Әлем баспасөзі бір күннен бір күнге бергісіз оқиғалардың тізбегін тоқтаусыз ұсынып жатыр. Интернет желісінде демалыс деген атымен жоқ. Мезгілдің қай уағында ашып қалсаң да, ондағы қарақұрым қаптаған ақпарат агенттіктері мен порталдарынан жарқ етіп шыға келеді. Қайсысын басып қалсаң да, жаңалықтың небір түрін көресің.
Әлбетте, жаңалықтың да жақсысы мен жаманы бар. Сонымен бірге, мұның екеуіне де жатқызуға келмейтін, бірақ адамды ойлануға еріксіз мәжбүр ететін, бүгінгіңді ойлай отырып, ертеңіңе көз жүгіртіп қоюға себеп болатын таспа жолдар да жеткілікті. Бұларға қарап тұрсаң, «Бағдадта бәрі тып-тыныш» деп айтуға болмайтынын ұғынасың. Сондықтан солардың бірқатарын сіздерге оқуға ұсындық.
Британия депутаты Латвияға Еуроодақтан шығуға кеңес берді
«Ұлыбританиядағы біріккен корольдік тәуелсіздігі партиясы (UKIP) атынан сайланған парламент депутаты Дуглас Карсвелл Латвияға Еуроодақтан шығу туралы ойлануға кеңес берді», деп жазды The Times басылымы.
Саясаткер 2017 жылы Ұлыбританияда мемлекеттің Еуроодақта бұдан әрі болу-болмау мәселесін талқылайтын референдумның өткелі тұрғанын айта келіп, ЕО-ның басқа елдеріне, соның ішінде Латвияға да осы тұрғыда Ұлыбританиядан үлгі алудың дұрыс болатынын білдірді. «Ұлыбритания ЕО-ны тастап кеткен кезде басқа елдер де бұл турасында ойланады деген үміттемін. Олардың өз елдеріне өздері қожайын болулары керек. Біз сіздерге жақсы көрші бола алар едік, еркін сауда жөнінде және басқа да мәселелер бойынша келісімдер жасар едік», – деді ол.
Латвия Еуропа одағына 2014 жылғы 1 қаңтарда кірді. Бірқатар сарапшылар одақтың кеңейе түскенінен тек проблемалар ұлғая береді, дегенді айтады. Себебі, біртұтас валюта одағына кірген мемлекеттер өздерінің бұрынғы экономикалық түйткілдерін толық шешіп біткен жоқ. Бұған қоса, Еуроодақтың жетекші ойыншылары жаңа салық түрлерін енгізуден бастап, сыртқы бағытты таңдап алуға дейінгі аралықтағы көптеген мәселелер бойынша бір-бірлерімен келісімге келе алмайды.
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон өзінің партиясы 2015 жылғы мамыр айында өтетін сайлауда жеңіске жетер болса, 2017 жылы Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу мүмкіндігін қарастыратын референдум өткізуге бірнеше рет уәде беріп қойды. Ал қоғамдық пікірді зерттеудің ең соңғы мәліметтері Ұлыбританияның ЕО құрамынан шығуын қалайтын ел тұрғындарының саны 42 пайыз болса, одақта қалуды жақтайтын жұрттың мөлшері 37 пайыз екенін көрсетті.
Марин Ле Пен: АҚШ-тың мақсаты – Еуропада соғыс ашу
«Француздың «Ұлттық майдан» партиясының лидері Марин Ле Пен Еуропа саясаткерлерінің Украинадағы жағдайға байланысты мінез-құлықтарын сынға алды», деп хабарлады Le Figaro газеті.
Ле Пен өзінің Twitter-дегі микроблогына «Еуропа саясаткерлерінің бәрі бар мақсаты «кәрі құрлықта» соғыс ашу болып отырған Вашингтонның ықпалында кетті», деп жазды.
«Украинаға келер болсақ, біз мұнда өзімізді америкалықтардың малайлары сияқты ұстап жүрміз. Еуропа астаналарына бұл мәселеде АҚШ-қа тәуелді болмаудың жолын табатын кемеңгерлік жетіспей тұр», – деп атап өтті ол. Сонымен қатар, Ле Пен украин үкіметін «бейбіт тұрғындарды бомбаның астына алғаны үшін» айыптады. «Еуропа бұл жанжалды шындыққа келгенде, ауыздарын ашпауды жөн көріп отыр», – деп ойын тарқатты бұдан әрі.
«Американың мақсаты НАТО-ны Ресейдің шекарасына апарып қою үшін Еуропада соғыс ашу», – деп жазды «Ұлттық майданның» лидері. Оның ойынша Украинадағы жағдай тек қана дипломатиялық жолмен шешілуі тиіс.
«Ұлттық майдын» 2014 жылғы наурызда өткен муниципалитет сайлауында 6,8 пайыз дауыспен үшінші орын алған еді. Ал Еуропарламенттің соңғы сайлауында бұл органдағы орны санын 3-тен 22-ге жеткізді. Өткен жылдың қараша айында Ле Пен партия басшылығына қайта сайланды.
Еуроодақ Ресейге қарсы санкция салдарынан 21 млрд. еуро жоғалтты
«Еуроодақ Ресейге қарсы салынған санкциялар салдарынан 21 млрд. еуроға жуық қаржы жоғалтып отыр. Испанияның сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Гарсия-Маргалью осылай деді», деп жазды Marca газеті.
«Санкциялар біздер үшін тым қымбатқа түсті. ЕО дәл қазіргі сәтке дейін одан 21 миллиард еуро жоғалтты. Біз Испанияда ауыл шаруашылығы мен туризм саласында қатты зардап шектік», деді министр.
Еске сала кетейік, Украинадағы оқиғалардың шиеленісуі салдарынан АҚШ пен Еуроодақ алдымен Ресейдің жекелеген тұлғалары мен компанияларына қарсы санкциялар енгізді, сосын экономиканың тұтас секторларына қарсы шектеу шараларын қолдана бастады. Ресей бұған жауап ретінде АҚШ-тан, Еуроодақ елдерінен, Канададан, Австралиядан және Норвегиядан келетін тауарларға тоқтау салды. Мұндай тыйым салынған азық-түлік өнімдері қатарында сиыр еті, шошқа еті, құс еті, шұжық, балық, көкөніс өнімдері, жеміс-жидек, сүт өнімдері болды.
Бұдан бұрын Ресей президенті Батыс елдерінің Ресейге қарсы енгізіп жатқан санкциялары елге шығын мен зиян әкелгеніне қарамастан, олардың өздері үшін де тиімді болмайтынын айтқан еді.
Қуатты жанартау Американы жойып жіберуі мүмкін
«Америкада адам айтса нанғысыз апаттың орын алып қалуы ықтимал. АҚШ-тың Йеллоустон қаласы маңындағы супервулкан құдайдың кез келген күні бұрқ ете қалатындай болып тұр», деп жазды Chicago trimune газеті.
Ғалымдар жанартаудың атқылауынан бүкіл әлемдегі ауа райының күрт өзгеріп кетуі мүмкін екенін айтып отыр. Оқымыстылар вулканды көп жылғы зерттеудің нәтижесінде осындай шешімге келді. Тек 2014 жылдың өзінде осы маңда 2 мың реттен аса жер сілкінісі болған. Ал Йеллоустон супервулканы әрбір 30 мың жылда бір рет оянып тұрады. Соның келесі кезеңі осы уақытқа тура келіп тұрған сияқты.
Жанартау атқылауының қауіптілігі оның Американың солтүстік бөлігін басып қалатынында ғана емес, содан кейін Жерге орасан зор мөлшерде радиация келіп түседі. Ол «ядролы қысты» әкеледі. Жоғарыда озон тесігі пайда болады.
АҚШ вулканологы Хэнк Хесслер алдағы екі аптаның көлемінде жанартаудың атқылай бастайтынын болжап отыр.
Батыс Роуханидің отставкасын ұйымдастыруға мүдделі
«Иранның сыртқы істер министрлігі Батыстың қазір елдің президенті Хасан Роуханиді отставкаға жіберуге қатты ынталы болып отырғанын мәлімдеді», деп жазды Reuters агенттігі.
Иран сыртқы істер министрі Мухаммед Джавад Зариф АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кездесуі кезінде ядро бағдарламасы бойынша мәмілеге келе алмау «прагматик президент Хасан Роуханидің құлауына» алып баратынын жеткізді.
Reuters хабарлағандай, Иран шенеуніктері бұл әңгімені Зарифтің Батыстың басқа да дипломаттарымен кездесуі кезінде де көтерген. Ол сонымен бірге Роуханидің орнына президент тағына консервативті шеңбердің өкілдері келетінін білдірді.
Батыс Иранмен бұл саладағы келіссөздің сәтсіз аяқталуы Роухзаниге залал келтіретінін мойындағанымен, Зарифтің бұл сөзі тек тактикалық қулық болуы мүмкін дегенді айтып отыр. Америка жағы сондай-ақ Зарифтің Керримен кездесуінде мұндай әңгіме айтқанын да жоққа шығарды.
Гаити халықаралық көмекке зәру
«Жер-әлемді опан-топан еткен сұмдық зілзаладан кейін Гаити күлден қайта тұрғандай енді ғана есін жиып келеді», – деп жазды Швейцарияның Tribune de Jeneve газеті.
Сол жер сілкінісінде 250 мың адамы топырақтың астында қалған ел әлі де қирандылардың ортасында тұрып жатыр. Ал халықаралық қауымдастық уәде еткен көмектің көп бөлігі құрғақ сөз күйінде қалып қойды. Егер өлместің күнін көріп келе жатқан бұл ел халқының осы кезге дейін аман-есен тұруларына Венесуэла мұнайының біраз септігі тиді. Бірақ бұл қашанға дейін созылады?
Бұдан бес жылдан сәл ғана бұрын, 2010 жылғы 12 қаңтар күні Гаитидің астанасы Порт-о-Пренс қаласына жақын жерде күшті жер сілкінісі орын алды. Санаулы ғана секундтар ішінде негізінен кірпіштен салынған үйлердің қатты қағаздан құрастырылған үйшіктер сияқты тас-талқан болды. Солтүстік жарты шардағы ең кедей елдің тұрғындары осылай заматында қатты бір қаһардың астында қалды.
Содан кейін Гаитидің қоғамдық ғимараттары мен ірі сауда орталықтары сейсмикалық жағынан шыдамды етіліп, қайта тұрғызылып шықты. Ал тұрғын үйлерге келсек, мұны айтуға болмайды. Оны әркім өзінің шамасы жеткенше, қайта тұрғызып алып жатыр. Бірақ олар тағы да баяғы қалыптарына басып, баспаналарды қалай болса солай етіп соғып жатыр.
Мұны Швейцарияның даму және ынтымақтастық дирекциясы (DEZA) портал тілшісіне берген сұхбатында ерекше атат өтті. Елде көптеген үгіт және ағарту науқандары өткеніне қарамастан, жұрт баяғыша үйлерді құрылыстың қарапайым ғана нормалары мен ережелерін сақтап салудың өзіне оншалықты құлықты болмай отыр. Ал техникалық қауіпсіздік туралы сөз етудің өзі артық.
Зілзаланың салдарынан мұнда 1,5 млн. адам біржола баспанасыз қалған болатын.
Айқарма бетті дайындаған
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».