Саясат • Кеше

Әйелдер мәселесі талқыланды

38 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева бастаған Қазақ­стан ­делегациясы БҰҰ Әйелдер жағдайы жөніндегі комис­сия­сының 69-сессиясына қатысып жатыр. Бұл жиын гендерлік тең­дік жөнінен халықаралық тәжірибе алмасудан бөлек, «Әділетті Қазақ­стан» құруға және адам құқықтарын қорғау тетіктерін же­тіл­діруге бағытталған ауқымды реформаларды әлемдік қауым­дас­тыққа таныстыруға мүмкіндік берді.

Әйелдер мәселесі талқыланды

Фото: instagram.com/mazhilis.kz/

БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өтіп жатқан сессия 10 нау­рызда басталған. Отырыстың негізгі тақырыбы – Бейжің декларациясы мен Іс-қимыл платформасын іске асырудағы үдерісті бағалау. 1995 жылы Әйелдердің жағдайы жөніндегі төртінші дүниежүзілік конференция­да қабылданған құжат бүкіл әлемде гендерлік теңдікке қол жеткізуде 12 басым бағытты айқындайды.

Дания Еспаева сессияның жалпы пікір­таластарында сөйлеген сөзінде БҰҰ-ның жауапты мүшесі ретінде Қазақстанның гендерлік тең­дік саласындағы міндеттемелерді орын­дауға бейілді екенін және елдің «орта держава» ретін­дегі мақсаттарына қол жеткізу үшін әйел әлеуетін пай­далануға мән беретінін атап өтті. Ол Қазақстанның осы сала­дағы прогресін, әйел құқығы мен мүм­кіндіктерін кеңейту жөніндегі алдағы шаралары туралы кеңінен айтып берді. Сондай-ақ 4 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының Алматыда БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі орта­лығын құру туралы қарарының қабыл­данғанын еске салды.

Бейжің конференциясының 30 жыл­дығына арналған министр­лердің дөңгелек үстелінде Қазақстан делегациясының басшысы еліміздің Бейжің декларациясын іске асыру­дағы жетістіктері, атап айтқанда, әйел­дер үшін тыйым салынған кәсіп­тер тізімінің жойылғаны, көпбалалы кәсіпкер нәзік жандарға арналған грант­тар жүйесі, отбасының цифр­лық кар­тасы және Ұлттық қордан бала­ларға төленетін төлемдер жөні­нен дерек­тер келтірді.

Ал Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Президент жанындағы Әйелдер істері жөнін­дегі ұлттық комиссияның мүшесі Снежанна Имашева «Парламентаралық одақ­тың әйелдердің саясатқа қатысуын кеңейтудегі парламенттердің рөлі» атты сес­сияда арнайы сөз сөйлеп, ел билігіндегі ген­дер­лікке бағдарланған бастамалар­ды тізбектеді. Депутат заң шығару мәсе­лелері бойынша басқа елдерден келген әріп­тес­термен тәжірибе алмасып, әйел құқығы және оларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәсе­лелері төңірегінде ұлттық заңнамаға озық әлемдік тәжірибені енгізіп жатқанын атап өтті.

Жалпы, еліміз кейінгі жылдары гендерлік теңдік саласындағы халықаралық рейтингтерде айтар­лықтай прогресс көрсетіп келеді. Мәселен, дүниежүзілік эконо­микалық форум­ның 2023 жылғы «Global Gender Gap Report» есебіне сәйкес, Қазақстан гендерлік теңдік индексінде 146 елдің ішінде 62-орынға жайғас­қан. Осылайша, бірауыздан Орталық Азия аймағында көш бастап тұр. Бұл көрсет­кіш негі­зінен білім беру, денсаулық сақтау және эко­но­ми­калық мүмкіндіктерді кеңей­ту сала­­ларындағы жетістіктерге негіз­деліп­ті.

Бүгінде еліміздің қоғамдық саяси­ өмірінде әйелдердің белсенділігі артқаны байқалады. Мемлекеттік қызмет­керлер арасында қыз-келін­шек­тердің үлесі 56%-ға жуық­тайды. Бірақ жоғары басшылық лауазымдарда олардың саны әлі де аз. Шамамен 9 мыңнан астам. 21 министрлікте 3 әйел министр, 8 вице-министр және 3 аппарат басшысы бар. Президентке тікелей бағынатын 14 мем­лекеттік органда 6 әйел басшылық қыз­мет­ атқарады. Сот жүйесінде 1 248 әйел-судья еңбек етеді. Қазақстан Пар­ламентіндегі де­пу­тат­тардың 28-і – нәзік жандар. Ал мәсли­хат­тарда шамамен 3,5 мың әйел жұмыс істейді.

Осы деректерді негізге ала, «БҰҰ-әйел­дер» құрылымының қолдауымен Қазақ­стан делегациясы Өзбекстанмен бірлесе Орталық Азияда гендерлік теңдікті ілгері­летуге арналған тақырыптық отырыс өткізді. Іс-шараға мүше мемлекеттердің деле­гат­тары, БҰҰ, үкіметтік емес ұйымдар мен академиялық орта­ның, соның ішінде Қазақстан мен Орта­лық Азия өкілдері қатысты. Олар интерактивті пікірталаста Бей­жің конференциясының мақ­сат­­тарын іске асыруда аймақ елде­рінің жетістіктерін, жалпыға ортақ гендерлік теңдікке қол жеткізу жолындағы кедергілер мен сын-қатерлер турасында ой қозғады.

Айта кетейік, БҰҰ Әйелдер жағ­дайы жөніндегі комиссиясының 69-сессиясы 21 наурызға дейін жалғасады.