Пікір • 19 Наурыз, 2025

Төте жол – тіршіліктің қайнар көзі

37 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көкшеде өткен Ұлттық құрылтайда Президент Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халық­ара­лық көлік бағытына тікелей шығатын автомобиль жо­лының құрылысын іске асырудың басталғаны туралы ха­бар­лады. Халық бұл төте жолдың тартылуын көптен бері күтіп жүр.

Төте жол – тіршіліктің қайнар көзі

Сурет: mail.kz

Бұл жобаны іске асыру елдің орталық және батыс өңір­лері арасындағы жолды 560 шақы­­рым­ға қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар осынау ауқымды жоба бүкіл Торғай өңі­рінің дамуына үлкен серпін сыйлайды. Ол туралы Мемлекет басшысы арнайы тоқталып өтті.

Жол өңірдің ауыл шаруашы­лы­ғы өндірушілеріне өте тиімді болмақ. Шаруалардың Астана агломерациясы мен елдің батыс облыстарының нарығына қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Неліктен бұл жоба еліміз үшін маңызды? Өйткені біз сияқты халық шашырай қоныстанған елдің өңірлер арасындағы байланысын күшейту өте маңызды. Тиімді жол байланысы орнағанда ғана сауда-саттық жақсара түседі, керуен-керуен көш ағылады. Аймақ аралық тауар тасымалы экономикаға қан жүгіртіп, азаматтардың табысы артады. Бұл бер жағы ғана. Үлкен тұр­ғы­дан алғанда халықаралық көлік дәлізіне қарай бет түзейтін маршрут­тардың аяқ алысы жеңіл­деп, шет мемлекеттер үшін біздің транзиттік мүмкіндігіміз арта түседі. Инвестициялық тар­тым­дылығымыз да сөзсіз, молаяды.

Дамыған көлік жүйесі – экономикалық өсімге, макро­өңір­лерді біртұтас эконо­микалық жүйеге интегра­циялауға, қа­шықты қысқартуға және биз­нестің шығындарын азайтуға, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қажетті жағ­дай­лар туғызады. Сондықтан елдің аумақтық-кеңістіктік сая­сатының басым­дықтарының бірі өңірлердің көліктік байланысын қам­та­масыз ету болып отыр. Орталық өңірді батыс аймақпен байланыс­тыратын жолды салу Орталық – Батыс дәлізін және елдің бірыңғай көлік қабыр­ғасын қа­лып­тастырудағы маңыз­ды қадам болмақ.

Әрине өңірлер арасындағы дамыған көлік байланысын орнатпай елдің көлік қабырғасын нығайту мүмкін емес. Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз бағыты бойынша Транскаспий халықаралық көлік бағытына шығатын Орталық-Батыс дәлізі Астананы батыс өңірлермен жалғайды. Тиісінше, айтылған бағыттардағы тіршілікті әлде­не­ше есе жандандырады. Бұл өз кезегінде орталық және батыс өңір арасындағы жүк айналымын ұлғайтуға, олардың кооперациясына, автомобиль, теңіз және теміржол көлігі тасымалдарын интеграциялауға жағдай жасайды. Бұдан басқа, отандық өндірушілер үшін елдің теңіз порттары арқылы жаңа өткізу нарықтары қолжетімді болады.

 

Нұрболат Құрметұлы,

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының
директоры