береді. Алайда бұл үшін нақты құқықтық, техникалық және адам капиталын дамыту бойынша мемлекеттік деңгейде жүйелі жұмыс қажет.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының атап өткен төрт негізгі бағыты – цифрландыру және жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы – еліміздің инновациялық дамуының кешенді стратегиясы екенін көрсетеді. Осы салаларды жасанды интеллект технологиясымен біріктіру арқылы Қазақстан аймақтық қана емес, жаһандық деңгейдегі технологиялық көшбасшыға айнала алады.
Жалпы, Мемлекет басшысының осы мәлімдемесі еліміздің алдағы жылдардағы цифрлық трансформациясы мен жасанды интеллект саласының дамуына берік негіз қалайды.
Мейіржан ӘУЕЛХАНҰЛЫ,
ІТ сарапшы