
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық құрылтайдың VI отырысында
Президенттің айтқан негізгі ойлары қоғамда кеңінен талқылануда. Бұл тұжырымдар еліміздің ғылыми ортасы мен жоғары оқу орындары үшін де аса маңызды деп білемін.
Қазақстандағы алғашқы және ең көне университет – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (Abai University) үшін Мемлекет басшысының Абай институттарын «Конфуций, Гёте, Сервантес институттары үлгісіндегі толыққанды мәдени-ағартушылық мекемелер желісіне айналдыру» туралы айтқан сөзі ерекше мәнге ие.
Шын мәнінде, Абай институттары бүгінде Қазақстанның басты серіктес елдеріндегі мәдениет елшісіне айналуы тиіс. Бұл – тек әлем танитын ұлы ақынның және қазақ ойшылының 180 жылдығы қарсаңында оның мұрасын дәріптеу ғана емес, сондай-ақ ұлттық рухты кеңінен насихаттайтын маңызды идеологиялық бастама.
2011 жылдан бері халықаралық деңгейде Abai University шет мемлекеттегі серіктес жоғары оқу орындарының базасында 7 халықаралық Абай орталығын ашты. Бүгінде Түркия, Польша, Қытай, Вьетнам, Ресей және Өзбекстанда жұмыс істейтін бұл орталықтардың басты мақсаты – қазақ мәдениетін, қазақ тілін және ұлы ағартушы Абай Құнанбайұлының мұрасын насихаттау. Сонымен қатар, орталықтарда танымдық іс-шаралар, мәдени һәм ғылыми семинарлар, Қазақстанның тарихы мен мәдениеті бойынша сабақтар өткізіледі. Бұл орталықтар бюджеттен тыс қаражат есебінен және шетелдегі Қазақстандық елшіліктердің (мысалы, Самарқанд мемлекеттік университетіндегі Абай орталығы – Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің қолдауымен) және отандық бизнес құрылымдарының демеушілігімен ашылды.
Президенттің бастамасын толық қолдай отырып, біз Абай институттарының жаһандық желісі Қазақстанның халықаралық ғылым мен білім беру кеңістігіне енуіне, еліміздің имидждік саясатын дамытуға зор үлес қосады деп санаймыз. Сонымен қатар, бұл институттар қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің негізін қалаушы – ана тіліміз қазақ тілі мен мәдени мұрасын насихаттаудың тиімді алаңына айналып келеді. Қазақ тіліне деген қызығушылық та артып келеді. Мәселен бүгінде әлем бойынша 16,741 миллион адам қазақ тілінде сөйлейді.
Осылайша, Абай институттары қазақстандық мәдениеттің жаһандануына, білім және ғылым саласындағы халықаралық ықпалдастықтың күшеюіне, сондай-ақ дипломатиялық байланысты нығайтуға ықпал ететін маңызды құралға айналады деген сенім мол.
Ал Abai University, педагогикалық білім берудің жетекші ғылыми-әдістемелік орталығы ретінде, қазақстандық университеттер мен мәдени ұйымдардың халықаралық деңгейдегі күш-жігерін біріктіруге ұйытқы бола алады.
Бірлік пен ұлттық жаңғыруды мақсат тұтқан алқалы жиын Ұлттық құрылтайды Президент алдағы уақытта Сыр өңірі Қызылордада өткізу туралы шешім қабылдады.
Болат Тілеп, Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор