
Жиынға «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы, Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев, Қорғаныс министрінің орынбасарлары, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары және қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің басшылары қатысты.
Қорғаныс министрі жауынгерлік дайындық, бітімгерлік қызмет, армияны техникалық жарақтандыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және мерзімді қызмет сарбаздары үшін қызмет жағдайларын жақсарту саласындағы жетістіктер туралы айтып берді. Ол сондай-ақ Қарулы күштердің жауынгерлік дәстүрлері мен рухани құндылықтарын сақтаудағы ардагерлер қызметінің маңызын атап өтті.
Р.Жақсылықов саланың бұрын жойылған жеңілдіктерді қалпына келтіру жөніндегі жұмысы туралы хабардар етті. Атап айтқанда, Қорғаныс министрлігі коммуналдық өтемақыға өзгерістер енгізуді, әскери қызметшілерге тегін жол жүруді және далалық төлемдерді қайтаруды ұсынып отыр. Сондай-ақ 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін жұмыстан шығарылған әскери қызметшілерге зейнетақыны индексациялайтын заң жобасы қарастырылып жатыр. Бұған қоса министр әскери қызметшілер мен ардагерлерге медициналық көмек пен санаторлық-курорттық емдеуді жақсарту шаралары қабылданып жатқанын хабарлады.
2024 жылы 100-ден аса әскери зейнеткер стационарлық ем алды. Ал 2 300-ден аса ардагер клиникалық-диагностикалық көмек алды. 2025 жылы санаторлық-курорттық емделуге 488 жолдама бөлу жоспарланып отыр.