Байлық пен жоқшылық қайшыласқан заман
бүгінгі күнгі жаһанның ең күрделі де келелі проблемаларының бірі Жер бетіндегі байлық атаулының тең жартысына жуығы адамдардың аз шоғыры қолдарына жиылып, планета тұрғындары басым бөлігінің жоқшылық шеңберінде тұрып жатқандары, сондай-ақ әлемдегі мемлекеттердің көпшілігінің қарыздың құрсауына әбден шырматылып қалғаны болып отыр. Бұл өзекті екі мәселенің екеуі де адамдар арасындағы әлеуметтік қайшылықтарды бұрынғыдан бетер өршіте түсетін фактор болмақ. Болашақта жұртшылықтың қалың тобының қолдауымен орын алатын бой көтерулер мен бұлқыныстардың дені осы жайттар төңірегінен туындайтынында күмән жоқ. Ал жылдан жыл ұзаған сайын бұл екі арадағы алшақтық пен өсімнің көлемі қарқындап ұлғайып, қарыштап өсіп барады.
Қазынаның жартысы дәулетті адамдардың қолында
Үстіміздегі жылғы қаңтар айының 19-ындағы мәлімет бойынша, Жер бетіндегі барлық байлықтың жартысына жуығы адамдардың 1 пайызының қолдарына шоғырланып қалғаны белгілі болды. Осының есебін жүргізген кедейшілікпен күрес жөніндегі Oxfam агенттігі алдағы уақыттарда бұл деңгейдің тек жоғары қарай өсе беретінін де болжап отыр. Олай болатыны, байлықты байлыққа ұрып, оның қатарын қомақты ете түсушілердің үлесі соңғы жылдары өте тез өсіп келеді. Онысы түсінікті де. Ақшаның ауқымы көбейген сайын оның қосқан әр пайыз таза табысының көлемі де көп болады. Міне, осылайша, 2009 жылы бар айлықтың 44 пайызын иемденген қазіргі заманның байлары былтыр оны 48 пайызға дейін жеткізген. Сарапшылар енді тым алысқа ұзамай-ақ, 2016 жылы «шіріген байлардың» еншілері 50 пайыздық мөлшерден емін-еркін асып кететінін айтады. Бұдан арғысы тура «табаға түскен майдай» болып сырғып ала жөнелмек. Демек, шектен шыққан бай мен шетке шыққан кедейлердің ара-жігі бірте-бірте барынша кеңірек ажырай түспек. Бұл, сөз жоқ, екі дүниенің арасындағы қақтығысты, текетірес пен тайталасты, ұрыс-керіс пен соғысты көбейтпесе, азайта қоймайды. Сол замандарда кез келген жерде, кез келген күні «араб көктемі» секілді буырқаныстар мен бұлқыныстар бұрқ етіп жатса, таң қала да қоймайтын шығармыз.
Зерттеушілер еңбегінің қорытындылары бұл жолы тура Давоста өткен дәстүрлі жыл сайынғы Бүкіләлемдік экономикалық форум басталардың қарсаңында ғана дайын болды. Осы алқалы жиында сөз алған Oxfam ұйымының атқарушы директоры Винни Байаниима байлар мен кедейлер арасындағы мынадай алшақтықты шұғыл қысқартпаса, әлемдік апат болғалы тұрғанын жайып салды. «Мұндай зор алшақтық естен тандырарлық жағдай», деп бағалады ол. Осыған орай ұйым басшысы мұндай теңсіздікті шешу үшін барлық елдердің үкіметтерін жеті тармақтан тұратын жоспар құруға шақырды. Бұлардың арасында салық төлеуден жалтаратын компаниялармен барынша батыл күрес жүргізу мен күнкөрістің ең төменгі мөлшерін қайта қарау мәселелері де айтылды. Ол Давоста өткен жылы өткен форумда да жұрт құлағын елең еткізетін деректерді алға шығарып еді. Атап айтқанда, әлемдегі ең бай деген 85 адам кедей кісілердің 50 пайызының (3,5 млрд. адам) қолына жиналған мүкәмалдар мен ақшаға пара-пар келетін байлыққа ие болып отыр. Бір жылдың ішінде бұған да өзгеріс еніп үлгерген. Енді кембағал жұртшылықтың тең жартысының жиған-тергеніндей дүние әлемдегі ең бай саналатын 80 адамның қолында тұр.
Кедейлер қатары көбейіп келеді
Бүгінде Жер шары жұртының жартысынан астамы өте кедейшілік қалыпта тұрады. Олардың жеке мүлік-мүкәмалының номиналды бағасы 2,2 мың доллардан аспайды. Ал Бүкіләлемдік банктің бағалауы бойынша, күніне 2 доллардан да кем ақшаға өмір сүретіндердің саны қазір 2,5 - 3 млрд. адамды құрайды. Соның ішінде шектен тыс кедейліктің теперішін көріп, күн сайын 1 доллар да шығын шығара алмайтындар қатары 1-1,2 млрд. адамға шамаласады. Басқаша айтқанда, планета тұрғындарының 40-48 пайызы кедей тұрса, 16-19 пайызы өте-мөте кедейшілік қалпын кешіп келеді.
Бір назар сала кететін жайт, XX ғасырдың 80-ші жылдарынан XXI ғасырдың бас жағына дейін Жер бетінде өте кедей тұратындардың мөлшері шамамен 200 млн. адамға азайыпты. Бұған дені Қытайдағы сіңірі шыққан кедейлердің күрт кемуі негізінде қол жеткізілген. Ал 90-шы жылдардың басында әлемдегі екінші тұрғыны көп ел – Үндістанда ең кедей тұратындар көлемін қысқартуға бағытталған пәрменді шаралар қолға алынды. Мұның есесіне, Африканың оңтүстік Сахарасы өлкесі жағында соңғы 20 жылда кедей-кепшіктер көлемі күрт көбейіп кетті. Бүгінгі таңда әлемдегі қас кедейлердің үштен екі бөлігі әлі де Шығыс және Оңтүстік Азия елдерінде, төрттен бір бөлігі Африка Сахарасының оңтүстігінде тұрады. Ал жекелеген елдерді алып қарасақ, олардың көпшілігінде кедейлік деңгейі өте-мөте шеткі шекке келіп тұр. Мысалы, осы ғасырдың басында Замбия тұрғындарының 76 пайызы күніне 1 доллар да жарата алмайтын болып қалыптасты. Нигерияда бұл көрсеткіш – 71, Мадагаскарда – 61, Танзанияда 58, Гаитиде 54 пайызды құрайды. XX ғасырдың 90-шы жылдарынан мұндай кедейшілік қамыты бұрынғы социалистік елдер лагеріндегі елдерге де іліне бастады. Мысалы, қазіргі Молдовада жұрттың 64 пайызы кедей, 22 пайызы өте кедей саналады. Моңғолиядағы көрсеткіш бұдан да жоғары. Ол тиісінше 75 және 27 пайыздарды еншілейді.
Қазір ғалымдар мен мамандар осы кедейшілік құрсауынан қалай шығуға болатыны жайын да талқылап жатыр. Олардың пайымдарынша, кедейшілікті шешудің ең басты факторы экономикалық өсім болмақ. Өйткені, экономикалық өсім ғана мемлекеттің жалпы ұлттық табысы көлемін арттыра алады. Осының арқасында тұтыну қоры қалыптасады. Сонымен бірге, экономикалық өсім қаншама қарқынды болғанымен, кедейшіліктің көлемін сол қалпында ұстап тұруға да болады. Бұл негізінен сол нақтылы мемлекеттің демографиялық өсімімен тығыз байланысты. Мұның мәнісі, біршама тәуір жасалып келе жатқан экономикалық өсім халық санының артуына ілесе алмай қалады. Мұндай жағдайды, мәселен, Нигерия бастан кешуде. Сондықтан бұл елде қазір жалпы ішкі өнімнің өсуінен келіп жатқан табыстың рахатын аттөбеліндей байлар ғана көріп отыр.
Кейінгі жылдардағы тәжірибелер қазір өте өткір саналып тұрған кедейшілік проблемасын жекелеген бір елдердің күш салуымен шешудің аса қиынға түсетінін айғақтап берді. Сол себепті де оны әлемдік ауқымда алып қарастырып, халықаралық деңгейді көтермей, жоқшылықтың ошағын жойып жіберуге болмайтыны белгілі болып қалды.
Қарызға белшеден батқан мемлекеттер саны да көп
Бүгінгі берекесі қашқан кезеңде бай мен кедейдің ара-жігі бір-бірінен қалай тез ажырап бара жатса, әлемдегі мемлекеттердің қарыздары да солай өскен үстіне өсе түсуде. Әлбетте, бұрнағы жылғыға қарағанда, былтырғы қаржы жылы біршама табысты болған сияқты. Бірақ бұл мемлекеттер арасындағы қарыздың мөлшері арта түсуіне титтей де әсер ете алған жоқ. Мұны McKinsey Global Institute компаниясы шығарған есеп те дәлелдей түседі. Оның тексеруі бойынша, мемлекеттердің қаржы дағдарысынан кейінгі қарызы бір жыл ішінде тағы 57 триллион долларға артқан.
Есепте әлемнің экономикалық жағынан барынша жоғары елдері жалпы ішкі өнімнің мөлшерін рецессия мен қаржы дағдарысына дейінгі, 2007 жылғы деңгейді сақтап қалған. Сонымен бірге, жалпы әлемдік қарыздың көлемі 2014 жылдың екінші тоқсанында $199 трлн.-ға жеткені айтылады. Осы аралықта қарыз ауқымының айтарлықтай өзгерістерді де бастан кешкені бар. Егер салыстырып қарасақ, бұл 2007 жылы $142 трлн. болса, 2000 жылдың соңында 87 трлн.-ға дейін түсіп еді. Бұдан кейін қарыз қайтадан көтерілу жолына түсті. Жоғарыдағы баяндамада бұған үш түрлі фактордың әсер еткені атап көрсетіледі. Біріншіден, мұның негізін мемлекеттік қарыздар құраған. Екіншіден, тұрғындардың ұдайы қарызға батуы артқан. Бұған қоса, Солтүстік Еуропа мен бірқатар Азия елдерінде тұрғын үйлер бағаларының күрт көтерілулері орын алған. Үшіншіден, Қытайдың қарызы бұрынғысынан 4 есеге ұлғайған. Мұнда тек мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар, тұрғындар мен корпорациялардың да қарыздары есепке алынады. Міне, осының кейінгісінің соңғы уақыттары қатты өсе бастағаны да байқалады. Тек АҚШ, Ұлыбритания, Ирландия, Испания секілді елдерде ғана дағдарыс басталғалы тұрғындар қарыздарының деңгейі төмен түскен. Ал басқа елдерде бұл көрсеткіш керісінше көтеріліп кеткен. Мысалы, Австралия, Канада, Дания, Швеция, Нидерланд, Малайзия, Оңтүстік Корея және Таиланд сияқты елдерде бұл айрықша байқалған.
Әлем әзірге осындай бір-біріне кереғар күйді кешіп келе жатыр.