Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады», деп атап айтып, алдағы уақыт сынына сындарлы жауап болып табылатын Жаңа Экономикалық Саясатты ұсынды.
Елімізді өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы экономикалық дағдарыстың қиын кезеңінен аман-есен алып шығып, тәуелсіз даму жолына түсіріп қана қоймай, дүниежүзіне танытқан Тұңғыш Президентіміздің келешекті көрегендікпен болжап, ықтимал тәуекелдердің алдын алу мақсатымен құрған Ұлттық қордың игілігін халқымыз алғаш рет 2007-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде көрген еді. Көптеген мемлекеттер қиыншылық құрсауында қалған уақытта Елбасымыздың басшылығымен жасампаздық істердің жалғаса түскеніне бәріміз куәміз.
Енді, міне, бүкіл әлем жаңа қатерлермен бетпе-бет келіп, жетекші державалардың санкциялық саясаты қай елге болсын салқынын тигізбей қоймайтыны белгілі болып, сын сағаты қайта соққан шақта Мемлекет басшысы «қауіпсіздік жастықшасы» болып саналатын Ұлттық қордың мол қаржысын тағы да ұтымды пайдаланып, Мәңгілік Ел болу мұратына жұмсауды ұйғарғандығын жариялады. «Осы жылдардың бәрінде шикізат өндіру мен одан түскен табыстарды біз осы қорға салып келдік... Қазір біз осы резервтерді пайдалануға тиіс болатын кезең туындап келеді. Бұл қаржы қиын уақыттарды еңсеріп, экономикамыздың өсімін ынталандыруға көмектесетін болады», деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасының тапсырмасымен осы жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері қайта қаралып, Үкіметтің алдына барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету міндеті қойылды. Бұл – алдағы уақытта халқымыздың әл-ауқатын төмендетуге жол берілмейді деген сөз.
Өз Жолдауында Президентіміз өмір өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі ретінде жол мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Елімізде алдағы кезде тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны ашылмақшы. Бұл халықтың жұмыспен қамтылуын елеулі түрде жақсарта түседі, жүк тасымалы да жеделдетіліп, ұлғайтылады, адамдар республикамыздың кез келген өңіріне тез және қауіпсіз жететін болады.
Осы орайда, өзім депутат болып сайланған Солтүстік Қазақстан облысында да ауқымды жұмыс атқарылмақшы. Бұрындары жылына көп дегенде жалпы ұзындығы 200 шақырымдай ғана автомобиль жолдары жөнделіп келген болса, облыстың жаңа әкімі Ерік Сұлтановтың бұл игі іске бюджеттен бөлінетін қаржы көлемін кемінде 50 пайызға ұлғайтуы есебінен жылына 700 шақырымнан астам жолды қалпына келтіруді ұйғарып отырғандығы құптарлық бастама.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытуға, қосымша инвестициялар тартуға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар құру мәселесін ойластыруды тапсырды. Туристік инфрақұрылымды дамытуды жеке бағыт етіп белгіледі. Бұл ретте Қызылжар өңірінде де қолға алынып жатқан жақсы бастамалар бар және олар лайықты жалғасын таппақшы. Индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бесжылдығы шеңберінде Индустрияландыру картасына Солтүстік Қазақстан облысынан жалпы сомасы 38 миллиард теңге болатын 31 жоба енгізілген болса, осы жылы басталып кеткен екінші бесжылдықта жалпы құны 100 миллиард теңгеден асатын 70-тен астам жобаны жүзеге асыруға ұсыныс жасалып отырғандығы – көңіл сүйсінтерліктей ұмтылыс.
Осы орайда, өңір басшылығының қолдауымен алғаш рет «Қызылжар Инвест-2014» халықаралық инвестициялық форумы өткізілгендігін Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасын орындауға бағытталған тың қадам деп білеміз. Алыс және жақын шетелдер өкілдерінің қатысуымен өткен бұл форум облыс экономикасын дамытуға оң серпін берері, шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдемін тигізері анық.
Табиғаты тамаша Қызылжар өңірінде туризмді дамытуға бүгінгі заман талабына сай жабдықталған демалыс аймақтарының болмауы және оларға баратын автомобиль жолдарының нашарлығы кедергі болып келгендігі жасырын емес. Осыған орай, алдағы уақытта облыстың көрікті жерлері орналасқан Айыртау, Шал ақын, Қызылжар және Есіл аудандарының туристік инфрақұрылымын басымдықпен дамытуға ерекше назар аударылып отырғандығын айта кеткен жөн.
Соның ішінде «Бурабай» ұлттық табиғат саябағының аумағына кіретін Айыртау ауданына баратын барлық жолдар алдағы 2 жылда қайта жаңартылмақшы. Ал 2015-2016 жылдары инвесторлардың қаржысы есебінен 60-қа жуық туристік нысан салу жоспарланғандығы көңілге үлкен үміт ұялатады. Осындай зор жоспар іске асырылса, Қызылжар өңірінде туризм саласы өркендеп, облыс қазынасын толықтыра түсетін табыс көзіне айналары, жүздеген адамды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етері айқын.
Елбасы өз Жолдауында еліміздің көптеген тұрғындарын толғандыратын ең көкейкесті мәселелердің бірі – қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге айрықша назар аударды. Алдағы кезде баспана алуға қажет бастапқы жарнаның талап етілмейтіндігі және несиенің төмен пайыздық мөлшерлемемен берілуі кез келген адам үшін елеулі жеңілдік болары сөзсіз. Осы мақсатпен Президентіміз 2015-2016 жылдарда жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көлемін қосымша 180 миллиард теңгеге ұлғайтуды тапсырды. Мұның игілігін солтүстікқазақстандықтар да көретін болады. Өйткені, Елбасының қамқорлығы арқасында облыста кезекте тұрғандар үшін пәтер беруді жоспарланғаннан бір жарым есеге дейін (513-тен 747 пәтерге дейін) көбейту көзделіп отыр.
Президент жаңа Жолдауында әлеуметтік саланы дамытуға да баса көңіл бөлді. Бұл бағытта Үкіметке, ең алдымен, апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешуді міндеттеп, осы мақсатқа қосымша 70 миллиард теңге қаржы бөлуді тапсырды. Демек, Солтүстік Қазақстан облысында да оқушыларды үш ауысымда оқытуға мәжбүр болып отырған Новоишим ауылы мен Тайынша қаласындағы қазақ орта мектептері ұжымдарының басты мұқтаждығы да оңынан шешілетін күн алыс емес.
Елбасы Жолдауы бүгінгі өміріміздің ең өзекті мәселелерінің бәрін қамтыды. Сөйтіп, ертеңгі күнге деген үмітіміздің отын лаулатып, жарқын келешекке жетуге құлшындыра түсті. Біз – Тұңғыш Президентіміз белгілеп берген Нұрлы Жолмен нық қадам басып, ұлы мұратымыз – Мәңгілік Ел болуға ұмтылып отырған бақытты халықпыз. Тек сол бақытымызды бағалай біліп, алдымыздағы сын кезеңде «Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара білетін» ынтымақ-бірлігімізді сақтау – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.
Серік БІЛӘЛОВ,
Сенат депутаты.